Пікір • 20 Маусым, 2023

Қайырымдылық қанаты

312 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қайырымдылық қанаты

Бала кезімнен көрші-көлемге, мүмкіндігі шектеулі жандарға, жан-жануарларға көмектесуге ұмтылатынмын. Шынымды айтсам, мен мұны волонтерлік деп есептемедім. Бұл ұғымның да не екенін білмедім. Тек волонтерлік қозғалыс құрамына қосылған соң ғана, бұл іске тереңнен үңіле бастадым.

Жиған біліміңмен бөлісесің, кейін жаныңа сенімен рухтас, сенімен үндес адамдар шоғырлана бастайды. Міне, бұл зияткерлік волонтерлік деп аталады. Негізі көп адам өздерінің жасап жатқан көмектерін еріктілікпен айналысып жатырмын деп есептемейді. Сондықтан мұндай кең ауқымдағы форумдар еріктіліктің ермек емес екенін, оның мән-мазмұнын жан-жақты түйсінуге жәрдем береді.

Пандемия кезінде де ортадан қалыс қалма­дық. Көп іске жан бітірдік, дем бердік. Дәрі-дәр­мектен бастап, ерекше жандарға арба тасумен айналыстық. Білім адамның санасына мәңгіге сақталады, адамдарға өмір бойына қалатын азық қалдырғым келді. Менің қазіргі бағытым – зият­керлік волонтерлік.

Айта кететін бір ұсынысым. Елдегі волон­терлікте жүйелі байланыс жоқ. Волонтерлік қызмет – өз еркіңмен баратын қайырымды іс-шара. Дегенмен бұл жүрек қалауының қызметі қазақ халқының қоғамдық-әлеуметтік өмірінде ежелден келе жатқан – жылу жинау немесе асар жасау дәстүрлерінің тарихи жалғасы. Табиғат апатынан немесе өзге де бақытсыздық салдарынан баспанасынан, мал-мүл­кінен айырылған отбасына ауыл болып көмектесуді қазақта «жылу жинау» деп те айтады. Қоғам мұны ұмытқан да сыңайлы. Демек бала кезінен әр жанға бұл әлемде жалғыз емес екенін сезіндіретіндей тәрбие беру керек. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» екенін ұғындыру қажет. Тәлім-тәрбиемен бойына сіңген дүниенің тамыры үзілмейді. Біз осы тұсымызды шетелге үлгі ете аламыз.

 

Захира БЕГАЛИЕВА,

«IteachMe» қорының директоры, инклюзивті волонтер