04 Маусым, 2010

ЖОЛ ЖӨНДЕЛСЕ ЖАҚСАРАДЫ

802 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Бүгінде күнделікті қарбалассыз жұмысың бітпейді. Демек, жол- көлік қыжалатын бастан өткер­меген жан кемде-кем. Осы мақаланы жазу барысында респуб­ли­калық, облыстық деңгейдегі күрежолдардың жағдайымен танысуға мүмкіндік туды. Облыс орталығы Талдықорған мен Алматы қаласын жалғастыратын 245 шақырым арақашықтықта жүздеген автокөлік әрі-бері күн сайын тоқ­таусыз ағылады. Қыс пен көктем айларында жолдың сапасыз­ды­ғынан қарғы адым жүре алмаған көлік жолаушы жүйкесін жұ­қарт­қанын жырдай ғып айтатындар жеткілікті. Дабылдан кейін осы бағыттағы жолдар сәл болса да ретке келтіріліпті. Автомобиль жолдары комитеті облыстық департаменті бойынша өткен жылы атқарылған жұмыс пен биылғы жылдың жоспарына да назар аудардық. Департамент 2519 шақырым республикалық маңызға ие автокөлік жолдарының талапқа сай болуын қадағаласа, олар бәрі де оңынан оралып, жөндеу жұмыс­тарында ешбір олқылық жоқ дейді. Дегенмен, ақ қағаздағы “тап-тұйнақтай” жұмыстың шын мә­ніндегі жағдайын жолаушы қауым көріп те, бастарынан өткізіп те жүр. Автокөлік жолдары комитеті облыстық департаментінің дирек­торы Ержан Жасыбаев респуб­ликалық маңыздағы жолдардың ағымдағы жөндеу, жолды күтіп-ұстау және көгалдандыру жұмы­с­тарын атқару “Қазақавтожол” республикалық мекемесі облыстық филиалының құзырында екендігін айтады. Осы мекемемен жыл сайын еліміздегі “Мемлекеттік сатып алу” Заңы аясында келісім-шарт жасалады. Мәселен, өткен жылы “Кешенді бағытты бағдарлама” бойынша олар шұқырларды жою, жол белгілерін, қоршауларды, ескертпе, шақырым бағандарын орнату, жол-белгі сызығын жасау, тағы басқа қыруар жұмысты жүзеге асырған. Дегенмен, қыруар жұмыс атқарылған 2009 жылы 695 жол-көлік оқиғалары орын алып, 281 адам көз жұмса, 861 жолаушы зардап шеккен. Осы дәйектерге жүгінсек, жайсыз оқиғалардың жолдың талапқа сай еместігінен де орын алуы мүмкіндігін жасыруға болмас. Оған қыс айларындағы жолдардың уақтылы қардан тазартылмайтыны, тағы басқа қауіпсіздік шараларындағы кемші­ліктер дәлел. Бір ғана респуб­ликалық деңгейдегі Өскемен – Тал­дықорған – Алматы күре­жо­лымен сапар шеккендер ондағы ретсіздіктен әрдайым қиындыққа тап болатынын жасырмайды. Ал, осы бағыттағы жолға 2013 жылы күрделі жөндеу жұмыстары жаса­лады деп жоспарланған. Демек, әлі де бірер жыл қысылып-қымтырылуға тура келеді екен. Өңірдегі осы саламен тағы бір құзырлы орын айналысса, “Алматы облысының жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы” мемлекеттік мекемесінің бастығы Бекежан Мамажан өткен мерзімде салаға бөлінген қыруар қаржы игерілгенін айтады. Нәтижесінде Талдықорған – Текелі жолына жаңғырту жұмыстары жасалса, тағы бірқатар елді мекендер арасындағы кірме жолдар қалпына келтіріліпті. Өткен жылы Қапшағай – Бақанас – Қараой, Үшарал – Сарпылдақ – Керімағаш, Сарқан – Екіаша, Алматы – Өскемен – Молалы – Үштөбе жолдарының кейбір тұстары қалпына келтіріліп, жөндеу жұмыстарына бөлінген 6,3 млн. теңге игеріліпті. Осыған қарамастан қазіргі кезде аталған бағыттардағы жөнделген жолдардың кей тұстары қайтадан қалпына келтіруді қажет ететін дәрежеге жеткен. Биыл аталған басқармаға жергілікті маңызы бар автокөлік жолдарын жөндеуге бюджеттен 6041,178 млн. теңге бөлініпті. “Жол картасы” бағдарламасының бір саласы облыстық, аудандық маңызы бар жолдарды және ауыл, қала көшелерін жөндеуге бағыт­талғанын айтуға болады. Тек өткен жылы осы мақсатта 2 млрд. 783 млн. теңге қаржы игерілген. Қарап отырсақ қыруар қаржы. Ал, осы бөлінген қаржыны тиімді жұмсау жағы өзінше бір өзекті әңгімеге арқау болатындай. Аталған бас­қарма бөлінген қаржыға жол, көше жөндеу жұмыстары бо­йын­ша 95 жобаны іске асырып, жол­дар мен көшелердің жай-күйін жақ­сартқан. Оның ішінде 29 жоба бойынша облыстық және аудандық маңызы бар автокөлік жолдары жөндеуден өткен. Ал, 66 жобаға аудан және қала көшелеріне жөндеу жұмыс­тарының тиянағы келтіріл­ге­нін айтады. Әрине, атқарылған жұмыс­тар­дың арнайы комиссия қабыл­да­уынан өтетіні анық. Десек те, осы жұмыстардың араға жыл өтпей сапасының сын көтермейтін дәрежеге жетуі неліктен деген заңды сұрақ кесе-көлденеңдейді. Бүгінде көзі ашық, көкірегі ояу жандардың көбінің айтатыны осы. Себебін тендерді ұтқан мердігер ұйымдардың өз міндетіне немқұрайды қарайтындығы мен жасалған жұмыстардың сапасыз­дығынан іздеген жөн тәрізді. Міне, жадырап жаз да келді. Оны асыға күткен сары күртешелі жол жөндеушілер жұмыстарын бастады. Мақаланы жазу бары­сында республикалық маңызы бар Өскемен – Талдықорған – Ал­маты бағытындағы жолдың ойы­лып, шұңқырға айналған тұста­рынан “сауысқанша” сақ басқан жүргізушілермен бірге қолайсыз сәттерді бастан өткіздік. Әсіресе, ақпан, наурыз, сәуір айлары жолаушы мен жүргізушілерге көптеген қиындық әкелді. Нә­тижесінде әжелердің жүні шық­қан жыртық көрпені жамағанындай, жолаушыға қызмет көрсететін күрежолдың әр тұсы жамалып, жас­қалды. Әлі де жамалатын тұстары жеткілікті. Бұл тәсілдің ұзаққа бармайтыны бес саусақтай белгілі жәйт. ­–Өңірдегі республикалық маңызы бар автокөлік жолдарының басым бөлігі Кеңес одағы кезінде салынған. Күрделі жөндеу 1980 жылдардан бері өтпеген. Оның ішінде Алматы – Қорғас, Алматы – Талғар – Евгеньевка, Алматы – Ұзынағаш, Алматы – Талдықорған автокөлік жолдарының техникалық жай-күйі өте төмен. Аталған жолдардың техникалық көрсет­кіш­тері қазіргі замандағы көлік құрал­дарының салмақтарына сай келмейді. Автокөлік жолдары ағымды жөндеу жұмыстары арқылы ғана қалпына келтірілуде. Жыл сайын республикалық маңызы бар жолдарды жөндеуге қатысатын “Прогресс”, “Жол” мердігерлік компаниялардың жұмыстары тиянақты деуге болады. Биылғы қыстың ерекшелігіне байланысты жолдардың техникалық жағдайы күрт төмендеді. Сонымен қатар, көктемгі тасқын судың жүріп өтуі де күрежолдардың бұзылуына әсер етті. Осылайша республикалық маңызы бар жолдардың 39 нысаны зақымданыпты. Оларды қалпына келтіру жұмыстары басталды, дейді Е.Жасыбаев. Бірақ жоғарыда республикалық маңызды жол­дардың кейбір бөліктері әлі де сол қалпында, бұзылмаған. Су шайса да сыр бермеген. Демек, оны сапасыз төселген асфальттан, қа­лыңдығы мен құрамының бел­гі­лен­ген өлшемге сай келмей­тіндігінен, дейді мамандар. Талдықорған – Текелі аралы­ғын­да төселген жолдың сапа­сыз­дығы жайлы аз айтылмауда. Жүргізілген тексеру барысында мұн­дағы ас­фальттың тиісті қа­лыңдығы сақ­тал­мағаны атап көр­сетіліпті. Рес­пуб­ликалық, облыс­тық дәрежедегі жол­дардың бүгінгі сиқы жоғарыдағыдай болса, елді мекендер арасын жал­ғай­тын кірме жолдар жайлы айтудың өзі артық болар. Күз бен қыста сар бал­­шықты белшеден кешкен ауыл хал­қы­ның тірлігін жеңілдететін кез келді. Жолдың екі жағалауындағы көгалдандыру барысына да көңіл бөлдік. Өскемен – Талдықорған – Алматы бағытындағы жол жиегінде жаңадан отырғызылған бірде-бір шырпы, бұтақ, көшет көзге ұшырамады. Бары оталса, қураған бұтақтар көзге жайсыз көрінеді. Туған табиғатты аялау осы жерден басталса, қане. Осы жұ­мыстардың тиянағын келтіретін “Қазақ­автожол” республикалық мекемесі басшыларының құла­ғына алтын сырға. Тағы бір мәселе жоғарыдағы автокөлік жолда­рының бойындағы халыққа қызмет көрсететін орындардың бүгінгі жай-күйі. Арқарлы асуындағы дәмханалар мен жеке сатушылар азық-түлікті жаз бойы қара шаңның астында тұтыну­шыға ұсынады. Ол аз болса, дәретх­а­налар асханамен жалғаса са­лынған. Мұны күнде көріп, біліп жүрсе де облыстық мемлекеттік санитарлық-эпидемио­логиялық қадағалау департаментінің бас­шылары мен мамандары елеп, ескерер емес. Шілде айларында мұндағы көріксіз көріністен көз сүрінеді. Аптап ыстық, шыбын-шіркей жадағай жабайы базардағы сауда жұқпалы ауру тудырудың бір көзі екені анық. Алматыға жеткенше осындай көрініс жалғаса береді. Өңірдегі жол жағасындағы, көшелердегі сауда орындарының маңдайшасына Райымбек, Домалақ ене, Қараш батыр, Бәйдібек, тағы басқа ұлт ұлы­ларының есімдері жазыл­ғанын қайтерсің. Шеңгелді ауылындағы “Райымбек” сауда орнының жайы осыған дәлел. Кәсіпкерлер өз әкелерінің атын қайда апарып жазса да дау айтпайсың. Ал, алаш абыздарының есімдерін осылайша “құрметтеуге” қандай құқылары бар екен?! Бұл да парасаттылық тұрғысындағы ойланатын мәселе. Биыл “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” халықаралық транзиттік дәлізінің “Алматы – Қорғас” бөлігінің құрылыс жобасын іске асыру жұмысы жүзеге асырылады деп күтілуде. Аталған жобаның облыс бо­йынша ұзындығы 336 шақырым, оның ішінде “Алматы – Қорғас” бөлігінің ұзындығы 304 шақырымды құрайды. Бұл жо­ба­ларды жүзеге асыру 2010-2012 жылдар аралығына қарас­тырылған. Бағдарлама бойынша жол Жамбыл, Қарасай, Іле, Талғар, Еңбекшіқазақ, Ұйғыр мен Панфилов аудандарының аумағымен өтіп, көршілес Қытай шекарасына шығады. Сондай-ақ, ағымдағы жылы “Жол картасы” бағдарламасымен жол жөндеуге 2425,669 млн. теңге қаржы бөлініпті. Оны игеру мақсатында 51 жоба қарастырылып, облыст­ық маңызы бар автокөлік жолдарына 25 жоба, қала мен елді мекен көшелеріне 26 жоба белгіленіп, оны іске асыру барысында 1836 адам жұмыспен қамтылады деп жоспарланған. Ал, республикалық маңызы бар жолдарды жөндеуге деген қаржы бұдан тыс. Демек, жүргізушілер мен жолаушылардың бүгінгі мұң-мұқтажы мен талабын іске асыруда қыруар жұмыс қолға алынатынын көреміз. Оның соңғы нәтижесінің қалай болатынына осы бастан назар аударылып, құрылыс жүргізетін мердігерлердің жұмысына нақты бақылау жасалса, әрине жоғары­дағы кемшіліктер орын алмас еді. Күмісжан БАЙЖАН. Алматы облысы.