Елордалық Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қалалық ПД әкімшілік полиция басқармасымен келісе отырып, Қордай көшесінде орташа жөндеу жұмысын бастайды.
«Жөндеу жұмысының жүргізілуіне байланысты 22-25 маусым аралығында Қордай көшесінің Б.Момышұлы даңғылынан Балқантау көшесіне дейінгі учаскесінде көлік қозғалысы толығымен жабылады», делінген хабарламада.
Сондай-ақ Тұран даңғылында орташа жөндеу жұмысы жүргізілетіні белгілі болды:
21 маусым сағат 21:00-ден 22 маусым сағат 12:00-ге дейін Тұран даңғылы мен Қорғалжын тасжолының қиылысында көлік қозғалысы тоқтайды;
22 маусым күні сағат 21:00-ден 23 маусым күні сағат 12:00-ге дейін Тұран даңғылы мен Сарайшық көшесінің қиылысында көлік қозғалысы толығымен шектеледі.
«Астана қаласы ПД әкімшілік полиция басқармасының келісімі бойынша Сұлукөл көшесіндегі тұрғын үйлерді орталық жылумен қамтамасыз ету мақсатында қаланың отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы Шұғыла көшесіндегі жылу трассасын салу жобасы аясында жұмыс жүргізіліп жатыр», деп жазды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Осы себептерге байланысты 22 маусымнан 15 шілдеге дейін Шұғыла көшесінің Н.Тілендиев даңғылынан Ардагерлер көшесіне дейінгі учаскелері кезең-кезеңмен ішінара жабылады.