Жыл сайын автомобиль жолын күтіп-ұстауға, ағымдағы жөндеу жұмысын жүргізуге қаржы бөлініп келеді. Мәселен, өткен жылы Атырау облысындағы жол инфрақұрылымын жақсарту үшін 35,8 млрд теңге бөлінген. Қомақты қаржының 4,8 млрд теңгесі жергілікті бюджеттен қаралып, облыстық маңызы бар 201 шақырым автомобиль жолына жөндеу жасалған. Соның нәтижесінде 1 387 шақырым жолдың жағдайы жақсы және қанағаттанарлық деңгейге жеткізілген. Бұл – өңірдегі жолдың 72 %-ы.
Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаевтың дерегіне сүйенсек, көлік инфрақұрылымын дамытуға байланысты жоспарлы жұмыс бар. Биыл 32 елді мекендегі 120 шақырымға жуық автомобиль жолын күрделі жөндеу, қайта жаңғырту жұмыстарына 22,9 миллиард теңге бөлінген. Қазір Индер – Қарабау – Миялы – Сағыз аралығын жалғайтын автомобиль жолын жөндеуді аяқтауға назар аударылып отыр. Әсіресе Индер – Қарабау аралығын жалғап жатқан 87 шақырым жолды қайта жаңғырту кезек күттірмейтін міндетке айналған.
Индер – Қарабау – Миялы – Сағыз автомобиль жолын жаңғытудың бірнеше маңызы бар. Біріншіден, бұл жолдың тезірек жаңғыртылғанын әсіресе Қызылқоға ауданының 30 мыңнан аса тұрғыны күтіп отыр. Өйткені қызылқоғалықтардың Индер мен Махамбет ауданына, Атырау қаласы мен Батыс Қазақстан облысына қатынасы жеңілдейді. Екіншіден, бұл кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы саласына тың серпін береді.
Жақында Қызылқоға ауданындағы Миялы – Ойыл автомобиль жолының 18 шақырымын күрделі жөндеуден өткізу қолға алынды. Бұл ауданда күрделі жөндеуді күтіп тұрған тағы бір жол бар. Бұл – Миялы мен Тайсойған ауылдары аралығындағы 50 шақырымдық жол. Оған күрделі жөндеуді жүргізетін мердігер мекемені анықтау үшін ашық конкурс жарияланған.
– Биыл жеті ауданда жолды жөндеу, жаңғырту жүргізілгелі отыр. Мәселен, облыстық маңызы бар Құрманғазы – Приморье – Утеры– Котяев автомобиль жолының 0-29 шақырымындағы учаскесі күрделі жөндеуден өткізіліп жатыр. Құрманғазы ауданына қарайтын 7-разъезд – Асан – Азғыр – Балқұдық – Сүйіндік бағытына қатынайтын 36 шақырымына орташа жөндеу жүргізілуде. Аудандық маңыздағы Ақкөл – Қызылоба – 4-разъезд – Қиғаш автомобиль жолының 43 шақырымын қайта жаңғырту қолға алынды, – дейді Қайрат Нұртаев.
Махамбет аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобильдер жолдары бөлімінің басшысы Сырымбет Кенжебаевтың мәліметінше, жақында 11,2 шақырым ауылішілік жолдың құрылысы басталған. Жобаның құны – 2 миллиард 488 млн теңге. Ал мердігерлікке таңдалған «Толағай 2050» ЖШС жұмысты 19 айда аяқтауды көздеп отыр.
«Бұл жоба аудан орталығындағы 19 көшені қамтиды. Оның ішінде 500, 300 метрлік көшелер бар. Биыл атқарылатын жұмысқа 500 млн теңге қаржы бөлінді. Осы қаржыға үш көшеге жол салынады. Бюджеттен қосымша қаржы бөлінсе, тағы екі көшеге жол асфальт төселеді», дейді Сырымбет Кенжебаев.
Оның айтуына қарағанда, Махамбет ауылында 2 шақырымды қамтитын тағы 14 көшеге жол салынатын болады. Бұл жобаның жалпы құны 2 млрд 125 млн теңгені құрайды. Биыл облыстық бюджеттен дәл осы жобаға 300 млн теңге қаржы қаралған. Тамыз айына дейін мердігер анықталса, жоспарлы жұмыс басталмақ. Жоба аясында тұрғындар үшін 7 аялдама салу көзделген.
Құрманғазы ауданындағы Ақкөл, Дәшін, Затон елді мекендерінде кірме және ауылішілік жол жөндеуден өтеді. Шалғайдағы Қызылқоға ауданының Сағыз, Кенбай, Мұқыр ауылдарында жол қайта жаңғыртылады. Аталған аудан орталығы – Миялыда ауылішілік жолды күрделі жөндеу, ал Сағыз ауылында жол құрылысы жалғасын табады. Ал Индер ауданының Өрлік ауылындағы жол күрделі жөнделеді. Исатай ауданында Тұщықұдық, Исатай, Зинеден, Аққыстау ауылдарының автомобиль жолдары қайта жаңғырады.
Дәл осындай жұмысты Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласындағы «Атырау» шағын ауданы мен Ақкиізтоғай ауылында жалғастыру жоспарланған. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Ержан Хайноллаевтың дерегінше, жаңа шағын ауданда жол салу жұмысы 2021 жылдың тамызынан бері жалғасып келеді. Құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты жобаға түзету енгізілген.
«Мұнда 24 көшеге 22,1 шақырым көлік және жаяу жүргінше жолы салынатын болады. Бұл жұмыстарды «АтырауИнжСтрой» ЖШС атқарады. Жоба құны 7,2 мрлд теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады. Қазір 22 көше толықтай тегістеліп, құм, қиыршық тас, бір көшеге асфальт жабындысының бірінші қабаты төселді», деді Е.Хайноллаев.
Мақат аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Темірбек Іңірбайдың мәлім еткеніндей, «Доссор кентіндегі 23,6 шақырым автокөлік жолын салу» жобасы басталған. Биыл мұнайшылар мекенінде 10,4 шақырым көлік, 5,6 шақырымға жаяу жүргінші жолы салынбақ. Тұрғындар үшін маңызды жұмысты «АтырауинжстройКазСервисГрупп» ЖШС жыл соңына дейін аяқтауды міндетіне алған.
«Бұл көлік инфрақұрылымын дамытып, облыстық және аудандық маңыздағы жолдардың жақсы және қанағаттанарлық деңгейін 76 пайызға жеткізеді. Ең бастысы, тұрғындардың әлеуметтік ахуалын жақсартуға, аудандар мен елді мекендердегі кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы салаларын өркендету ісі кең қанат жаяды», дейді облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев.
Атырау облысы