Қазақстан • 21 Маусым, 2023

Ақтауда Қазақ-Неміс инженерия институты ашылады

445 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақстан Премьер-министрі Әлихан Смайылов пен Германияның Федералды Президенті Франк-Вальтер Штайнмайер Ақтаудағы Қазақ-Неміс тұрақты инженерия институты ғимаратының құрылысы барысында «уақыт капсуласын» салу рәсіміне қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ақтауда Қазақ-Неміс инженерия институты ашылады

Жаңа білім ордасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикада шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу және өнеркәсіп инженерлерінің жаңа буынын қалыптастыру жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында құрылды. Ол Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің базасында жүзеге асады.

Қазіргі таңда Маңғыстау облысында энергетика саласында бірқатар ірі жобалар іске асырылып келеді, соның бірі – «жасыл» сутегін өндіретін зауыт. Осыған орай, жаңа Қазақ-Неміс институты инженерия саласындағы озық тәжірибе негізінде жергілікті жастар мен еліміздің өзге өңірлерінің тұрғындары арасынан сұранысқа ие техникалық мамандарды дайындайтын болады.

Бакалавриаттың алғашқы студенттерін оқыту осы жылдың қыркүйек айында басталады. 2029 жылы уақыт капсуласын ашу мәртебесі солардың еншісіне бұйырады, онда Әлихан Смайылов пен Франк-Вальтер Штайнмайердің жаңа университеттің алғашқы түлектеріне арнап үндеу хаты орналастырылды.

2023-2024 жылдары дайындық екі бакалавриат бағдарламасы: Гамбург техникалық университетінің «Энергетика және экология инженериясы» және Вильдау техникалық университетінің «Логистикасы» бойынша жүзеге асырылады. Кешенді оқу бағдарламасы Ш. Есенов атындағы университетте үш жыл және Германиядағы серіктес университетте бір жарым жыл оқу мерзімін қамтиды. Осыған байланысты жаңа ЖОО-да неміс тілін үйренуге көп көңіл бөлінетін болады.

Білім беру бағдарламасы болашақта өнеркәсіпті автоматтандыру және робототехника, су ресурстары мен қалдықтарды басқару, жаңартылатын энергия көздерін әзірлеу, технологиялық инжиниринг, заттар интернеті, деректер ғылымы және жасанды интеллект сияқты салалардағы 8 бакалавриат және 6 магистратура бағдарламаларына дейін кеңейтіледі. Инженерлік мамандықтар бойынша қазақстандық студенттер Германияның жетекші жоғары оқу орындарында, соның ішінде Вильдау техникалық университетінде, Гамбург техникалық университетінде, Анхальт қолданбалы ғылымдар университетінде, Берлин техникалық университетінде, Дармштадт техникалық университетінде және т. б. білім алады.

Германияның Федералды Президенті Франк-Вальтер Штайнмайер өз сөзінде жоғары білікті инженерлерді даярлау қазақстандық және неміс компаниялары үшін де тиімді екенін атап өтті.

«Бүгінде екі елде де білікті мамандарға сұраныс жоғары. Мен осы институт пен оның түлектерінің болашағы жарқын болатынына сенімдімін. Бұл – білім саласындағы өте маңызды жоба. Екі ел арасындағы осы саладағы және ғылыми зерттеулер саласындағы ынтымақтастық одан әрі дами бермек. Осы жылдың қыркүйек айында оқудың сәтті басталуына тілектеспін», деді Франк-Вальтер Штайнмайер.

Өз сөзінде ҚР Премьер-министрі көп жылдар бойы Қазақстан мен Германияны өзара тиімді стратегиялық серіктестік байланыстырып келе жатқанын, оның маңызды бөлігі, жоғары білім мен ғылым саласы екенін атап өтті. Қазіргі уақытта екі елдің университеттері арасында 178 келісім жасалып, оннан астам қос дипломдық бағдарламалар жүзеге асырылуда.  Осыған байланысты Қазақ-Неміс тұрақты инженерия институтын құру да өте өзекті болып отыр.

«Институт сұранысқа ие кадрларды даярлауға, ғылыми зерттеулерге және жаңа технологияларды дамытуға, соның ішінде «жасыл» сутегі өндірісі саласына өз үлесін қосатын болады», деді Әлихан Смайылов.

Ол «жасыл» экономиканы дамыту табиғи ресурстарды сақтауға және тұрақты дамуды қамтамасыз етуге бағытталған әлемдегі негізгі трендтердің бірі екенін айтты. Атап айтқанда, сарапшылардың пікірінше, алдағы жылдары сутегіге әлемдік сұраныс металл өңдеу, химия өндірісі және көлік тасымалы сияқты көптеген салаларда айтарлықтай артады.

«Біз әлемдік үрдістерден қалыспай, «таза» технологияларды енгізуге ұмтыламыз. Маңғыстау облысындағы «жасыл» экономика өңірдің мұнай-газ саласына тәуелділігін азайтып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға мүмкіндік береді.  Институт бұған өз үлесін қосып, еліміздің батысындағы ғана емес, бүкіл Орталық Азиядағы жетекші білім ордаларының біріне айналады деп сенемін», деп атап өтті Әлихан Смайылов.

Іс-шараға ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, Қазақстан-Неміс университетінің президенті Волрад Роммель, Есенов атындағы университеттің президенті Берік Ахметов қатысты.