Алмас ҚҰРМАНОВ, “МӘСҚ” АҚ президенті.
1997 жылғы “Барлық қазақстандықтардың өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы” атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауы аясында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев еліміздің басты мақсаттары мен басымдықтарын айқындап берген болатын. Жолдау аясындағы ұзақ мерзімді басымдықтардың бірі Қазақстан азаматтарының денсаулығы, білімі және әл-ауқаты болып табылады.
Әлеуметтік қамсыздандыруды реформалау, өнімді жұмыспен қамту және халықтың өмір сүру деңгейін арттыруға көмектесу Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауы аясындағы мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық маңызды бағыттарының бірі.
Елдің дамуының әр кезеңіндегі әлеуметтік қамсыздандыру деңгейі оның экономикалық және қаржылық мүмкіндіктерімен анықталады. Инфляцияның жоғары деңгейімен, өндірістің құлдырауымен және жұмыссыздықтың артуымен сипатталған экономикалық қиындықтар мен дағдарыстың алғашқы жылдарында әлеуметтік саланы дамыту мүмкіндіктері едәуір шектелді. Осы жылдары мемлекет азаматтардың тұрмыс деңгейінің төмендеу салдарларын және халықтың ең аз қамтылған топтарын қорғауға бағытталған шаралар қабылдады.
Тоқсаныншы жылдардың екінші жартысында басталған экономикалық өсу әлеуметтік саясатты белсенді жүргізудің алғышарттарын жасады. Әлеуметтік қорғау жүйесін жаңа жағдайда реформалау еңбек қатынастарын реттеу бойынша заңдарды жасап жүзеге асыруға, жұмыспен қамтуға белсенді түрде көмектесуге, жинақтаушы зейнетақы жүйесіне көшуге және атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге бағытталды.
Қазақстан тәуелсіздік алған сәттен бастап барлық бағыттардағы құқықтық базаны, экономиканы, социумды қалыптастыруда күрделі жолдан өтті. Республикамыздың бүгінгі қол жеткен табыстары қазақстандық қоғамның өмір сүру көрсеткіштері болып табылады. Осы жылдарда жүргізілген реформалар өтпелі кезеңнің жағымсыз салдарларын жеңуге мүмкіндік берді және негізгі мақсаты халықтың материалдық әл-ауқатын арттыру болып табылатын кең көлемді әлеуметтік реформалар жүргізуге жағдай жасады.
Біздің еліміздегі әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін жетілдіру 2001 жылғы “Қазақстан Республикасында халықты әлеуметтік қорғау тұжырымдамасында” бекітілді. Осы құжат аясында 2005 жылдан бастап әлеуметтік қатер туған жағдайда олардың төлеген әлеуметтік аударымдарының мөлшері мен ұзақтығына байланысты жұмыс істейтін азаматтарды қосымша қорғауды қамтамасыз ететін міндетті әлеуметтік сақтандыру енгізілді. Әлеуметтік қамсыздандырудың жаңа стандарттарына көшу жарғылық капиталына 100 пайыз мемлекеттің қатысуымен акционерлік қоғам нысанында Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының құрылуына себепші болды. Соған байланысты міндетті әлеуметтік сақтандыру Қазақстандағы халықты әлеуметтік қорғаудың көп деңгейлі жүйесінің бір сатысы болды.
Негізге алынатын және ажыратуға болмайтын құқықтардың бірі ретінде азаматтарды әлеуметтік қорғау құқығын Біріккен Ұлттар Ұйымының 1948 жылғы Адам құқығы туралы қарары және 1966 жылғы Экономикалық, әлеуметтік және мәдениет туралы халықаралық пакті бекітті.
Жұмыс істейтін халық үшін әлеуметтік қорғалу құқығын жүзеге асыратын негізгі институт жалдамалы жұмысшылар мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықты аса мәнді, маңызды және ауқымды әлеуметтік қатерлерден әлеуметтік сақтандыру болып табылады. Осы саладағы саясатты қалыптастыру, оның ішінде, қабылданатын шешімдердің сәйкестігіне талдау жасау және оларды жүзеге асырудағы маңызды принциптердің салдарларына, әлеуметтік сақтандырудың халықаралық нормалары мен стандарттарына негізделуі қажет.
Даму деңгейлері бірдей мемлекеттердегі тарихи, мәдени, саяси және басқа да факторлардың әсерінен әлеуметтік қорғау жүйесін ұйымдастыруда және мемлекеттік институттардың түрлі дәрежеде қатысуында әртүрлі дәрежедегі ынтымақтастық орын алады.
МӘСҚ әлеуметтік аударымдарды шоғырландырады және әлеуметтік қатер туған жағдайға қатысты міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысына әлеуметтік төлемдер төлеуді жүргізеді. Қор қызметінің негізгі мақсаты Қазақстан Республикасында міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесін енгізу, қорда жинақталған әлеуметтік аударымдардың сақталуын және мақсатты пайдаланылуын қамтамасыз ету.
Қазақстандағы міндетті әлеуметтік сақтандыру алғашқы кезеңде әлеуметтік тәуекелдердің үш түрін қамтыды, олар: еңбек ету қабілетінен айырылу, асыраушысынан айырылу және жұмысынан айырылу. Ана мен баланы әлеуметтік қолдау мақсатында 2007 жылғы Мемлекет басшысының “Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан” атты Қазақстан халқына Жолдауы аясында 2008 жылдың 1 қаңтарынан бастап жүктілігі, босануы, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуына байланысты табысын жоғалтқан жағдайда әлеуметтік төлемдер төлеу енгізілді. Жоғарыда айтылған әлеуметтік тәуекелдер туған жағдайда әлеуметтік төлемдер алуға олар үшін төлеушілер (жұмыс берушілер немесе өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұлғалар) әлеуметтік аударымдар жүргізген, жұмыс істейтін азаматтар құқылы.
2008 жылғы оқиға әлемдік қаржылық-экономикалық дағдарыс жағдайындағы мемлекеттік шығындарды қысқарту үшін бұрын қабылданған барлық бағдарламаларды қайта қарауға алғышарттар тудырды. Алайда біз Мемлекет басшысының “Әлеуметтік бағдарламалардан басқалардың бәрінен де үнемдеуге болады” деген сөзін ұмытпауымыз қажет. Сондықтан дағдарыс жағдайында қордың қызметі одан әрі жетілдіріле түсті.
“Дағдарыс арқылы жаңару мен дамуға” атты Президенттің кезекті Жолдауы аясында дағдарыс кезінде жұмысынан айырылған халықты қолдау мақсатында МӘСҚ-дан жұмысынан айырылуы бойынша төленетін әлеуметтік төлемдердің ұзақтығы арттырылды.
Қазақстандағы міндетті әлеуметтік сақтандырудың сандық көрсеткіштеріне жүргізілген талдау міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылар санының да, қордан әлеуметтік төлемдер алушылар санының да өсу қарқынының артқанын көрсетеді. Нарықтық экономика жағдайындағы әлеуметтік қорғаудың қазақстандық моделінің ерекшелігі мемлекеттік базалық әлеуметтік қамсыздандырудың, әлеуметтік сақтандыру мен әлеуметтік көмектің бір-бірімен қиыстырылуы болып табылады. Мысалы, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысы еңбек ету қабілетінен айырылу және асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік қатер туған жағдайда, мемлекеттік бюджет есебінен мүгедектігі және асыраушысынан айырылуы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыға (МӘЖ) қосымша еңбек ету қабілетінен айырылуы және асыраушысынан айырылуы бойынша қор қаржысы есебінен ай сайынғы әлеуметтік төлемдер (ӘТ) алады.
Сонымен бірге, қордан еңбек ету қабілетінен айырылуы бойынша ӘТ алушылар санының өсу қарқыны, осы әлеуметтік төлемдер ұзақ мерзімді және еңбек ету қабілетінен айырылған кезеңге тағайындалатындықтан МӘЖ алушылармен салыстырғанда жылдам артып келеді.
Мұндай жағдай асыраушысынан айырылуы бойынша әлеуметтік төлемдер төленген жағдайда да қалыптасып отыр, өйткені мұндай әлеуметтік аударымдар міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылардың асырауында болған адамдарға олар кәмелет жасқа жеткенге дейін немесе ол оқытудың күндізгі нысанында оқыған жағдайда, жиырма үш жасқа толғанға дейін төленеді.
МӘЖ мен қордан төленетін ӘТ орташа мөлшерінің динамикасынан төменгі күнкөріс деңгейі мен төменгі еңбекақы мөлшерінің өсуіне байланысты МӘЖ-дің орташа мөлшерінің өскенін байқауға болады. Макроэкономикалық көрсеткіштердің өзгеруін ескере отырып 2010 жылдың 1 қаңтарынан еңбек ету қабілетінен айырылу және асыраушысынан айырылуы бойынша МӘСҚ-да ұзақ мерзімді әлеуметтік төлем алушыларға ай сайынғы әлеуметтік төлемдердің мөлшері 9 % арттырылғанын айтқан жөн. Ананы қолдауға қатысты айтар болсақ, Қаржы министрлігі Салық комитетінің ақпаратына сәйкес республика бойынша жүктілігі және босануы бойынша жәрдемақылар сомасы 2007 жылы 7,4 млрд. теңгені құраған. 2008-2009жж. үшін жүктілігі, босануы және жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуына байланысты табысынан айырылу жағдайына қордан жалпы сомасы 36,4 млрд. теңгеге әлеуметтік төлемдер жүргізілді.
Ана мен бала халықтың экономика, білім, мәдениет, өмір сүру сапасын дәл көрсететін индикаторлар болып табылады. Сондықтан жүктілігі, босануы және ана міндетін әлеуметтік сақтандыруға енгізу ана мен баланың лайықты өмір сүруін көрсететін қоғам құруға көмектеседі.
Міндетті әлеуметтік сақтандыру нақты адам үшін де, тұтастай экономика, қоғам үшін де өзінің басты рөлін дәлелдеді. Қазіргі уақыттағы қордың мақсатты көзқарасы жүйенің тұрақтылығы мен әлеуметтік сақтандырудың жалпыға белгілі базалық принциптерін ескере отырып, сәйкесінше қолданылатын тиімді ресурстарға қол жеткізу.
Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің стратегиялық мақсаттары өзгеретін міндеттерді шешуде және ашықтықты сақтауда халықтың қанағаттандырылуын және активтердің тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында қордың активтерін толыққанды басқару болып табылады.
Әлеуметтік сақтандыру жүйелері экономикалық қолайлылықты, жеке әділеттілікті және әлеуметтік тиімділікті қамтамасыз етуге құрылуы қажет. Экономикалық тиімділік әртүрлі сақтандырушы топтар арасындағы, сақтандыру жарналарын төлеушілер мен алушылар және жәрдемақылар арасындағы міндеттерді ұтымды және әділ бөлуді қарастырады.
Әлеуметтік қорғау жүйесінің сандық көрсеткіштері қандай да бір дәрежеде экономикалық даму деңгейімен айқындалады, ал тұлғалар арасындағы ынтымақтастық мемлекеттік институттардың қатысуы және ынталандыру дәрежесі таңдалып алынған әлеуметтік-экономикалық моделмен өз- ара байланыста болады.
Әлемдік экономикалық-қаржылық дағдарыс кезіндегі Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру ассоциациясының жүргізген талдауларына сәйкес әлеуметтік қамсыздандыру жүйелері нақты адам үшін де, қоғам және тұтастай экономика үшін де өзінің басты рөлін растады және мемлекеттердің жалпы дағдарысқа қарсы жұмыстарының маңызды бөлігі болды.