Жуырда “Қазпоштаның” Семей қалалық филиалының бастығы Манарбек Молдарахимов бізге ежелден мұңымыз да, жырымыз да бір еді, енді министрлігіміз де бір, ендеше баспасөзге жазылу науқаны барысында шалғайдағы Қайнар ауылындағы пошта бөлімшесінің жұмысымен танысып қайтпаймыз ба деген мазмұнда өтініш білдірген.
Бақсақ бақа екен демекші, “Қазпоштаның” қалалық филиалы өткен жылдың қорытындысымен өз саласында облыс бойынша жеңімпаз атанса, ал Қайнардағы бөлімше қалалық филиалға қарасты отызға жуық бөлімше ішінен бірінші орынды иеленіпті. Бұл енді айтқанға ғана оңай. Әйтпесе, Семей, Курчатов қалалары мен Шүлбі қала үлгісіндегі кенті ішінен оза шауып , бас жүлдені иелену үлкен жетістік.
Өткен жылдың қорытындысы демекші, сол жылы ел газеті “Егеменнің” Семей өңірі бойынша таралымы біршама артып, 1200 данаға жеткен еді. Соған Абыралы өңіріндегі алты ауылдық округті байланыс қызметімен қамтамасыз етіп отырған Қайнар бөлімшесінің де қосқан үлесі зор. Қаладан бұл жаққа хат-хабар, түрлі деңгейдегі басылымдар апта ішінде үш рет жеткізіліп тұрса, соны аталған бөлімше ауыл-ауылдарға уақытында таратып беретін көрінеді. Мұнда “Егеменнің” екінші жартыжылдыққа таралымы жыл басындағы деңгейге жетіп үлгергенін естіп біздің де көңіліміз бір марқайып қалды.
Қайнар бөлімшесін Талғат Сәлменов деген бауырымыздың басқарып келе жатқанына жиыр-ма жылға жуықтап қалыпты. Яғни, бұл азамат өмірлік тәжірибеден кенде емес. Қазірде бөлімшеде 12 адам жұмыс істейтін көрінеді. Талғат Түсіпбекұлы солардың ішінен өзінің орынба-сары Гүлшат Шыныбаева, операторлар Баһаргүл Мұқышева, Айжан Шайкенова, хат-хабар таратушы Жаңагүл Орынбекованың есімдерін ілтипатпен атай кетуді ұмытпаған. Ол бұдан кейінгі жерде қалалық филиалдың бастығы Манарбек Садықұлына да риза екенін ағынан жарылып баяндап жатты.
Шындығында, сондай қамқорлық нәтижесінде бөлімше ерте бастан компьютерлендіріліп, интернет жүйесіне қосылыпты. Ал ол көптеген игі шараларды жүзеге асыруға мүмкіндік туғызыпты. Қазірде бөлімше еліміздің бес банкімен қоян-қолтық жұмыс жасап жатқан көрінеді. Ауыл тұрғындарынан түрлі төлемдерді қабылдау, ақша аудару, ақша алу секілді шаруаларында ешқандай кідіріс жоқ. Мұның сыртында посттерминал арқылы карточка жүйесін пайдаланушылар қатары да уақыт өткен сайын арта түсіп келе жатқан көрінеді. Ал ауыл тұрғындарына жалақы мен зейнетақыларын уақытында тарату бөлімшенің басты жұмысы болып табылады. Бір сөзбен айтқанда, аталған бөлімше жұмысы саналуан.
Тек бір әттеген-ай ғимарат мәселесіне келіп тірелсе, Молдарахимов мырза осы жолы оны да жартылай шешіп үлгерді. Енді көп ұзамай бөлімше кең де қолайлы ғимаратқа жайғаспақ.
Осы сапар барысында ауыл әкімі Еркебұлан Шәріпхановпен жолығып, тілдескенбіз. Әкім ауылдағы іргелі мекеменің мұндағы игі шаралардан ешқашан сырт қалмайтындығын айта келіп, бөлімше бастығы туралы да жақсы пікір білдірген. Талғат тек іскер басшы ғана емес, өнерпаз жан екен. Ән салатын, Қайнар халық театрының жұмысына үзбей атсалысатын Талғат кезінде Бүкілодақтық фестивальдің лауреаты да атаныпты. Ол қазірде де көркемөнерпаздар қатарынан табылуда.
Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ. Шығыс Қазақстан облысы.