Шань Шуй - дәстүрлі қытай мәдениеті бейнеленген 2023 жылғы Азия ойындарының медалі.
Ұйымдастырушылар Ханчжоуда өтетін Азия ойындарының медалін ресми түрде таныстырды. 5 000 жылдық Қытай өркениетін таныстыратын медаль дизайны континенттік мультиспорттық іс-шара басталғанға дейін 100 күндік кері санақ шарасында ұсынылды.
Азия ойындарының жүлделерін таныстыру рәсімі ежелгі Қытай қаласының археологиялық орны Лянчжуда от жағу рәсімімен қатар өткізілді.
Медальдің артқы жағында спортшылардың Азия ойындарына қатысуын бейнелейтін төртбұрышты мөр бар. Сонымен қатар медаль Ханчжоудың географиялық ерекшеліктерін де білдіреді.
«Медаль Ханчжоудың таңғажайып ландшафтынан жасалған және қаланың үш негізгі көрікті жерлерін – Батыс көлді, үлкен каналды және ежелгі Лянчжу қаласының қираған саябағын көрсетеді. Біз медальде Ханчжоудың сан ғасырлық тарихын, терең мәдениетін және адамзат пен табиғаттың үйлесімін ұсынып отырмыз», деді Қытай Өнер академиясының өнеркәсіптік дизайн департаментінің директоры Чжан Цзюньцзе.
Медаль таспасы экологиялық таза басып шығару әдістері мен брокад жаккард технологиясын қолдана отырып қолмен тігілген. Таспаның ілгегі Янцзы өзенінің оңтүстігінде орналасқан Цзяннан аймағының ерекшеліктерін көрсетеді.
Еске сала кетейік, 2022 жылдың қыркүйегіне жоспарланған Азия ойындары Қытайдағы коронавирус пандемиясына байланысты 2023 жылға шегерілген еді. Азия ойындары осы жылдың 23 қыркүйегі мен 8 қазаны аралығында өтеді.