Аймақтар • 20 Маусым, 2023

Байланыс өрісі кеңейеді

317 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті енді «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының ғылыми-индустриялық орталығына айналады.

Байланыс өрісі кеңейеді

Осыған байланысты университетте «ҚазМұнайГаз» ұлт­тық компаниясы мен еншілес кәсіп­орындары өкілдерінің қаты­суымен дөңгелек үстел өтті. Он­дағы мақ­сат – аталған білім беру ордасын ұлттық компанияның корпо­ративтік ғылыми-индустриалды орталығына (R&D орталығы) айналдыру мәселесін талқылау. Облыс әкімі Серік Шәпкеновтің айтуынша, оқу ордасының іргелі ғылыми-индустриалды орталыққа айналуының бірнеше себебі бар. Біріншіден, оқытушылар мен студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысуына жол ашылады. Екіншіден, өңірде жоғары білімді мамандардың тұрақтауына мүмкіндік береді.

– «ҚазМұнайГаз» ұлттық ком­паниясының еншілес кәсіп­орындары мен академиялық қа­уым­дастық өкілдерінің бір алаң­ға жиналуын ортақ мақсат пен мүдде жолындағы бірлескен қадам деуге болады. С.Өтебаев атын­дағы Атырау мұнай және газ университеті – еліміздегі мұ­най-газ саласының ғылыми-инно­ва­циялық орталығына айналуды мақсат етіп отырған жоғары оқу орны. Мұнда жаңа жобаларды іске асыруға мол мүмкіндік бар, – деді С.Шәпкенов.

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиевтың пікі­рінше, университетпен тығыз жұ­мыс істеудің маңызы зор. Өйт­кені отандық компания өткен жыл­дан бері білім саласына ерекше назар аударып отыр.

– Атырау мұнай және газ университеті – салалық білімнің көшбасшысы, бір облыстың ға­на емес, басқа да өңірлердегі өнер­кәсіп кәсіпорындарына кадр даярлайтын ұстахана. Ұлттық компания ретіндегі міндетіміз – теория жағынан ғана жақсы дайындалған емес, сонымен қатар өндіріс орындарында тәжірибеден өткен білікті мамандарды даярлауға қолдау көрсету. Студенттерді тәжірибе жинауға тарту, жұмысқа алу осы университетпен жасалған ме­­мо­рандум аясында жүзеге асырылады. Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұ­мыстарына тарту жоспарымызда бар. Өйткені біз еншілес кәсіп­орындардың дамығанын, өнді­рісте заманауи ғылыми жоба­лардың енгізілгенін қалаймыз. Ұлттық компания мен университет арасындағы байланысты ны­ғайта беруіміз қажет. Өнді­ріске енгізуге болатын барлық инже­нерлік шешімге жан-жақ­ты қолдау көрсетіледі. Сол себеп­ті бұл білім ордасы біздің ком­панияға маман даярлайтын кадр ұстаханасы бола алады, – деді М.Мырзағалиев.

Кездесуде университет пен ұлттық компания басшысы ғы­лыми-академиялық бағытты да­мытуға қатысты ынтымақтастық пен өзара түсіністік туралы ме­морандумға қол қойды. Құжатқа сәйкес отандық компания мен оның еншілес кәсіпорындары R&D орталықта ғылыми-зерт­теу және тәжірибелік-конс­трук­­­торлық шешімдерге баста­ма­шылық жасағалы отыр. Оның ішінде көмірсутектерді барлау, өндіру, мұнай химиясы, мұнай өңдеу, мұнай мен газды тасымалдау және тағы басқа ба­ғыт­тар бойынша цифрлық, тех­никалық технологиялық міндет­терді іске асыру бар. Бұдан былай уни­весритет студенттері өнер­­кәсіп нысандарында өнді­ріс­тік тәжірибеден өтеді. Кәсіп­о­рындардың инженерлік-тех­никалық тобындағы мамандар ментор ретінде студенттерге тә­жірибесін бөліседі. Ал компа­ния фа­культеттердегі зертха­налық және тәжірибелік-конс­трукторлық ин­фрақұрылымы өзге­ше дамытуға қолдау көр­сетеді.

Сондай-ақ университет пен «ҚазМұнайГаз» Инжиниринг» компаниясының ынтымақтастық перспективалары талқыланды. Аталған компания ғылыми зерттеу жүргізіп, мұнай-газ сала­сының тұтас кешені бойынша өндірістік-техникалық талдау жасайды. Ал ғылыми зерттеу­лерді кен орындарында сынақ­тан өткізу, ғылыми кадр­ларды еншілес кәсіпорындарда өндіріс­тің қолданбалы міндеттерін шешу үдерісіне тарту мәселелері шешімін табады.

 

Атырау облысы