Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»
Жанашырлық өнегесі
Волонтерлік қозғалыс қазіргі күні бүкіл әлемде өзара риясыз көмек пен патриотизмнің, қоғамға және елге пайдалы адам болудың үлгісі ретінде жан-жақты дамып келеді. Қазақ елі де еріктілер қозғалысына ерекше мән беріп отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2020 жыл елімізде Волонтер жылы деп жарияланғаны белгілі. Айтулы кезеңді қорытындылауға арналған жиында Мемлекет басшысы: «Бұл жанашырлыққа, жауапкершілік пен қамқорлыққа үндеген кезең болды. Біз мұқтаж жандарға қолұшын беріп, түрлі қиындықтармен бірге күрестік. Осылайша, адамгершілік құндылықтарды жоғары бағалайтын қоғам екенімізді таныттық. Әлемді жайлаған індет қайырым мен мейірімнің қаншалықты маңызды екенін анық көрсетті», деген болатын.
Күні кеше Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев волонтерлік қозғалыстың отаншылдық рухты көтерудегі маңызын тағы да айрықша атап: «Мен еріктілер туралы үнемі айтып жүрмін. Себебі еріктілер – ең алдымен, патриот жандар. Олар еліміздің дамуына, оның келбетін жақсартуға зор үлес қосып жатыр. Біз бүкіл қоғам болып еріктілерді қолдауымыз керек, олардың еңбегін бағалап, марапаттап отыру қажет», деді.
Елордамызда басталған халықаралық форум адамгершіліктің асылы – өзгеге және еліңе қолұшын созып, оның тағдыры үшін күресудің мән-мағынасын ашу мақсатында өтіп жатыр. Алқалы жиынға 400-ден астам адам жиылды. Оның ішінде 140 халықаралық ұйым өкілдері мен шетелдік қатысушылар бар. Форум аясында волонтерлердің қызметіне қатысты түрлі тақырып ортаға салынып, талқыланды.
Халықаралық ынтымақтың маңызы
«Халықаралық волонтерлік бастамалар: тәсілдер мен тәжірибелер» атты бірінші сессияда жиынға қатысушылар мен қонақтар халықаралық волонтерліктің даму маңыздылығын талқылап, отандық және ірі шетелдік ұйымдардың өкілдері Қайрат Сарыбай, Дәурен Абаев, Микаэла Фриберг-Стори, Ронни Линдстром, Эмилия Асадова, Катариина Йарви және басқалар сөз сөйледі. Сарапшылар халықаралық волонтерліктің белсенді дамып келе жатқанын атап өтті. Мәселен, БҰҰ даму бағдарламасымен жұмыс аясында 7 қазақстандық волонтер Иордания, Кения, Таиланд пен Түркиядағы БҰҰ-ның түрлі құрылымдарында жұмыс істеді. Бұл шара біздің елге волонтерлік қызмет саласында әлемдік оң тәжірибені енгізуге мүмкіндік берді.
Сессия ашылуында сөз алған ТМД бас хатшысының орынбасары Дәурен Абаев волонтерлік қоғамның әр саласындағы түйткілдерді тиімді түрде шешуге мүмкіндік беретін маңызды әлеуметтік институт екенін айтты.
– Еріктілер қоғамының белсенділігі қоғамның алға жылжуын, дамуы мен өздігінен ұйымдаса алу қабілетін көрсетеді. Қазақ халқында «Жақсылық болған жерде тапшылық болмайды» деген керемет мақал бар. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып қоғамға қызмет ету – қашаннан қанымызға сіңген асыл қасиет. Әлем бойынша волонтерлік қызметке 150 млн адам өз еркімен араласады. Бұл – кәмелетке толмағандарды есептемегендегі көрсеткіш. Пандемия кезінде волонтерлердің маңызы мен өзектілігі артты. Осыдан кейін олардың қоғамдағы орны айшықтала түсті, – деді ол.
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың форум қатысушыларына арнаған хатын сенатор Нұртөре Жүсіп оқып берді.
– Волонтер жылы аясында жаңа жобалар қолға алынып, сәтті іске асырыла бастады. Бүгінгі форумды да соның бір нақты нәтижесі деуге болады. Қоғам ілгері жылжып, дамуы үшін волонтерлік қызметтің маңызы өте зор. Ел басына күн туған қиын замандарда түрлі табиғи апатта адам баласы бір-біріне қолдау көрсетіп, көмек қолын созып, тығырықтан шығар жолды бірлесіп іздейді. Былтыр Қазақстанда өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезінде 500-ден астам волонтердің қызмет еткенін жақсы білеміз. Қазақта «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген сөз бар, осындай кездері ауыр жүкті бірлесіп көтеруге еліміздің еріктілері ерекше атсалысып келе жатыр, – деді сенатор. Ол сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықты дамыту, БҰҰ «Еріктілер» бағдарламасы ұйытқы болып жатқан бастамаларға тоқталды.
Түркі мемлекеттері ұйымының бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев адамдар бүгінде әлеуметтік проблемаларды шешуге, көмекке зәру адамдарға жәрдемдесуге бейімделгенін, әсіресе пандемия өршіп тұрған кезде волонтерлердің арқасында осындай қиындыққа төтеп бере білгенімізді атап өтті. «Бұл – бізде жанашыр жандардың көп екендігінің көрсеткіші. Бүгінгі кездесу жаңа жобалар мен идеялардың бастамасы болатынына сенімдімін. Біздің әлі бір-бірімізден үйренеріміз көп», деген мейман түркілердің дәстүрлі мәдениетінде ерте заманнан тайпалық өзара көмек көрсетуді бейнелейтін «асар» деген ұғым бар екенін, яғни волонтерлік қасиет бізде бұрыннан қалыптасқанын баса айтты.
– Бұл әдет-ғұрып біздің бауырлас халықтарымыздың өмірінде ерекше рөл атқарады. Кез келген өмірлік жағдайда біреу тамаққа, баспанаға немесе киімге шұғыл мұқтаждыққа тап болса, туыстары мен достары көмекке келді. Форум біз үшін күшті және тиімді волонтерлер қауымдастығын құруға көмектесетін тәжірибе, идеялар және стратегиялармен алмасудың тамаша мүмкіндігі деп айтуға болады. Волонтерлік – үлкен күш және соған сәйкес жауапкершілікті көтеруі керек, – деді шетелдік мейман.
Ал Финляндиядан келген Бүкіләлемдік азық-түлік бағдарламасының әйелдер кәсіпкерлігі бойынша маманы Катариина Йарви өзінің волонтерлік тәжірибесінен мысалдар келтіріп, жолын қуған жастарға ақыл-кеңесін білдірді. «Волонтерлік қызмет мен үшін қызық болды. Ең алғаш студенттік одақтың клубында ерікті ретінде бастадым. Академиялық іс-шаралар мен кештерді жоспарлауға, ұйымдастыруға қатыстым. Сонымен қатар студенттік одақтың президенті болдым. Сол уақытта жыл сайын 200-ден аса іс-шараға жауапты болдым. 400 еріктіні басқардым. Бұған қоса жылына 1 млн доллар қаржы жинаумен айналыстым. Мен үшін мұның бәрі тәжірибе болды. Жастарға айтқым келетіні, волонтер болып жүріп, өзіңді жаңа қырыңнан танисың, көп мүмкіндікке жол ашылады. Ең бастысы, өзіңізге немен айналысу керек екенін тез айқындайсыздар», деді ол.
Төтенше жағдайлар – сын сағаты
Халықаралық форум аясында төтенше жағдайлар кезіндегі волонтерлердің үлесі тақырыбына айрықша назар аударылып отыр. ЮНЕСКО клубтары ассоциациясының өкілі Виталий Никонович модераторлық еткен «Төтенше жағдайлар кезіндегі волонтерлік» сессиясы барысында Қазақстан мен Түркия мемлекеттік органдарының, Еуропа және ТМД елдерінің, шетелдік ұйымдардың өкілдері Сырым Шәріпханов, Эртан Озчабан, Дильмира Блац, Севаль Гузелкилинч, Татьяна Миронюк, Римма Сабаева және басқалар сөз сөйледі.
Ел басына күн туғанда, әртүрлі қиыншылық келгенде қоғам игілігі үшін еңбегін тегін арнайтын еріктілер – бүгінгі күннің шын батырлары. Оны жуырда Абай облысына арнайы барған Мемлекет басшысы да еріктілермен кездесуінде атап өткен болатын. Форумда сөз сөйлеген Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов пандемия және өткен жылғы Қостанай облысы мен биылғы Абай облысында орын алған алапат өрт кезінде қатерге қарсы күреске жұмылған еріктілердің ерлігін айрықша атап өтті.
– Мәселен, пандемия кезінде волонтерлер қиын жағдайда қалған 1 млн 258 мыңнан астам азаматқа көмек көрсетті. Олардың қатарында соғыс және еңбек ардагерлері, жалғызбасты қарттар, әлеуметтік осал топтағы азаматтар, көпбалалы, аз қамтылған отбасылар бар. Еріктілер аталған азаматтарға 93 мың азық-түлік себетін, 5,5 млн-нан астам бетперде таратты. Қоғамдық бақылау жүргізу үшін волонтерлер мен белсенділер тобы ел бойынша 397 волонтерден тұратын «Қоғамдық бақылау» тобын құрды, – деді Сырым Шәріпханов.
Төтенше жағдайлар министрінің айтуынша, Қостанай облысындағы өрт кезінде мыңнан астам волонтер зардап шеккендерге 1200 тоннаға жуық көмек жинап, алғашқы қажет заттар мен азық-түлігі бар 150 машина жіберген. Ал өткен қыста Екібастұз қаласында болған ТЖ кезінде 300-ден астам волонтер гуманитарлық көмекті қабылдау және іріктеу бекеттерін ұйымдастырды.
– Түркиядағы зілзала кезінде бауырлас елге көрсетілген көмек – елдегі волонтерлік пен қайырымдылық дамуының ең жарқын көрінісінің бірі. Ұлттық волонтерлер желісі гуманитарлық көмекті жинау бойынша жұмыс жүргізді. Нәтижесінде, Түркияға 500 тоннадан астам гуманитарлық көмек пен 150 киіз үй жіберілді. AFAD қорына қазақстандықтар 10 млн АҚШ долларынан астам қаражат аударды, – деді министр.
Оның айтуынша, қазіргі күні Абай облысындағы төтенше жағдай кезінде мыңға жуық волонтер жұмыс істеп жатыр. Kaspi.kz пен Ұлттық волонтерлер желісі бірлесіп, төтенше жағдайдан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін 200 млн теңгеден астам қаражат жинады. «Волонтерлер азық-түлік сатып алу, салу және дайындаумен айналысады. Автоволонтерлер қажетті құралдар мен азық-түлікті тасып жатыр. Тек соңғы күндері волонтерлер 1,5 тонна ауыз су, 400 кг қой және құс еті, 600 кг көкөніс (картофель, пияз, сәбіз), 100 литрден астам маймен қамтамасыз етті», деді Сырым Шәріпханов.
Волонтерлер – алдыңғы шепте
Халықаралық волонтерлер форумының «Жасыл із: волонтерлердің экологиялық проблемаларды шешуге қосқан үлесі» сессиясында қатысушылар мен қонақтар еріктілердің экологиялық мәселелерді шешуге қосқан үлесін талқылады. «Жас Ұлан «ББЖҰ» РҚБ төрағасы Динара Сәдуақасова төрағалық еткен жиын барысында Орталық Азия, Италия және басқа елдердің белгілі экологиялық қозғалыстарының өкілдері Шасалим Шағалимов, Роберто Болтри, экоблогер Нұрай Сатимов, Әлімхан Айбек, т.б. сөз сөйледі.
Мамандар әлемнің барлық аймағына экологиялық апат қаупі төніп тұрғанын, осы тұрғыда жануарлар мен өсімдіктер әлемін қорғау, сол арқылы адамзат баласының да жайлы өмір сүруіне жағдай жасау күн тәртібінен түспейтінін еске салды. Экологияны сақтау мәселелері Қазақстан үшін зор маңызға ие. Сарапшылардың пікірінше, әртүрлі елдегі экологияны жақсарту және жануарларды қорғау бойынша жұмыс істеп жүрген волонтерлер осы бағыттағы ең белсенді адамдар болып есептеледі. Өйткені олардан басқа осы проблеманы ойлап бас ауыртып жүрген тұлғалар некен-саяқ. Ал біздің елімізде тұрғындарды экология саласындағы волонтерлік қызметке тартуға бағытталған «Birgemiz: Taza álem» жалпыұлттық жобасы іске асырып келеді. Жоба аясында 200-ден астам шағын грант іске асырылды, 7 мыңнан астам ағаш отырғызылды, 40 мыңнан астам адамның қатысуымен экологиялық айлықтар мен акциялар өтті. Осы бағыт бойынша волонтерлер 135 мың сағаттан астам жұмыс істеді.
Бұдан бөлек, халықаралық форумның бірінші күні түстен кейін қатысушылар «Волонтерлер қозғалысының аймақтық консолидациясы», «Волонтерлік бастамаларды ілгерілетудегі БАҚ-тың рөлі», «АӨСШК елдерінде волонтерлікті дамыту келешегі», «Табысты волонтерлік жобалар бойынша ашық микрофон» атты сессия отырыстарында маңызды мәселелерді талқылап, келелі ойларын ортаға салды.
Мәселен, барлық адамға үлгі болу үшін күш-жігері мен алтын уақытын сарп етіп, еліне еңбегін тегін арнап жүрген еріктілердің өнегесі БАҚ арқылы кеңінен насихатталғаны дұрыс. Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ғылыми-практикалық орталығының бас директоры Мақпал Жұмабай модератор болған сессия барысында осы айтылған мәселе талқыланып, халықаралық және отандық БАҚ өкілдері, медиаволонтерлер мен блогерлер волонтерлік қозғалыстардың жұмысын кеңінен насихаттаудың жолдары туралы ойларымен бөлісті.