Терроризм – әлемдік саясаттың күн тәртібінен түспейтін маңызды тақырыптың бірі. Дегенмен 2022 жылы лаңкестік салдарынан қаза болған адам саны 2021 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 9 пайызға, яғни 6 701 адамға азайды. Бұл 2015 жылғы ең жоғарғы көрсеткіштен 38 пайызға төмен. Сол жылы террорлық акті салдарынан 10 мыңнан адам қаза тапқан болатын. Адамдардың қазаға ұшырауының азаюы террорлық актілердің 28%-ға кемуіне байланысты. Мәселен, лаңкестік әрекеттер саны 2021 жылы 5 463-тен 2022 жылы 3 955-ке дейін төмендеген.
Әлемде 2007-2022 жылдар аралығында терроризм салдарынан 137 009 адам қаза болған. 2022 жылы 42 мемлекетте кемі 1 адамның лаңкестің қолынан қаза табу фактісі тіркелген. Яғни индексте қамтылған 163 мемлекеттің 121-інде (оның ішінде Қазақстан да бар) террорлық акті кезінде ешбір адам қаза болмаған немесе бұл елдерде мүлде терракт болмаған. Бұл – лаңкестік әрекеттер туралы дерек жинала бастаған 2007 жылдан бергі ең төмен көрсеткіштердің бірі.
Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка (ТШСА) – 2012-2022 жылдар аралығында ең көп террорлық акті жасалған аймақтар. Соңғы алты жылда осы кеңістікте терроризм деңгейі төмендеген. 2016 жылы жаһандағы терроризмнің 57 пайызы ТШСА аймағында өтсе, 2022 жылы бұл көрсеткіш 12 пайызға төмендеді.
Ресей және Еуразия өңірінде 2022 жылы 6 террорлық шабуылдан 2 адам қаза тапқан. Ал 2021 жылы 1 лаңкестік актіден 2 адам қайтыс болған еді. Дегенмен өңірде өлім саны азайып келеді. 2010 жылы террорлық әрекет құрбаны 323 адамға жетіп, қазірге дейін ең үлкен көрсеткіш болып тұр. Өңірге жататын 12 елдің 8-іне 2022 жылы 0.000 ұпай берілді, бұл соңғы 5 жылда осы елдерде бірде-бір террорлық акті тіркелмегенін көрсетеді.
Батыс әлемін (дамыған Еуропа елдері және Канада мен Аустралия) есепке алмағанда террорлық акті салдарынан қаза тапқандардың 98 пайызы қарулы қақтығыс өтіп жатқан аймақтарда тіркелген. Сол себепті зерттеуде Батыста болған террорлық әрекеттердің себебін негізгі үш топқа бөліп қарастырған. Олар: идеологиялық, сепаратистік және діни терроризм.
Батыста 2007-2022 жылдары болған террорлық акті салдарынан қаза тапқандардың шамамен жартысы дін, 31 пайызы идеологияға байланысты болғаны айтылады. Соңғы 5 жылдағы террорлық актілерде идеологияның ықпалы артқан.
Қорытындылай келе әлемде терроризм деңгейі төмендеу үрдісін байқауға болады. Әсіресе кейінгі бірнеше жыл бойы «қызыл нүктеге» айналған Таяу Шығыс аймағының бейбітшілікке бір табан жақындағанын көре аламыз. Террорлық актілер орын алған елдер саны да, одан қаза тапқандар да азайған.
Сүйіндік ҚАБЫЛ,
Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы