Аймақтар • 19 Маусым, 2023

Қайырымдылық кеші

348 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Жазғы демалыс академиясы» – оқушылардың жаз мезгіліндегі уақытта­рын тиімді өткізуді мұрат тұтқан, көптеген іс-шара­ны қамтитын жоба.

Қайырымдылық кеші

Ұлытау облысындағы жо­ба­ның алғашқы тұсаукесері Сәт­баев қаласындағы Төлек батыр алаңында болды. «Мейірімді жүрек» деп аталған демалыс ке­шін қаладағы Оқушылар са­райы, Өнер мектебі және №2 музыка мектебі бірлесіп ат­қарды. Аталған іс-шараға 300-ге жуық оқушы және олар­дың ата-аналары тартылды. Айрықша атап өтерлігі, іс-шара қайырымдылық аясында өтті. Кешке ерекше күтімді қажет ететін балалар арнайы қонақ ретінде шақырылды.

сми

Балалар мен ата-аналар  ұлт­тық ойындардың сайыстары­на қатысты. Арқан тарту, асық атуға бала да, үлкен де қатысып, мәре-сәре болды. Он саусағынан өнер тамған ісмерлер балалар­ға сол жерде кесте тігіп, моншақ тоқу, т.б. үйретті. «Дуылдаған оркестр» өнерге қызығушы­­­лық танытқан балаларға кез келген музыкалық аспапта ойнап, өз қабілеттерін байқап көруге мүмкіндік берді. Оқушылар са­райында биылдан бастап жұ­мыс істей бастаған Садақ тарту үйірмесінің «сұрмергендері» де кештің қызықты да мазмұнды өтуіне белсене атсалысты. 

– Мәселе жеңіс немесе жеңі­­лісте емес. Мұндай іс-шара бір-бірімізді танып-білуге, бала­ларды ұлттық құнды­лық­тарға жақындата түседі. Сон­дық­тан ұйым­дас­­ты­­­­ру­шыларға алғыс айтамыз, ­дей­­ді ата-аналар лебізін жеткіз­ген Лаура Смағұлова.

Қалалық білім бөліміне қа­расты үш қосымша білім беру ұйымында 7 мыңға жуық бала бар. Олардың ішінде өнерлі өрендер көп-ақ. Кеш барысында олар сол өздері жасаған заттарынан жәрмеңке өткізді. Ал түскен қаржыны ерекше балалар тәрбиеленетін орталыққа берілді.

 

Ұлытау облысы