Саясат • 20 Маусым, 2023

Әйелдер диалогі: Қазақстан төрағалығына артылған үміт зор

1818 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Биыл Қазақстан Орталық Азия елдері әйелдерінің диа­логіне төрағалық етеді. Осыған орай Астанада Қа­зақстанның төрағалығы аясында БҰҰ қолдауымен диалогтің бірінші отырысы өтті. Жиын барысында Қазақстан төрағалығы ресми түрде ашық деп жарияланды.

Әйелдер диалогі: Қазақстан төрағалығына артылған үміт зор

Іс-шарада Президент жанын­дағы Әйелдер істері және от­басылық-демографиялық сая­сат жөнiндегi ұлттық комис­сия мүшелері, Қазақстан, Түрік­­менстан, Өзбекстан пар­ла­менттері палаталарының спи­кер­лері, Қырғызстан мен Тә­жік­станның парламент өкіл­дері, мем­лекеттік орган­дар­дың басшы­лары, сондай-ақ үкіметтік емес және халықаралық ұйым­дардың, дипломатиялық кор­пус­тың өкілдері диалогтің 2023 жылға арналған мақсаттары мен міндеттерін айқындады. Со­ны­мен қатар жылдық жұмыс жос­парын талқылап, бекітті.

Биылғы Қазақстан төраға­лығында әйелдердің жаңа технологиялар мен инновацияларды дамытудағы рөліне басты назар аударылады. Қазақстан өз кезегінде әйелдердің барлық салаға қатысуы және оларды қолдаудағы тәжірибесімен бөліседі. Алғашқы отырыста Мә­­жіліс төрағасы Ерлан Қоша­нов Орталық Азия елдерінде цифрлық гендерлік алшақтықты жою басым бағыт болуы ке­ректігін айтты.

«Президент Қ.Тоқаев елдің даму деңгейі әйелдердің қоғам­дағы мәртебесімен өлшенетінін талай рет айтты. Бұл кездесу әйелдердің осы өңірдегі елдердің әлеуметтік, экономикалық және саяси өміріне қатысуын жан-жақт­ы кеңейтуге ықпал етеді деп сенеміз. Осы орайда заманауи ақпараттық-коммуникациялық технологиялар гендерлік теңдік үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады», деді Ерлан Қошанов.

Сонымен қатар Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасы Аи­да Балаева әйелдер бизнес-қа­уымдастық, академиялық және ғы­лыми орталарды, үкі­мет­­тік емес және азаматтық сек­тор­лар­ды бірік­тіре алатынына сенім білдірді.

«Осы платформаны және оның қатысушыларының бел­сенді әлеуетін ескере оты­рып, біз әйелдердің, отбасыларымыздың, әсіресе жаһандық және өңірлік сын-қатерлер жағдайындағы өмір сүру сапасын жақсарту жө­ніндегі ортақ проблемаларды бірлесіп шеше аламыз», деп атап өтті Аида Балаева.

Сондай-ақ ол Орталық Азия елдерінің ғылыми-сараптамалық қоғамдастықтарының демо­гра­фиялық дамудың, гендерлік тең­діктің өзекті мәселелері бо­йынша ынтымақтастығын ке­ңейтуді, туризмді дамыту, мә­дени салада бірлескен жобаларды іске асыруды, экология саласында өзара іс-қимыл жасауды, сауда-саттықты, соның ішінде цифр­лық сауданы дамытуды ұсын­ды.

Сессияға Парламент Мәжі­лісі төрағасының орынбасары Дания Еспаева жетекшілік етті. Ол Орталық Азиядағы әйелдер диа­логіндегі Қазақстан төраға­лығының басымдықтарын айтты.

«Еліміздің бастамасымен цифр­ландыру әйелдерді әлеу­меттік-экономикалық қаты­нас­тарға кеңінен тартудың жаңа тиімді құралы ретінде диалог­тің басымдықтары қата­рына ен­­гізілді. Бұл мәселеде Қазақ­стан­­ның үлкен жетістіктері бар және оларды бөлісуге дайын. Еліміз бейбітшілік пен қауіп­сіздікті қамтамасыз етудегі әйел­­дердің рөлі жөніндегі мәсе­лелер­де тәжірибе алмасу аясын ке­ңейтуді көздеп отыр», деді Дания Еспаева.

Ал Парламент Мәжілісі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төр­ағасы Айгүл Құспан Қазақ­станның диалогтегі алға қойған мақсаты БҰҰ-ның мақсат-мінде­тімен сәйкес келетінін айтты.

«Қазір біз БҰҰ-ның ұста­нымына сәйкес қызмет етіп отырмыз. Бүгінгі геосаяси шие­­леніскен заманда әйелдер бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауға атсалысуы қажет. Олар­дың қолынан келе­ді. Ор­талық Азияның әйел­дер қа­уымы татулықты ту етіп, біріккен істерді жұмы­ла атқарсақ, ол біздің өңірдегі тұрақтылығымызға, қауіп­сіздігімізге айтарлықтай үлес қосатынына сенімдімін. Со­нымен қатар өңір әйелдерінің саясат, экономика, өзге де са­лаларға тұрақты түрде аралас­қаны жөн. Бұл әсіресе Тәжік­станға қажет болып отыр қазір. Бұл елдің таулы аймақтарында тұратын әйелдер қоғамнан сәл алшақ қалып отырған жайы бар. Барлығы да жоғары тех­нологияның игілігін көруі керек», деді Айгүл Құспан.

Сондай-ақ әйелдердің тұр­мыстық зорлық-зомбылық құр­­бандарына айналмауы үшін бір­лескен іс-шаралар өткізу, тәжірибе алмасу көзделіп отыр. Тіпті қажет бол­ған жағдайда көшбасшы әйел­дер заң шығаруға да дайын. Мәселен, пандемия кезінде әйелдер зорлық-зом­былыққа көп ұшырағаны бел­гілі. Содан бері жағдай күр­деленбесе, азайған жоқ. Айгүл Құспанның айтуынша, Орталық Азия елдерінің әйелдері бұл тақырыпты қоз­ғауға құлықсыз. «Бірақ қоғам­дағы осы күрделі мәселені жылы жауып қоюға болмайды. Бұл жерде адам өмірі тұр», деді комитет төрағасы.

Ал Өзбекстан болса тұрмыс­тық зорлық-зомбылыққа қа­тысты арнайы заң шығарған. Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісі Сенатының мүшесі Гульнар Марупова қазіргі таңда бұл заңға түзетулер енгізіліп жатқанын айтты.

«10 заң мен 5 кодекс­ке түзе­тулер енгізіп жатырмыз. Біз тұр­­мыстық зорлық-зом­­бы­лық­қа қатысты заңды кри­ми­нали­зацияладық. Заңды қатайт­тық, бұл қылмыс болып саналады. Мәселен, отба­сында зорлық-зомбылық көрсеткен адам сотталып, белгілі бір мер­зімге қамалған болса, оған ра­қымшылық жасалмайды, сол мерзімді соңына дейін өтейді. Сонымен қатар біз қауіпсіздік ордерлерін береміз, мұның ық­палы мықты. Өткен жылы әйелдерді қорғауға 30 мыңға жуық ордер берілді», деді Гуль­нар Марупова.

Жалпы, қазақ қоғамындағы әйел тек дәстүр мен отбасы оша­ғын сақтаушы ғана емес, сондай-ақ ол еліміздің қоғамдық-саяси және экономикалық өмі­­ріне белсене араласады. Алайда сарапшылардың айтуынша, басшылық қызметте көш бастаған әйелдер аз. БҰҰ мәліметі бойынша үкімет­тегі әйелдердің үлесі – 4, Се­натта – 18, Мәжілісте – 27, мәс­лихаттарда 30 пайызды құрай­ды. Ал қала және аудан әкім­дерінің 1,5 пайызы ғана әйелдер, облыс әкімдері тіпті 0 пайыз. Ғылым саласында – 53,4, судья­лар құрамы – 51, МЕҰ және кәсіподақ басшылығында – 32,3, ШОБ – 43, полицияда – 14,6, әс­кери салада – 10, корпорация басшылығында – 3, шаруа қожалығы басшылығында 20 пайыз әйелдер бар. Осы орайда БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Стори көшбасшы әйел­дердің үлесін арттыру қа­жеттігін айтты. Оның пікірінше, Қазақ­стандағы сандарды еселеп, жалпы Орталық Азиядағы қоғамға белсене араласатын әйелдердің рөлін арттыру ма­ңызды.

БҰҰ Бас хатшысының сая­си мәселелер жөніндегі кө­мек­шісі, БҰҰ-ның Орталық Азия үшін превентивтік дипло­матия бойынша өңірлік орта­лығы басшысының міндетін уақытша атқарушы Мирослав Енча диалогтің алғашқы отырысында бейнеүндеу жолдады. Ол БҰҰ-ның аймақтағы бастамаларына белсене қатысқаны үшін Қазақстанға алғыс айтып, әйелдер мен жастарды қол­­дау аясындағы өзара іс-қи­мыл еліміздегі барлық мекеме мен ұйымды қамтитынына сенім білдірді. Қазіргі уақытта Батыс Сахарадағы БҰҰ миссия­сына қазақстандық 6 әскери бақылаушы, соның ішінде

1 әйел сарбаз қатысып жатыр. Қазақстан Қарулы Күш­терінің БҰҰ бітімгершілік миссияларына қатысуын кеңейту жөніндегі Жол картасында әйел әскери қызметшілерді даярлау туралы тармақ бар. Осы орайда сессия қорытындысы бойынша қабылданған Орталық Азия елдері әйелдері диалогінің 2023 жылға арналған іс-шаралар жос­парына Алматыда «Әйелдер, бейбітшілік және қауіпсіздік» тақырыбында халықаралық кон­ференция өткізу мәселесі ен­гізілді.

«Әйелдердің қатысуымен инновациялар мен технология­ларды дамыту саласындағы озық тәжірибелер» тақырыбына арналған сессияда жаңа технологияларды дамытудағы әйел­дердің рөлін көрсететін табысты инновациялық жобалар таныс­тырылды. Онда қатысушылар әйелдер стартаптарын, жасанды интеллект, ауылдық жерлерде цифрландыруды дамытуға бағытталған цифрлық жобаларды талқылады. Сонымен қатар отбасы мен қоғамның, әйелдер кәсіпкерлігінің, кәсіптік-тех­ни­калық білім беру мен жұ­мыспен қамтудың өзекті мә­селелерін шешу жолдарын ұсынды.

БҰҰ Әйелдер өңірлік офи­­сінің мәліметі бойынша Еуропа мен Орталық Азия аумағында 60 миллионнан астам әйел мобильді интернетке қол жеткізе алмай отыр. Сондықтан ерлерге қара­ғанда оқу мен экономикалық даму мүмкіндіктерін жиі пайдалана алмайды. Нақты және жаратылыстану ғылымдарындағы гендерлік теңсіздік орта мектепте басталып, жоғары сыныпта нығаяды, жоғары оқу орнында қарқын алып, еңбек нарығына дейін жалғасады. Нәтижесінде, әйелдер техникалық және тех­нологиялық инновацияларды жасауға жауапты салаларда салыстырмалы түрде жеткіліксіз қамтылған. Сонымен қатар сарапшылардың пікірінше, заманауи цифрлық трансформация әйелдердің экономикалық және әлеуметтік құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады әрі Орталық Азияның барлық мемлекеті жариялаған гендерлік теңдікті арттыру мақсатына пайдаланылады.

Орталық Азия елдері әйел­де­рінің диалогі үш жыл бұрын жұмыс істей бастады. Бұл – өңірдегі әйел пар­ла­ментшілері арасындағы ын­ты­мақтастықты дамыту мен нығайтудың өзекті мәселелерін талқылауға арналған бейресми алаң. Диалогке 2021 жылы Өзбекстан және 2022 жылы Түрікменстан төрағалық етті. Диалог БҰҰ-ның Орталық Азия үшін превентивтік дипло­матия жөніндегі өңірлік ор­талығы, БҰҰ Да­му бағдарламасының және «БҰҰ-әйелдер» құры­лымының қолдауымен құ­рылып, қызмет етіп келеді. Жалпы, Орталық Азия елдері әйелдерінің диалогі «Әйелдер, бейбітшілік және қа­уіпсіздік» жаһандық күн тәрті­біне, 2030 жылға дейінгі тұ­рақ­ты даму күн тәртібіне, жа­һан­дық мақсаттарға қол жеткізу жөніндегі іс-қимыл онжылды­ғына және БҰҰ қол­дауымен әзірленген басқа да нор­мативтік негіздемелерін қолдайды.

БҰҰ диалогтегі Қазақ­стан­ның төрағалығына зор үміт артып отыр. Әсіресе қазіргі гео­саяси тұрақсыздық кезінде шие­леніскен мәселелерді шешуде әйелдердің рөлі ерекше екенін айтады ұйым сарапшылары. Сондықтан диалог аясында өткізілетін іргелі жиындар нәтижелі болады деген жоспар бар.

Айта кетейік, Өзбекстан Рес­пуб­ликасы Олий Мажлисі Се­натының мәліметі бойынша 2021 жылы Өзбекстан Орталық Азия мемлекеттерінің жетекші әйелдер диалогіне төрағалық жаса­ған кезінде 12 түрлі іс-шара ұйымдастырып, 8 маңызды құжат қабылдаған.