Ауыл • 19 Маусым, 2023

Малшы мерейі – ауыл абыройы

363 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Астанада Ұлттық агроқозғалыстың ұйымдастыруымен «Малшылар күні» мерекесіне арналған «Жыл қорытындысы» атты дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға Ауыл шаруашылығы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Экология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілдері, Мәжіліс депутаттары, сала мамандары мен БАҚ өкілдері қатысты.

Малшы мерейі – ауыл абыройы

Мереке идея­­сының авторы және ұйым­дасты­рушысы, Ұлттық агро­қоз­ғалыс төр­ағасы Алмас­бек Садырбай: «Мал­шылар күні» мере­ке­сі­нің бас­ты мақсаты – мал шаруа­шы­лығы саласындағы азамат­тардың мәр­те­­бесін көтеру, олар­ды еңбектегі жетіс­т­іктері үшін көтер­мелеу, ауыл шаруа­шылығын дамыту», дейді.

Дөңгелек үстел барысында Ауыл ша­руашылығы министрі Ер­бол Қа­ра­шөкеев бүгінгі таңда мал ша­руа­­­шылығын дамыту бойынша атқары­лып жатқан шаралар, саладағы күл­біл­телі мәселелер, оны шешу жол­да­­ры жөнінде кеңінен баяндап берді.

Халқымыздың ата кәсібі сана­­ла­тын мал шаруашылығы – еліміз­де әлеу­­­меттік-эконо­ми­калық тұрғы­да әлі күнге дейін жетекші сала. Мал ша­руа­­шы­лығының ел экономи­касын­дағы салма­ғы азайғанымен, оның тұр­мыс­тық-шаруашылық, тари­хи-мәде­ни мән-мағынасы бір мысқал да кеміген жоқ. Әлемде жылдан жылға халық санының өсуіне байланысты сапалы азық-түлік өндіру ғаламдық деңгейдегі өзекті мәселеге айналған кезеңде оның бәсі қайта арта түсті.

Соңғы уақытта елімізде мал шаруа­шы­лығы қарқынды дамып келеді. Мал басы жылдан жылға көбейе түсуде. 2022 жылдың өзінде ірі қара мал саны – 4,2%-ға, қой – 4,8%-ға, жылқы – 10,5%-ға, түйе – 6,5%-ға, құс саны 4%-ға артты. Қазіргі таңда республиканың АӨК жалпы өнімінің шамамен 40%-ы мал шаруашылығының үлесіне тиесілі.

Саланы мемлекеттік қолдау шаралары да дұрыс жолға қойылған. Мал шаруашылығын субсидиялау тетігін одан әрі жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мал басын және мал шаруа­шылығы өнімдерін ұлғайту үшін биыл 108 млрд теңге бөлініп отыр.

Ендігі жерде мал өсірумен айна­лысатын шаруа қожалықтары за­ма­науи озық технологияларды өнді­ріске батыл енгізіп, сапалы өнім өн­діру, сондай-ақ ет экспорты әлеуетін арттыру, жүн мен теріні өң­деу мақса­тын­дағы жұ­мыстарды жандандыра бе­руі керек», деп атап өтті Ербол Шы­рақ­пайұлы.

Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров малшылар мәртебесін көтеру бойынша дайындалып жатқан жобамен таныстырды. Аталған жоба еңбегі еш, тұзы сор малшы қауымы үшін өзекті – олардың зейнет демалысына шығуын, денсаулығын күтуін, шипажайларда дем алуын, балаларының оқуға түсуде жеңілдік алуын қамтамасыз ету сияқты маңызды мәселелерді қа­рас­тырады.

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базар­бек «Жайылым туралы» Заңға, Жер ко­дексіне енгізуге ұсынылып отыр­ған өз­­герістер туралы мәлімдеді. Жинал­ған­­дар заңға енгізілмекші «Қоғамдық жайы­­лым» туралы өзгерісті қуана қуат­тады.

Министрлік өкілдері, маман­дар, шаруа жетекшілері мал шаруашылы­ғының жетіс­тіктерімен қатар, алдағы уақыт­та қолға алып, атқарылуы тиіс өзекті мәсе­лелері жөнінде ашық әңгі­ме қозғады. Төрт түліктің жаңа заман­дағы алар орны туралы ойларын ортаға салды. Атакәсіптің ауқымын, одан өндірілетін өнімнің көлемін кеңейтіп, дамытудың ұтқыр жолдары туралы пікір алмасты.

Бірқатар шаруа қожалығының жетек­шілері Ауыл шаруашылығы министр­лігінің «Еңбек ардагері», «Ауыл шаруа­шылығының үздігі» төсбел­гілерімен марапатталды.

Бір қуанарлығы, қазірде алыс аудан­­­дардың барлығында дерлік, мың­ды айдаған байлар бар. Олар мал басын арт­тыруды ғана мақсат етпей, осы сала­ны заманға сай дамыту, өздері тұра­тын ауыл-аймақтың әлеуметтік-тұр­мыс­тық жағдайын жақсарту ісіне де елеулі үлес қосып келеді. Малсақ, еңбек­ші қауымның жұмысын жеңілдету, жетілдіру жайы да ұдайы назарда. Сайып келгенде, мал шаруашылығын дамыту – ұлтымыздың алтын тамыры алыс ауылдарды дамыту, атамекен – дарқан даланы түлету.

Халқымызда «Балықшы дауылда, егінші жауында тынығады» деген қа­натты қағида бар. Ал малшылар қауы­мы жылдың қай мезгілінде, қан­­дай ауа райы жағдайында болсын ат үстінде, бірі бітсе, бірі басталып жа­та­­­тын науқандық жұмыстардың басы-қасында жүреді. Демек, осынау бей­неткеш жандардың еңбегі қандай сый-құр­мет, мақтау-мара­патқа болсын лайық.