Табиғат • 19 Маусым, 2023

Орманымызды өрт шалмасын десек...

828 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Көкшетауда биыл күн ыстық. Көнекөз қариялар соңғы қырық жылдың бедерінде дәл мұндай аптап болған емес дейді. Өрт қаупі күшейген кезеңнен бері өңірде 31 орман өрті болды. 18 мәрте даладағы қау шөп өртеніп, қауіп тудырды.

Орманымызды өрт шалмасын десек...

Қауіп-қатер алғашқы қар түскенше сейілмейтіні белгілі. Еліміздің әр айма­ғындағы орман өрті, әсіресе Абай облы­сындағы адам жанын түршіктіретін алапат жағдай баршаға сабақ болуға тиісті. Етек-жеңімізді жинап, бұл тарап­тағы бар шаруаны тап-тұйнақтай етпесек­, та­мылжыған тамаша табиғаттың ай-нұ­ры­на жазылмастай кіреуке түсері сөзсіз.

Көрікті Көкше өңіріндегі мәйекті жер – «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі. Аталған парк 1996 жылдың 10 сәуірінде Үкіметтің қаулысымен құрылған болатын. Жалпы аумағы – 182076 гектар. Ақмола облысының Зеренді мен Солтүстік Қазақстан облысының Имантау, Шалқар тәрізді ажарлы өңірлерін алып жатыр. Бұл жерлер мәңгі жасыл қарағайлар мен қолдың саласындай аққайыңдарымен ғана емес, Алаштың айтулы перзенттерінің ақ бесігі болған, арыдағы көне тарихтың құнды құпиясы қойнауына бөккен сыршылдығымен де қымбат. Тікелей тақырыпқа қатысы болмаса да, ұлттық парктің ішінде көне тарихтың кебежесін ашып, тылсымға тартар, тұңғиыққа енгізер тарихи соқпақтардың сан алуан­ екенін сыналап айта кетсек, жалпы, осы өңірдің көркемдігіне өзгеше мазмұн үстейтіні даусыз.

Өрт қаупінің алдын алу бағытында ұлттық парк басшылығы көңілге қонымды бірқыдыру шаруаны қолға алғаны байқалады. Кірпік қақпай күзету, материалдық-техникалық базаны нығайту өз алдына, ең алдымен, табиғат пайдаланушыларды тәртіпке шақырып, баға жетпес байлығымызды бүлдірмей, келер ұрпаққа мұра етуге алдымен өзіміз жауапты екенімізді жұрттың жетесіне жеткізсек деп талпынған. Табиғатты қорғау тақырыбында парақшалар тара­тыл­ған. Жай ғана парақшалар емес, ел байлығын тиімді пайдаланып, туған үйіңмен теңдес табиғатты қадірлей білу, қорғай білу бағытында саналы жанның жетесіне жететіндей әңгіме өрбіткен. Бір керегі де осы. Бұқаралық ақпарат құралдарында 13 мақала жария­лапты. Әрқилы ұйымдар мен өңірдегі оқу орындарында 83 мәрте дәріс оқып, табиғат тақырыбында пікір алмасқан. Ауыл шаруашылығы құрылымдарына ережені қатаң сақтау туралы жүздеген ұсыныс жолданған. Барлық филиалында тұрақты радиобайланыс орнатылған. 30 тонна жанар-жағармайын жеткізіп алған. Орманды алқаптарда қауіп-қатер төне қалса, өрттің ошақ көзі жайылып кетпеуі үшін минералды жолақтар тартылған. Жылдық жоспарлары 11190 шақырым болса, күні бүгінге дейін 2544 шақырым жер қамтылған. Ұлттық парк аумағында кез келген қауіп-қатерді қас-қағым сәтте анықтап, алдын алу үшін 10 өрт мұнарасы орнатылған. Бес бірдей өрт сөндіру стансасы бар, 11 өрт сөндіру автомашинасы сақадай сай. Сондай-ақ аспалы жабдықтары бар 27 трактор, 16 патрульдік машина, өзге де құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Бұл бағыттағы атқарылған бар шаруаны тиянақты тексерген кезде ұлттық парктің өрт қаупіне дайындық деңгейі 8,6 баллды құрап отыр. Әрине, апат айтып келмейді, биылғы жылдың 12 маусымы күні жалпы аумағы 0,1 гектар жерде от ұшқыны анықталып, лезде жойылды. Әзірге, қауіп найзағайдан болды деген жорамал айтылып отыр. Ұлттық парктің әрбір филиалында қажет бола қалған кезде автоцистерналарды сумен толтыратын су айдындары бар.

Облыста 230 бірлік техника, 3 өрт сөндіру стансасы, 32 мотопомпа да­йын тұр. Өртке қарсы күресуге жер­гі­лікті полиция қызметтері мен орман инспекциясы қызметкерлерінен 56 жедел топ құрылған. Қаншалықты жұмыс жүргізілгенімен, табиғатқа та­ғы­лық мінез көрсету тыйылмай тұр­ға­нын да өкінішпен айта кетуге бола­ды.­ Ұлттық парктің инспекторлары табиғат пайдаланушылардың өрт қаупі ережелерін бұзғаны үшін 14 мәрте әкімшілік хаттама толтырған. Дер кезінде анықталып, алдын алмаса, парк қызметкерлері ширақтық танытпаса, жауһар табиғаттың ағзасына қаншама жара түсер еді. Сондай-ақ орман ішіне қоқыс төгу оқиғасы аз да болсын кездесіп жатады.

Алдағы уақытта ұлттық парк орман және дала өрттерін дер кезінде анықтау үшін республикалық бюджет есебінен жалпы көлемі 1 млрд теңгеге арнайы құрылғы сатып алуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ су таратқыштар мен бүріккіштер, тырма тәрізді құрал-жабдық алу да көзделген. Ағымдағы жылы парк 36,3 гектар алқапқа көшет отырғызыпты. Бұл да табиғатқа келген зиянның орнын толтырып, келешектің көкжиегін нұрландыру үшін атқарылып жатқан игі шаруа.

Тамылжыған табиғат табиғи парк­тің­ аясында ғана емес, көркем келбеті көз сүйсіндіретін Көкшетау мен Қорғал­жын­ның арасындағы сайын дала сұлулыққа малынып тұр. Шырайлы өлкенің шырқы кетпеуі үшін осы бір қауіпті кезеңді мінсіз өткізу міндеті жүктелген.

«Өрт қаупі басталғалы оқыс оқиға жиіледі», дейді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрлан Атығаев, – өткен жылмен салыстырғанда 26 пайызға жоғары. Негізгі себептерін талдайтын болсақ, ең алдымен, халықтың жалпыға ортақ ережені сақтай бермейтіні байқалады. Мәселен, 15 мәрте дәл осындай жағдайда өрт шыққан. Табиғаттың әсері бар екендігін айта кетуіміз керек. Бес рет найзағайдың түсуінен оқыс оқиға орын алды. Орман өрті, әсіресе Зеренді, Аршалы аудандарында көбірек. Табиғи өрттің пайда болу қаупін азайтып, мейлінше сейілту үшін қыруар шара атқарылып жатқанымен, әлі де өзекті мәселе аз емес. Ең бастысы, облыстағы орман шаруашылығы мекемелерінде қажетті өрт сөндіру техникалары жетіс­пейді. Қолда барының 60 па­йызы әбден ескірген. Орман қорын жалға алушылардың да бұл тараптағы жұмысын ширата түсу керек. «Бұқпа», «Барап» орман шаруашылықтарында және республикалық «Орман» селек­ция­лық орталығында өртке қарсы күрес стан­са­лары жоқ.

Бүгінгі күні тиісті нормаға сәйкес өрт сөндіру машиналарының көлемі мемлекеттік орман қорының жалпы ауқымын басты негізге ала отырып есептеледі. Егер барлық материал­дық-техникалық база сақадай сай болса, тұтанған өртті дер кезінде тұншық­ты­руға болар еді. Мамандардың байып­­­та­уына қарағанда, орман шаруа­шылық­тарындағы жалғыз өрт машина­сы­ның қауқары жетімсіз. Кемінде екі машинадан болғаны жөн. Сонда ғана алапат өрттің ауқымын кеңейтпей, дер кезінде сөндіруге мүмкіндік болар еді. Бүгінгі таңда орман ішінен көзге көрінер-көрінбес болып сыздықтап шығатын түтінді бірден анықтауға әбден мүмкіндік бар. Ол үшін жоғары бірліктегі камералар мен бейнебақылау жүйесін орнату. Бұл жүйе «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында қолданылуда. Өткен жылы бірер мәрте жаңа жүйенің жақсылығы көрінді. Алдағы уақытта дәл осындай заманауи құрылғыны «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне орнату жоспарланып отыр. Қалған аумақта мұндай құрылғының жоқтығынан оқыс оқиғаны дер кезінде анықтау әзірге мүмкін болмай тұр. Таяуда Зеренді ауданындағы Молодежный елді мекенінің маңайында қау шөп өртеніп, жалын орманды алқапты шарпыды. Алты гектарға жуық ағаш күйіп кетті. Өрт сөндіруге 28 техника, екі жүзден астам адам жұмылдырылды. Қазіргі күні өрттің себептері анықталып жатыр. Степ­но­гор қаласының іргесіндегі Қарабұлақ ауылында да мамыр айының соңында екі гектар алқапты өрт шалды. Міне, осындай оқыс оқиғалар орын алып отыр.

Қауіп-қатердің ошағы және біздіңше ең негізгісі өңірдегі ауыл шаруашылығы құрылымдарының жыл сайын алқап­та­рын тазартып, ескі сабан мен қау шөпті өртеу кезінде туындайды. Қанша сөндірдік дегенімен, қоламтаның желмен қайта тұтануы мүмкін. Сондықтан бұл орайдағы ереже мықтап ескерілуі керек. Қауіпті кезең осыдан екі ай бұрын басталғанымен, минералды жолақтарды жаңарту жұмыстары әлі күнге дейін аяқталмаған.

«Орман-тоғайдың аумағында қау шөпті жағу тарапында әлі де бірқатар мәселе бар», дейді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрлан Атығаев, – орман шаруашылығы комитеті төрағасының бұйрығына сәй­кес­ қауіпті кезең басталысымен от жағуға тыйым салынады. Осы жағын мықтап ескеру қажет.

Үкіметтің қаулысына сәйкес, «Қаз­авиа­құтқару» акционерлік қоғамы – бюд­жеттен қаржыландырылатын мем­ле­кеттік органдар мен ұйымдарға тікұшақ қызметін көрсететін бірыңғай опера­тор. Биылғы жылдың өрт қаупі молайған маусымында облыстың жеті ауда­нындағы орман алқаптарын күзету, шолу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл ретте, айта кететін бір жайы, бір маусым ішінде су төгетін құрылғымен жабдықталған жалғыз-ақ авиапатруль бар, қалған авиа компаниялар тек бақылау жұмыстарын ғана атқара алады. Демек алдағы уақыт­та­ жалғыз ұшып барлау ғана емес, оқыс оқиға орын ала қалған жағдайда қажырлы қайрат көрсететін мүмкіндігі болуы керек шығар.

Тағы бір таратып айта кететін дүние, бір кезде орман мекемелері қызметкерлері қысқартылғандықтан, қолдың қысқа болып тұрғаны да белгілі. Сондай-ақ төтенше жағдайлар департаменті басшысының айтуына қарағанда, өртке жол берген кінәлілерді анықтау мен алдын алу жұмыстарын әлі де ширата түсу керек. Сонда ғана қызыл жалынның қасіретінен аман қаламыз.

Ақмола облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы да қауіпті кезеңде қауырт жұмыс істеп жатыр. Орман шаруашылығы мекемелерінің дайындығы 8,64 балды құрайды. Жыл басынан бері орман өртінің алдын алу бойынша бірқыдыру жұмыс жүргізілген. Аңдатпалар орнатылып, парақшалар таратылған. Ауыл шаруашылығы құрылымдарына 178 ұйғарым жолданған. Қазір орман шаруашылығы мекемелерінде 130 тонна жанар-жағармай қоры бар. Қауіпті кезең басталғанға дейін 10 мың гектар алқап қау шөптен тазартылған. Жалпы ұзындығы 12510 шақырым мине­ралданған жолақтар жобаға келтірілген. 2021 жылы 290 млн теңгеге 23 техника сатып алыпты. Ал өткен жылы 22 бірлік техника алынған. Әйтсе де, материалдық-техникалық базаны одан әрі нығайту қажет.

– Қазіргі уақытта бюджеттік өтінім­дер жолданды, дейді облыстық табиғи ресурс­тар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Руслан Әубә­кіров, – жалпы құны 1,1 млрд теңге­ге 4 өрт сөндіру машинасын, 13 пат­рульдік кешенді және 13 патрульдік ма­шина сатып алуды жоспарлап отырмыз.

Қалай болған күнде де тамаша таби­ғат­тың мол байлығының бір шырпысын ша­шау шығармай күзеткен абзал. Бұл – бү­гінгі береке бөккен байлық қана емес, ер­теңгі күннің еншісіндегі, келер ұрпақ­тың­ қажетіне жарайтын сыбаға.

 

Ақмола облысы