Қоғам • 21 Маусым, 2023

Алматы-Атырау жолаушылар пойызында сәби дүниеге келді

267 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

№29/30 пойыздың жолсеріктері мен жолаушылары жүкті әйелге босануға көмектесті, деп хабарлайды Egemen.kz ҚТЖ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алматы-Атырау жолаушылар пойызында сәби дүниеге келді

Маусымның 19-ы күні Алматы-Атырау бағытындағы №29/30 жолаушылар пойызының Ноғайлы стансасына жеткенше пойыз бригадасының мүшелері жолаушыны шұғыл босандыруға мәжбүр болған.

Жолсеріктер босанған әйелге көмектесу үшін барлық қажетті шараларды қолданған. Оқиға туралы пойыз машинисіне хабарланып, жақын маңдағы станцияға жедел жәрдем шақырылған. Баланың дүниеге келуіне жолсеріктер мен жолаушылар көмектескен.

«Жолаушыларымыз Карина Балғаным мен Ақмамық Бекеноваға алғыс айтамыз. Пойыз бригадасы мен жолаушылардың үйлесімді жұмысының арқасында пойызда ұл бала аман-есен дүниеге келді», дейді пойыз жолсерігі Марал Әділбекова.

Марал Әділбекова теміржолда 15 жыл еңбек етсе, оның 12 жылында Атырау учаскесінде жолаушылар пойыздарының жолсерігі болып қызмет атқарған.

Сағыз стансасына келген соң жаңа туған нәрестемен анасы жедел жәрдем дәрігерлеріне тапсырылды.