Соңы қайғыға ұласа жаздаған бұл оқиға Алматыда орын алды. 10 жасар Дастан таушымылдық гүлінің спирттік тұнбасын сумен шатастырып ішіп қойған. Сәлден кейін баланың денсаулығы нашарлап, есінен танып қалады. Жедел жәрдем бригадасы науқасты Балалар жедел медициналық жәрдем орталығына жеткізеді. Бастапқыда баланың ата-анасы оның тұнба ішіп қойғанын білмегендіктен, тағамнан уланған деп болжап, нақты диагноз қою қиынға соққан. Өйткені бала бұрын ешқашан дәрі-дәрмек пен тағам аллергиясынан зардап шекпеген.
«Бізге бала III дәрежелі экзоуытты шок салдарынан өте ауыр жағдайда түсті, қандағы глюкоза 18 ммоль/л дейін жоғарылап, гипергликемия, кетоацидоз, бас ми ісінуі, жалпы интоксикация белгілері байқалып, ес-түссіз халде түсті. Сол кездің өзінде миы комада болды. Қабылдау бөлімінде науқасты көпбейінді дәрігерлер бригадасы тексеріп, шұғыл түрде клиникалық және зертханалық зерттеулер жүргізілді. Таушымылдық тұнбасымен жедел уланған деген диагноз қойылды. Ауыр дәреже. III дәрежелі экзоуытты шок. Уытты энцефалопатия. Уытты гепатит. Науқас жансақтау бөліміне жатқызылды, жеке дәрігерлік және медбикелік пост тағайындалды. Жағдайының ауырлығына байланысты науқастың жүрегі екі рет тоқтап қалған. Дәрігерлер баланың жағдайын тұрақтандыруға қол жеткізді», дейді Балалар жедел медициналық жәрдем орталығы токсикология бөлімінің меңгерушісі Құрметбек Тоқтар.
Осы арпалыспен 10 күннің ішінде Балалар жедел жәрдем дәрігерлері баланы өмірге қайтарып алды. Баланың беті бері қарап, ағзасы қалпына келді.
«10-бөлімшенің медицина қызметкерлеріне, әсіресе Құрметбек Тоқтарұлына, сонымен бірге жансақтау бөлімшесінің қызметкерлеріне, М.Мақұлбеков, Т.Бидайбай, А.Риги, А.Кұлымбетов, невропатолог Н.Құрманбаевқа алғыс білдіремін. Жанкешті еңбектің, жоғары кәсібилік, қайырымдылық, сапалы медициналық көмек көрсетуге деген ұмтылыстың арқасында жүрегі екі рет тоқтап қалған, бір тәуліктен астам уақыт комада болған ұлым аман қалды. Енді міне, аман-есен үйге шыққалы жатырмыз, барлық медициналық сараптамалар жақсы нәтиже берді. Кәсіби мамандарды таңдап, жұмысты дұрыс ұйымдастыра білген Балалар жедел медициналық жәрдем орталығының бүкіл ұжымына көп рахмет», деп, Орталық дәрігерлеріне шын жүректен алғысын жаудырып отырған ананың жай-күйін түсінуге болады.
Ал дәрігерлер азық-түлік қауіпсіздігін қатаң сақтауды, дәрі-дәрмек пен бала денсаулығына қауіпті заттарды қол жетпейтін жерде сақтауды сұрайды. Жаз – консерві мен маринад жасайтын қысқа дайындық маусымы болғандықтан, бұл кезде сірке суы сияқты, басқа да қауіпті заттармен улану ықтималдылығы арта түседі.
АЛМАТЫ