Жәдігер • 21 Маусым, 2023

Қамардың домбырасы

439 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Халық дәстүрлерін заман өресіне сай пайдалана білу мәселесін сөз еткенде, саз аспаптары бойынша ең әуелі Қамар Қасымовтың есімі аталуы заңдылық. Себебі халық аспаптарын жасаудың асқан шеберінің туындылары еліміздегі мәдениет өкілдерінің шыққан асқар биігі, асқақ үнімен тікелей байланысты.

Қамардың домбырасы

Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде қазақтың тұңғыш органологі Қамар Қасымовтың өз қолымен жасаған домбырасы сақ­таулы. Ұлттық аспап жергілікті өнер­сүйер қауым үшін баға жетпес құн­дылық саналады. Көрмелерде халық ұлыдан қалған асыл мұраны жиі қы­зықтап, әйгілі шеберді еске алады. Бұл домбыраны шебер көзі тірісінде белгілі ақын Нұфтолла Шәкеновке арнап ойып, сыйға тартқан екен.

счм

Кезінде көркем сөздің зергері Ғабит Мүсірепов: «Қамар Қасымов көрсеткенді аудармай істей салатын жабайы шебер емес, ізденуден жалықпайтын, іздегенін таппай тынбайтын адам. Оның өзіндік әдісі, өзіндік лабораториясы бар. Қамар Қасымовтың ұзақ жылғы еңбегінде тарихи-ғылыми терең мағына жатыр. «Құрманғазы» және «Отырар сазы» көне аспаптар оркестрі мен кейінгі кезде құрылып жатқан көптеген ерекше үлгідегі ансамбльдердің өнерін әр кез тамашалап көрген сайын олардың тасасында бір бейне ылғи да елестеп отырады. Ол – Қамар Қасымовтың бейнесі. Ұлттық аспаптарымыз бар жерде Қамар есімі де бірге жасамақшы» деп баға берген. Ал шебер өзі жазып кеткендей, халық аспаптарының жетеуін жетілдіріп, он екісін ойлап тапқан.

Тағы бір қызықты дерек, Қамар шебер Сұлтанмахмұт Торайғыровпен түйдей құрдас, өте сыйлас дос болып өскен. Сұлтанмахмұттың әйгілі «Қамар сұлу» поэмасындағы негізгі кейіпкер қыздың шын есімі – Гүләйім. Достығының белгісі болсын деп Гүләйімнің атын Қамардың есімімен атаған. Мұны кезінде сол ауылдың көнекөз қариясы Әлмұқан Әлімбаев айтып кеткен әрі бұл жайында «Қамар Қасымов» деп аталатын кітаптан оқып білдік. Сұлтанмахмұт ақын, Жаяу Мұса, Шәкен Айманов Қамарға туыс болып келетіндігі де көрсетілген. Өкінішке қарай, талантты тұлғаның кіндігінен бала қалмаған.

 

ПАВЛОДАР