Әдебиет • 19 Маусым, 2023

Балалар әдебиетінің дамуына не кедергі?

509 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Астанада жыл сайын халықаралық «EURASIAN BOOK FAIR» көрме-жәрмеңкесі ұйымдастырылып келеді. Биыл да көрмеге қатысып қайтқанбыз. Сол кезде кішкентай оқырмандардан не оқып жүргенін сұраған едік. Бір-екі бала сөреде тұрған Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» кітабын көрсеткені болмаса, 99 пайызы (артық не кем айтқанымыз емес) орыс және ағылшын тіліндегі кітаптарды атаған. Сонда балалардың қызығушылығын оятатын қазақша кітап жоқ па деген ойға қалдық. Өкінішті...

Балалар әдебиетінің дамуына не кедергі?

Менің бала кезімде смартфон болса да, оның мүмкіндігі дәл қазіргідей дамыған жоқ еді. Бәлкім содан да болар, бізге қызықтың бәрі кітапхананың ішінде көрінетін. Қиял-ғажайып ертегі кітаптары, «Балдырған», «Айгөлек» журналдары досымыз болатын. Ауыл кітапханасына жаңа сандары жеткенше ескісін айналдырып оқи беретін едік.

70-жылдары «Балдырған» журналының таралымы 200 мың данаға жеткен, ал 2010 жылдары 40 мың дана болатын. Қазір 7-10 мың тиражбен таралады. Балаларға арналған өзге басылымдар мен кітаптардың жағдайы да дәл осындай. Оқылым неге азайды деген сұраққа жауап көп.

«Балдырған» журналының бас редакторы Дүйсен Мағлұмов «Түркістан» газетінде айтқан пікірінде балалар басылымына бөлінетін ақшаның мардымсыздығын тілгі тиек етеді.

«Балдырған» – балалар әдебиетінің бас кітабы, балалар жазушыларының ұстаханасы» деген сөз бар. Сондықтан журналды заманауи қыламыз деген ұранға еріп, дәстүрлі бағытынан тайдырмақ емеспіз. Бірақ бұл журналдың көркемдігі мен мазмұнын жаңартпау деген сөз емес. Осы журналды безендіруге үш суретші атсалысып отыр. Авторларға бүгінгі күннің ертегісін жазыңдар, әңгімелерді қазіргі уақытпен байланыстырыңдар деп айтып отырамын. Өкінішке қарай, бізге осындай шығармалар жетпей жатады. Өйткені біз журналда балалар әдебиетінің 20 жанрын қамтып отырмыз. Сондықтан мемлекет тарапы балаларға арнап шығарма жазатын ақын-жазушыларға төленетін қаламақы мөлшерін барынша көбейту керек. Мысалы, 64 бет болып шығатын «Балдырғанның» бір нөмірінің қаламақысы 70 мың теңге ғана. Яғни бір беті 1 мың теңге деген сөз. Соны автор мен суретшіге бөліп төлесеңіз не болады? Күлкілі жағдай!..», дейді Дүйсен Мағлұмов.

Ал балалар жазушысы Толымбек Әбдрайымовтың айтуынша, оқылымның азаюы таралымның азаюынан болып отыр.

«Насихат жұмысы кеңес одағы кезінде өте жақсы жолға қойылды. Себебі кітап көп таралыммен шықты. Ол кітапханаларға түсті, кітап дүкендеріне де жетті. Оны облыс-облыстарға, аудан, ауылға дейін жеткізді. Қазір ондай тоқтап қалды. Мысалы, мемлекеттік тапсырыспен шығатын кітаптың таралымының ең көп данасы небәрі 2000 дана. Ал Қазақстанда, мектеп кітапханасын қоспағанда, 12 мыңнан астам кітапхана бар екен. Сонда не болғаны? Кітап жетпейді. Сондықтан бірінші таралымы көп болуы керек. Әрине, кітаптың мән-мазмұнының сапасы жақсы болуы айтпаса да түсінікті. Яғни қазір мемлекет тапсырысымен шығарылып жатқан кітаптар дүкендерге де түсуі керек», дейді балалар жазушысы.

Бала қайтсе кітап оқиды?

Баланың кітапқа қызығушылығын оятып, оқу дағдысын қалыптастыру үшін кішкентайынан үйрету керек. Психолог мамандар балаға оқу мәдениетін 3 айлығынан бастап қалыптастырған жөн дейді. 1 жасқа дейінгі балаға дауыстап кітап оқып беруге және оны визуалды қызықтыруға болады. Кітаптағы суреттердің атауын айтқанда бала есту және көру арқылы байланыстырып түсінеді екен. Бұл оның сөздік қорын молайтуға септігін тигізеді. Ата-ана балаға жақсы тәрбие беру үшін күн сайын уақыт арнап, әр күні үшін жауапты болу қажет. Бұл ақ параққа із қалдыру секілді болашақ тұлғаның болмысын қалыптастыру.

Сондай-ақ мамандар кітаптағы кейіпкерге тән мінез-құлық пен дауысты өзіңіз сомдап беріңіз дейді. Бұл баланың қиялын дамытады. Мағжан Жұмабаев педагогика кітабында бала қиялын дамытуға мән беру аса маңызды екенін жазған.

«Жан тұрмысы өркендеу үшін, яғни ойы, ақылы кеңейіп, құлқы түзеліп, тілі баю үшін жас балаға ертегі – тым қымбат нәрсе. Бала ертегіні жан-тәнімен тыңдайды. Ертекке шын көңілімен нанады. Бала құрғақ ақылды ұқпайды. Жандандырып, суреттеп алып келсең ұғады. Мысалы, балаға өтірік айтпа деген құрғақ сөзің желге айтылғанмен бірдей. Егер сен балаға өтірікші туралы ертек айтсаң, сол ертекте өтірікшінің өтірігінен қор болғанын, зиян көргенін суреттеп алып келсең, міне, бала өтірік айтпау керек екендігін сонда ұғады. Қысқасы, балаға ертегі – тым қымбат нәрсе. Бірақ ертегінің ертегісі бар. Кейбір ертектер баланы бұзудан басқаға жарамайды. Мысалы, дию, пері, жалмауыз кемпір, аруақ, көрден кебінін жалмап шығатын обыр, жын-шайтан секілді ертегілерді балаға айту тіпті дұрыс емес. Мұндай ертегілер баланы бұзады, қорқақ, жасық қылады. Қазақтың баланы «бөки келеді», «қызыл көз келеді» деп қорқытулары да тым-ақ жарамайтын іс», дейді.

Расында, ертегінің ішіндегінің бәрі шын секілді болатын. Сол ертегілер сәби санамызға түсінік қалыптастырып, сезім түйсігімізді дамытты, сұлулықты көріп, жамандықтан жиренуге үйретті.

Баланың сана-сезіміне лайықтап жазу жаза алу әсте қиын іс. Әрі ол әр баланың өз заманына сай болуы керек. «Балалар әдебиетін жазу да баланың көзінің айналасын қаламмен сызу секілді. Егер дұрыс жаза алмасаңыз қарашығын ағызып жібергеніңіз», дейді Ерлан Жүніс.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев балалар әдебиетіне баса мән беруді жиі айтады. Жақында өткен Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде балалардың кітап оқуға қызығушылығын арттыру керек деді. Әрі «Балалар кітапханасы» жобасын ұйымдастыруды тапсырды.

«Қазір еліміздегі мектеп кітапханаларында 130 миллионнан астам кітап бар. Бірақ ондағы көркем әдебиеттің үлесі мардымсыз. Шын мәнінде, кітап оқитын ел зиялы ұлтқа айналады. Біз жас ұрпақтың кітапқа құштарлығын оятуымыз керек. Бұл қиын мәселе екенін түсінемін. Әсіресе, олардың бар назары әлеуметтік желіде болған кезде, тіпті, қиын. Бірақ бұл мәселемен шұғылдану керек. Басқа жол жоқ. Сондықтан «Балалар кітапханасы» атты жаңа бағдарламаны қолға алуды тапсырамын. Қазақ әдебиетінің түрлі кезеңдерін және жанрларын қамтитын арнайы тізім жасалуға тиіс. Сол тізімдегі кітаптар барлық балаға қолжетімді болуы керек», деді Президент.

Балалар әдебиетін дамыту бүгін ғана көтеріліп отырған мәселе емес. Бұрын да талай айтылған, осы сала жолға қойылмайынша айтыла да береді.