Қазақстан • 22 Маусым, 2023

Үш мүмкіндік күші: Астанадағы EXPO алаңы бизнесті ғана емес, мәдениет пен ойын-сауықты да бір алаңда тоғыстырды

354 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

EXPO іскерлік орталығы елорданың еліміздің экономика, білім беру және мәдени салаларының дамуына өз үлесін қосатын маңызды қоғамдық аумағына және қала жүйесінің бірегей бөлігіне айналды. Ол – бизнес, білім және шығармашылық идеялар үшін де тартымды орталық. «QazExpoCongress» ҰК» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Дәулет Еркімбаевтан барлық бағытты тиімді біріктіріп, аталған алаңды қысқа мерзімде танымал ету туралы сұраған едік.

Үш мүмкіндік күші: Астанадағы EXPO алаңы бизнесті ғана емес, мәдениет пен ойын-сауықты да бір алаңда тоғыстырды

- Дәулет Қуандықұлы, EXPO алаңы елордамыздың ажырамас бөлігіне және Қазақстанның экономика, білім беру және мәдени салаларын дамытудың маңызды факторына айналды. Сонымен қатар, EXPO кәсіпкерлерді, интеллектілік ресурстарды және шығармашылық идеяларды тарту үстінде. Осыған орай, «QazExpoCongress» ұлттық компаниясы менеджментінің табыс формуласы қандай екенін айтып берсеңіз. Қалайша бір алаңда бірнеше бағытты қатар түрлендіруге болады және бүгінгі таңда EXPO дегеніміз не?

- Иә, дұрыс айтасыз. Соңғы үш жыл ішінде EXPO көрме кешенінің аумағы келушілер мен әртүрлі іс-шараларға қатысушылар үшін жайлылық пен ыңғайлылықты қамтамасыз ететін елорданың қолайлы және функциялы инфрақұрылымына айнала отырып, айтарлықтай өзгерістерге ұшырады. Бұл – біздің жетістігіміздің негізгі факторларының бірі.

Осы уақыт ішінде «QazExpoCongress» ұлттық компаниясы білім беру және қаржы ұйымдарын бір орында біріктіре отырып, бірегей имидждік жобаны жүзеге асыра алды.

EXPO аумағын қоғамдық кеңістік ретінде дамытуға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тарапынан ерекше назар аударылып отырғанын атап өту маңызды.

Қазіргі уақытта EXPO іскерлік орталығының аумағында жалпы ауданы 530 мың шаршы метрден асатын 16 ғимарат бар. Бұл ғимараттардың барлығы  бос емес және оларда жұмыс істейтін адамдардың саны 15 мыңнан асады. Мұнда «Астана» Халықаралық қаржы орталығы, Astana Hub IT-стартаптар Халықаралық технопаркі және Astana IT University сияқты ұйымдар орналасқан. Сондай-ақ Цифрлық үкімет офисі, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі орналасқан.

ЕХРО аумағында орналасқан тағы бір объект – «А» класты әлемдік стандарттарға сай келетін Бизнес-орталық. Біріншіден, бұл бизнес субъектілері үшін маңызды нысан деп санаймын. Мұнда табысты жұмыс істеуге және кәсіпкерлік қызметті дамытуға ықпал ететін заманауи кеңсе кеңістігі ұсынылады.

Сонымен қатар, кешен аумағында «Line Brew», «Kakao Dak», «Harrats Pub» мейрамханалары, «Prime Golf» гольф-симуляторы, «Bronx» фитнес-клубы және «Coffee Boom» кофеханасы сияқты түрлі мекемелер қызмет көрсетеді.

Келушілерге ыңғайлы болу үшін тәулік бойы жұмыс істейтін және көлік жуатын орны бар,3 мың көлікке арналған жерасты тұрағы бар.

Жалпы, EXPO аумағы – кеңселерді, білім беру және инновация мекемелерін, сондай-ақ ойын-сауық және спорт нысандарын қамтитын  әртүрлі бизнес кеңістігі.

Биылғы жылдан бастап «QazExpoCongress» ҰК» АҚ өзін-өзі толық өтеуге шыққанын және мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылмайтынын ерекше атап өткім келеді. Бұған компанияның теңгеріміндегі жоғарыда аталған объектілерді коммерцияландыру (объектілерді жалға беру) және конгресс-көрме іс-шараларын өткізу арқылы қол жеткізілді. Бұл іскерлік орталықтың инфрақұрылымын өз қаражаты есебінен ұстауды (объектілердің қауіпсіздігі, қызмет көрсету және жаңғырту) және кешен аумағында іс-шараларды өткізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Осылайша EXPO іскерлік орталығының барлық объектісі мен аумақтарын ұстау мемлекеттік бюджет қаражатын тартпай, ұлттық компанияның есебінен жүзеге асырылады.

Біздің компания бүгінде қолайлы орта құру, әртүрлі секторларды біріктіру және қаржылай өзін-өзі ақтауға қол жеткізу арқылы айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. EXPO-ның табысты жобаға айналдырылуы  Қазақстанның осындай ауқымды іс-шараларды ойдағыдай жасау және басқару қабілетін айғақтайды.

- Бүгінгі таңда EXPO аумағында қандай конгресс-көрме нысандары жұмыс істейді?

- Қазіргі уақытта EXPO іскерлік орталығының аумағында Конгресс орталығы, EXPO Халықаралық көрмесі орталығы, Болашақ энергиясы музейі сияқты маңызды нысандар орналасқан.

Конгресс орталығы – концерттер, форумдар және ресми кездесулер сияқты әртүрлі іс-шараларды өткізуге мүмкіндік беретін көпфункциялы кешен. Биылғы  жылы 50-ден астам іс-шара өткізу жоспарланып отыр. Айтпақшы, оның толық жүктемесі бар және жылына 310 күн жұмыс істейді.

vvv

8-9 маусымда Конгресс орталығында Астана Халықаралық форумы өтті, оған 10 мыңнан астам қонақ, соның ішінде әлемнің 70 елінен мыңға жуық өкіл қатысты. Біздің компания осы іс-шараның техникалық операторы болды.

Тағы бір маңызды нысан – 2020 жылы ашылған EXPO Халықаралық көрме орталығы (EXPO ХКО). Бұл – Орталық Азиядағы жалпы ауданы 23 мың шаршы метрді құрайтын ең ірі көрме алаңы. 12 мың шаршы метр аумақты алып жатқан көрме залына екі футбол алаңы сыйып кеткендей. EXPO ХКО UFI Дүниежүзілік көрме индустриясы қауымдастығының сертификатына ие. Мұнда республикалық және халықаралық көрмелер өткізіледі. Осы жылы 40-тан астам іс-шара жоспарланып отыр.

nnn

Болашақ энергиясы музейі – келушілерді экскурсияларымен, білім беру және мәдени іс-шараларымен қызықтыратын маңызды нысан. Мұнда оқушылар үшін тұрақты негізде ашық сабақтар өткізіледі. Сонымен қатар, 24-25 маусымда музейде АrtLab мектебімен бірлесіп,кескіндеме бойынша балалар мен ересектерге арналған шеберлік кластарын өткізуді жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ шахматтан онлайн-сабақтарды ұйымдастыру мәселесі қарастырылуүстінде. Олардағы ұстаздар әлемдік деңгейдегі шахматшылар болмақ. Бұл – біз жалғастырғымыз келетін үрдістердің бірі.

Биыл біз музейде жаңғырту, дәлірек айтқанда, мазмұнды ішінара жаңарту және жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргіздік. Осы жұмыстар аяқталғаннан кейін музей толық жұмыс кестесіне көшті: сейсенбі- жұма күндері – 10:00-ден 20:00-ге дейін, демалыс күндері – 10:00-ден 21:00-ге дейін, дүйсенбі – техникалық күн. Оған күн сайын 1000-нан 1500-ге дейін адам келеді.

EXPO іскерлік орталығының аумағындағы осы нысандардың барлығы көрмелерді, конгрестерді, іскерлік кездесулерді және мәдени іс-шараларды өткізуге өте қолайлы. Олар экономиканы дамытуға септігін тигізіп, ұлттық және халықаралық қоғамдастықтың назарын аударып отыр.

- Дәулет Қуандықұлы, биыл EXPO аумағында қандай іс-шараларды өткізужоспарланған және олардың қайсысымен мақтана аласыз?

- Жоғарыда айтқанымдай, EXPO аумағында үнемі әртүрлі іс-шаралар өткізіліп тұрады. Біз мұнда орналасқан барлық нысанның әрқашан белсенді қызмет етуін қамтамасыз ету үшін барлық күш-жігерімізді саламыз. Биыл барлық нысанның жұмысы келесі жылға дейін жоспарланып қойылды.

Біз өзіміз ұйымдастыратын жобалар ерекше маңызға ие. Оларды іс-шараларға қатысушылар мен қонақтар жоғары бағалап жүр. Мысалы, «Kids EXPO». Балалар әлемі жәрмеңкесі» - соның айғағы. Өткен жылдың желтоқсан айында өткен «Жаңа жыл Fest» мерекелік жәрмеңкесіне Астанадан ғана емес, Қазақстанның түрлі өңірлерінен 200-ден астам шағын және орта бизнес өкілдері, қолөнершілер мен хендмейдерлер қатысты. Біз осындай іс-шараларды жыл сайын өткізуді жоспарлап отырмыз.

Сондай-ақ EXPO аумағында әр демалыс сайын жазғы сахна жұмыс істейді. Ол өз жұмысын жыл сайын маусым айының басынан   бастайды. Дәл осы арада Ninety One тобы, Джейран, Raim & Artur дуэті, DJ Smash, DJ Timoffey, Ерке Есмахан, Молданазар, Қайрат Нұртас өнер көрсетіп, Say Mo, Abdr., The spirit of Eurasia халықаралық заманауи этникалық музыка фестивалі, The Limba, Формат тобы, Айқын, Cover Fest (Батырхан Шүкеновті еске алу кеші), рок-фестиваль, ORDA FM гала-концерті, Cosplay фестивалі және т. б. әртістердің ашық аспан астындағы концерттері өтті.

rr

Ұлттық компания осы бағытты дамытуды жалғастыра отырып, биылғы жазғы маусымға бірнеше қызықты тақырыптық іс-шара дайындау үстінде. Жақында EXPO Melodies этнофестивалі өтті. Бір алаңда Қазақстанның түкпір-түкпірінен аспаптық және би ұжымдары жиналды. Олар еліміздің мәдени мұрасының байлығы мен музыкалық шеберлігін паш етті.

Жазғы сахна іс-шараларының күнтізбесі маусымның соңына дейін жоспарланған. Мұнда танымал қазақстандық әртістер Дастан Оразбеков, Құрмаш Маханов, Маржан Арапбаева, Айқын және т.б. өнер көрсетеді. Іс- шаралар жарнамасы апта сайын ресми сайтта және компанияның әлеуметтік желілердегі аккаунттарында жаңартылып отырады.

Елорданың барлық ірі іс-шарасы бізде өткізіліп жатқанын өзіңіз байқаған боларсыз: Астананың басты шыршасы салтанатты түрде жағылып, коньки тебу ұйымдастырылып, Наурыз мейрамы және т.б. мерекелер атап өтіледі. Бұл – бізге артылған сенім мен біздің алаңдардың танымалдылығының және сұранысқа ие екендігінің дәлелі.

- Осындай кең аумақта барша үшін қолайлы жағдайды қалай жасай алдыңыздар?

- Осы мақсатқа жету үшін біз айтарлықтай күш-жігер мен ресурстар жұмсаймыз. Мысалы, жақын арада біз роллердром ашуды жоспарлап отырмыз, онда роликтерді тегін немесе жалға алып тебуге болады. Ал қыста бұл алаңда мұз айдыны жұмыс істейтін болады. Осылайша, біздің қонақтар жылдың кез келген уақытында ашық ауада демалуға мүмкіндік алады.

Жалпы, біздің бүкіл командамыз сервистің жоғары деңгейін қамтамасыз етуге және қонақтарымыздың қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған іс-шараларды мұқият жоспарлайды және ойдағыдай іске асырады. Біз сондай-ақ қауіпсіздік, тазалық, қолжетімділік және ыңғайлылық сияқты аспектілерге ерекше назар аударамыз.

Мысалы, EXPO аумағында барлық объектіні, оның ішінде аумақты санитарлық күтіп ұстау, инженерлік-техникалық жабдықтар мен ғимараттарға қызмет көрсету бойынша үздіксіз жұмыс атқарылады. Осыған байланысты, EXPO аумағының кейбір учаскелерінде аймақтың климаттық ерекшелігін, сондай-ақ арнайы техниканың келу мүмкіндігін ескере отырып, бүлінген жол плиткаларының орнына асфальтбетон төсеу жұмыстары жүргізілді.

EXPO іскерлік орталығы аумағының сыртқы келбетін жақсарту үшін сәулет-жоспарлау шешімінің негізгі элементтері мен қағидаттарының бірі – функциялық жаяу жүргіншілер аймақтарын құру және ұйымдастыру, ашық кеңістіктерді көгалдандыру, сондай-ақ осы элементтерді қалалық кеңістікті көгалдандырудың жалпы схемасына үйлесімді ұластыру. Осының нәтижесінде елорданың инфрақұрылымы қолайлы және функциялы болып, келушілер мен іс-шараларға қатысушылар үшін жайлылық пен ыңғайлылықтың жоғары деңгейін қамтамасыз етіп отыр.

Біз EXPO іскерлік орталығы бизнес, мәдениет және демалыс үшін тартымдылық орталығы және барлық қонағымыз бен іс-шараларға қатысушылар үшін сенімді серіктес болып қала беретініне сенімдіміз. Осы мақсатта біз, ұлттық компания қызметкерлері, қолдан келгеннің бәрін жасаймыз.

- Әңгімеңізге рахмет!


Әңгімелескен Кәрібай МҰСЫРМАН,

«Egemen Qazaqstan»