Парламент • 20 Маусым, 2023

Парламент Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның есептерін бекітті

175 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Парламент палаталарының бірлескен отырысында депутаттар 2022 жылғы бюджеттің атқарылуы туралы Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның есептерін бекітіп, «Прокуратура туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заңды қабылдады, деп хабарлайды Egemen.kz Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Парламент Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның есептерін бекітті

Парламент палатарының бірлескен отырысының күн тәртібіндегі бірінші мәселе – ҚР Конституциялық Сотының «Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы» жолдауы жайлы болды. Конституциялық Сот төрағасы Эльвира Әзімова Мемлекет басшысының конституциялық реформасының нәтижесінде Конституциялық Сот құрылып, азаматтарға осы органға қорғау үшін жүгіну құқығы берілгенін атап өтті.

– Бес ай ішінде үш мыңнан астам азамат өз құқықтарын конституциялық қорғауға жүгінді. Бұл цифрлар азаматтардың жаңа органға деген жай ғана қызығушылығының дәлелі емес, өтініш берушілердің әрқайсысының өз құқықтарын қорғау ниетін растайды. Бұл ретте Қазақстан заңнамасында Конституциялық Сотқа жүгінгенге дейін құқықтық қорғаудың басқа құралдарын қолдану туралы талап жоқ, – деді Э.Әзімова.

Конституциялық Соттың төрағасы азаматтың конституциялық жүгіну институты қоғамның, мемлекеттік аппараттың және азаматтың конституциялық құқықтық сана мен құқықтық мәдениет деңгейін арттыруды талап ететініне мән берді. Қарау қорытындысы бойынша Парламент Конституциялық Соттың жолдауын назарға алу туралы шешім қабылдады. Күн тәртібіндегі екінші мәселе – Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның 2022 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін бекіту. Бұл жөнінде Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев пен Жоғары аудиторлық палата төрайымы Наталья Годунова баяндама жасады. Мәжіліс депутаты Ұласбек Сәдібеков республикалық бюджеттің атқарылуының негізгі тұстары мен өзекті проблемаларына тоқталып, Үкімет есепті талқылау кезінде айтылған ескертулер мен ұсыныстарды алдағы уақытта ескеруі қажет екендігін айтты.

– Мемлекет басшысы бюджетті жоспарлау және мемлекет қаражатын жұмсау кезінде қабылданатын барлық шешім мейлінше тиімді болуға тиіс екенін бірнеше рет атап өткен болатын. Бюджетті жоспарлау мен атқаруда созылмалы сипатқа ие болып отырған кемшіліктер туралы мәселені депутаттық корпус та үнемі көтеріп отырады, – деді депутат.

Жарыссөз нәтижесінде Мәжіліс пен Сенат депутаттары Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның есептерін бекіту туралы шешім қабылдады.