Аталған жоба аясындағы басты мәселе 5 жылда сол саланы дамытып әрі белгіленген нақты міндеттердің орындалуы қажет. Соның ішінде бизнес саласы бойынша кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба төңірегінде атқарылып жатқан істерге тоқталып өтсек. Ұлттық жобадағы шағын және орта бизнестің бәсекелестікке қабілеттілігін қалыптастыруда және кәсіпкерлердің экономикалық белсенділігін арттыруда 4 бағыт қарастырылған.
«Ұлттық жоба» бойынша жаңа бизнес-идеяға 400 АЕК көлемінде грант берілуі және «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында жаңа инновациялық бизнес-идеяларды іске асыруға 5 млн теңге көлеміне дейін грант бөлу көзделген болатын.
Мемлекеттік грант туралы тағы бір айтып өтсек, бұл жаңа бизнесті бастау әрі дамыту үшін қайтарымсыз негізде берілетін 400 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі бастапқы капитал. Гранттар қаражаты ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге, сондай-ақ жекелеген әлеуметтік санаттарға жататын адамдарға өз бизнес әлеуетін іске асыруға, өндірісті жолға қоюға және дамытуға, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ал осы тұрғыда грант тұтынушылық мақсатқа, кредиттік қарызды өтеуге, жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға немесе салуға, жер учаскелерін сатып алуға, акцизделетін өнімдер өндіруге берілмейтіндігін ескерген жөн.
Кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасында 2025 жылға дейін ішкі жалпы өнім шағын және орта кәсіпкерлер үлесін 35%-ға дейін жеткізіп, туризм көлемі 8,4 трлн теңгеге дейін өсуді, мемлекеттің экономикадағы үлесін 14%-ға дейін төмендетіп, азаматтарды тұрақты жұмыс орындарына орналастыру – 1,7 млн адам, халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу – 3,5 млн адам, табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіндегі ауыл халқының үлесін 6,5%-ға азайту – жоспардағы іс.
Бұл ретте «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ еншілес ұйымы» Даму «Кәсіпкерлікті Дамыту Қоры» АҚ 2021 – 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасының қаржы операторы екендігін ескерсек, кәсіпкерлік субъектілер қолдаусыз қалмайтындығы анық.
Осы бағытта жүзеге асырылып жатқан жұмыстар жөнінде Экономика министрі Әлібек Қуантыров өткен жылдың есебін қорытындылай келіп, 50 мыңға тарта жоба мемлекеттік қолдауға ие болғандығын, қызмет көрсету және өңдеу өнеркәсібі салаларында жаңа бизнес-идеялар бойынша мыңға тарта жоба грантқа қол жеткізіп, бұдан өзге 33,4 мың адам кәсіпкерлік негізде білім алғандығын, 200 мыңнан аса шағын және орта бизнес өкілдерінің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 34%-ға жеткендігін, кәсіпкерлік субъектілерінің саны – 1,4 млн, сонымен қатар шағын және орта бизнесте жұмыспен қамтылғандар саны 3,5 млн адам құрағандығын айтқан еді.
Аталған жобаға байланысты биылғы жылдың басынан жаңа бизнес-идеяны жүзеге асыруға 3 600 грант беріліп, жыл соңына дейін 9 000 грант бөлу жоспарланып отыр. Екінші кезең бойынша мемлекеттік гранттарға өтінімдер мамыр айының 15-26 күндері аралығында қабылданып, өтінімдерді қарау жөніндегі комиссия өз жұмысын аяқтады. Бүгінгі күні келісімшартқа отыру және грант алушыларға қаражат аудару үдерісі жалғасып жатыр. Бұл жолы өтініш берушілер саны 26,9 мыңнан асып, оның ішінде көп балалы отбасылардан – 16,1 мың, мүгедектер – 4,8 мың, мүгедек баланы күтушілерден – 3,3 мың, атаулы әлеуметтік көмек алушылардан 1,3 мың өтініш түскен. Ең көп өтініш білдірушілер саны өңірлер арасында Түркістан – 6,1 мың, Жамбыл – 3,1 мың, Шымкент қаласы – 2,9 мың, ал саны жағынан ең аз аймақ Ұлытау – 210 және Ақмола 324 болды.
Жалпы, грант алуға үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі аудандық немесе қалалық комиссияның шешімі негізінде жұмыспен қамту орталықтары айналысып, бизнес-жобаны комиссия отырысына ұсынады. Осы орайда комиссияның әрбір мүшесі ұсынылған бизнес-идеяның бәсекеге қабілеттілігі мен қаржылық тұрақтылығын іске асыру жағдайын қарастыруға тиіс. Комиссия мақұлдаған жағдайда өтініш беруші банктік деректемелерді ұсынып, келісімге қол қояды. Содан соң бөлінген қаражаттың пайдаланылуы туралы тоқсан сайын есеп беріп, шартта көрсетілген негіздердің барлығын жұмыспен қамту орталықтарына бармай-ақ электронды түрде іске асыра алады.
Сонымен бүгінде бес жылға межеленген жоба аясында атқарылған біраз ауқымды істерге қарағанда, мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдау әрі қарай ел игілігі үшін жүйелі жұмыстар жүргізілетіндігіне кәміл сенім бар.