Оқу орталығының аумағында 43 командадан тұратын 700-ден астам жасөспірім мен оқушы үшін шатырлы лагерь ашылды. Жиынға еліміздің барлық өңірінен жастар жиналды. Әскери сайысқа Қарулы күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың әскери-патриоттық клубтарының, Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери колледждің, «Жас ұлан» республикалық мектептерінің, конкурстық іріктеуден өткен облыстық әскери мектеп-интернаттардың тәрбиеленушілері қатысып жатыр. Биылғы жиынның ерекшелігі – «Айбынға» алғаш рет Әзербайжан мен Өзбекстанның командалары шақырылып отыр. Барлық команданың құрамында 14-17 жас аралығындағы балалар өз өнерлерін ортаға салуда.
«Шахтерлер астанасының» теміржол вокзалына алғашқы болып Солтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстары мен Шымкент қаласы әскери-патриоттық клубтарының өкілдері, сондай-ақ Алматы, Шымкент қалаларының «Жас ұлан» республикалық мектептерінің тәрбиеленушілері келіп жетті. Ұйымдастырушылар жиынға қатысушыларды әскери оркестр үнімен қарсы алды.
Байқау бағдарламасында «Айбын дарыны» зияткерлік ойыны және «Күшіміз – бірлікте» әскери-далалық тактикалық ойыны, «Айбын жұлдызы» шығармашылық байқауы және «Smart Sarbaz» робототехника сайысы бар. Әскери-спорттық, әскери-қолданбалы спорт түрлері және әскерилендірілген эстафета бойынша жарыстар өткізу үшін алаңдар дайындалды.
Жиында әскери техника көрмесі, фильмдер көрсетілімі, мұражайдың көшпелі экспозициясы ұйымдастырылмақ. Балаларға спорттық ойындар, алау жанындағы кештер мен интерактивті концерт көрсетіледі. Байқауға қатысушылар «Айбын – достық мекені» саябағына ағаш отырғызады. Танымал адамдармен, ардагерлермен, медиатұлғалармен кездесулер де күн тәртібінде тұр.
«Айбын» халықаралық жиыны аясында «Бірлік ордасы» көрмесі ұйымдастырылады. Онда Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстанның жас патриоттары өз халқының мәдени жетістіктерін, үздік дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын көрсететін болады.
17 маусымда басталған жиынның салтанатты ашылу рәсімі де өтті. Іс-шараға қорғаныс министрінің орынбасарлары, генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов пен генерал-лейтенант Мұхамеджан Таласов, Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев пен депутаттар қатысып, сөз сөйледі. Әскери өмірдің қыр-сырын үйретіп, бойларына отаншылдық сезімін ұялататын бұл жиынның жас балалар үшін пайдасы ұшан-теңіз.
– Мен өз облысымның атынан халықаралық әскери-патриоттық жиынға қатысып отырғанымды мақтаныш етемін. Бізге үлкен жауапкершілік жүктелді және осы сайыста жеңіске жету үшін бар күшімізді салуға дайынбыз, – деп ағынан жарылды Жамбыл облысы «Жас ұлан» әскери-патриоттық клубының мүшесі Әсел Айтбай.