Қоғам • 22 Маусым, 2023

Он екі қасиет немесе «Мемлекеттік қызмет: жаңа кезеңдегі маңызды міндет»

473 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жақында «Egemen Qazaqstan» газетінде Мемлекеттік қыз­мет­ істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаевтың «Мем­­ле­кет­тік қызмет: жаңа кезеңдегі маңызды міндет» атты мақаласы жарық көрді. Мақалада салаға қатысты тың ойлар айтылып, ұлы даламыздың данышпандары Әбу Насыр әл-Фараби, хакім Абай, басқа да ғалым, ойшылдардың адам туралы, оның қадір-қасиеті туралы нақыл сөздері ұтымды пайдаланылып, бүгінгі мем­лекеттік қызметшінің қандай қасиеттерге ие болу қажеттігі көрсетілген.

Он екі қасиет немесе «Мемлекеттік қызмет: жаңа кезеңдегі маңызды міндет»

Мақалада көтерілген мәсе­ле­лер­­­ мемлекеттік органдарда жос­пар­­лы түрде өтетін сабақтарда, Мем­­лекеттік қызмет академия­сын­­­да, мемлекеттік басқару сала­­сы­­­ның мамандары даярлана­тын жо­­ғары оқу орындарында жан-жақ­­ты талқыланса, орынды болар еді.

Себебі онда ел Президентінің мем­лекеттік қызметті жаңғырту жө­ніндегі тапсырмасына сәйкес тиісті жұмыс қолға алынып, мем­ле­кеттік қызметшілердің саналы тұрғыдан өзгеруіне ықпал ететін, олардың ұстанымдары мен құндылықтарын бір жүйеге тү­сіретін арнаулы доктрина жоба­сы­­ның дайындалып жатқаны, бұл­ құжатта мемлекеттік қыз­мет­­­шілердің қоғамның сұра­ны­сы­на­ жауап бере алатын білік­ті­лік дағ­ды­лары, құндылық ұста­ным­дары топ­та­с­­тырылатыны баян­дал­ған.

Мақала авторы әлемдік дең­гей­­дегі энциклопедист ғалым, ғұ­ла­ма ойшыл Әбу Насыр әл-Фа­ра­би­ бабамыздың осыдан мың жыл бұ­рын айтқан «Ар-ұжданға жү­гін­­ген қоғамда заңдарға жүгі­ну­ге қа­жет­тілік азаяды» деген сөзі­нің әлі күн­ге дейін құнын жоғалт­пағанын ерек­ше атап өтеді. Жалпы, сан ғасыр бойы ұлттық тәрбие­мізге негіз болған ар-ұждан, ар-ұят деген ұғым­дардың те­рең мағынасы бар екені бел­гілі. Осыған орай қай кезде де жауап­кершілігі мол, парасаты ба­сым адам қандай да бір әрекет жа­сардың алдында «Кейіннен ұят болмай ма, арты не болады, ел-жұрт не дейді?» деп ойланып, бас­қаша айтқанда, «жеті өлшеп, бір кесіп» қадам басады.

Бүгінгі күні өткен кеңес дәуі­рін­­ қанша сынасақ та, сол кезде ақ­па­рат құралдарында бір лауа­зым­ иесінің кемшілігі туралы­ ма­қа­ла шықса, сын айтылса, ол мін­дет­ті түрде тексеріліп, қоры­тын­ды­с­­­ы­ елге жарияланатын еді. Егер көр­сетілген фактілер рас­талса, кадр­лық­ шешімдер қабыл­данатын. Өкі­нішке қарай, қазір­гі кезде бас­шы қызметтегі мем­лекеттік қыз­метшілер туралы не айтылса­ да,­ не жазылса да, ол көбінесе тек­се­рілмейді. Тіпті оған сын тезіне ілін­ген адам­ның өзі ешқандай жауап бер­­мей­ді, ақиқат жағдай халыққа жет­­кізілмейді. Соның салдары­нан халық­тың ойындағы күдік, сенім­сіз­дік жылдан-жылға қоюланып, қор­да­ла­на береді. Сондықтан агенттік әзір­­леген доктринада көзделген мақ­­саттар ойдағыдай іс жүзіне асып, мемлекеттік қызметшінің жұ­­мысы әрдайым ашық болып, қо­ғам­ мен мемлекет арасындағы бай­ла­ныс­ты нығайтады және халық­тың би­лікке деген сенімін арт­тырады деп­ сенеміз.

Қабылданатын доктрина­да­ Әл-Фараби бабамыздың «Қайы­­­рым­ды қала тұрғын­да­ры­­­­ның көз­қа­рас­тары» деген трак­та­тын­да­ғы­ ой­лар да көрініс тапса, игі болар еді. Өйткені «Әлемнің екінші ұста­­зы» осыдан он ғасыр бұрын қала басшысының (қазіргі кездегі мемлекеттік саяси қызметшілер) кім болуы керегін, оның бо­йында қандай қасиеттер болуға тиіс екенін ашып көрсеткен. Ол «қала басшысы 12 қасиетке ие болуы қажет» дейді. Осыған қысқаша тоқ­тала кетейін. Қалаға басшы болатын адамға қойылатын бірінші талап – оның он екі мүшесі сау, ден­саулығы мықты болуы керек. Сонымен қатар айтқан сөзді жыл­дам ұғып, оны тез арада иге­ріп алуға тиіс. Үшіншіден, сөзді тыңдай біле­тін және жадында сақтай ала­тын, түсінетін адам болуы аб­зал. Төртіншіден, ақылды, пара­сатты және ең ұсақ-түйек деген мәселенің өзін назардан тыс қалдырмайтын адам болуы қа­жет.­ Бесіншіден, ойларын анық және нақты жеткізетін шешен (ора­тор) болуы керек. Қазіргі жас мем­лекеттік қызметшілерге Әл-Фараби бабамыздың «Адам мақ­са­тына өзін-өзі жетілдіру арқылы жетеді» деген өсиет сөзі сабақ болса екен. Алтыншыдан, басшы боламын деген кісі білім мен ілімге махаббаты зор, оқудан шаршамайтын, өзінің рухани байлығын ұдайы жетілдіре беретін адам болуы керек. Сондай-ақ тамақ жеу мен сусын ішу мәдениетін меңгерген, құмарлықты жек көретін адам болуға тиіс. Шындықты сүйетін, өтірікке және оны айтатындарға төз­бейтін адам болуы қажет. Ж­а­ны­ таза, намысын бағалайтын адам болуы керек. Ұлы ғұлама өз трак­татында «динар, дирхамға мойын­­сұнбайтын» деп жазған, яғни бүгін­гі­ тілмен айтсақ, «пара­қор­лықты жек­ көретін адам» басшы­ болу­ға ла­йықты деп есептейді. Ол таби­ға­ты­нан адалдықты жақсы көре­тін, арам­дықты және тирания­ны­ жек көре­тін адам болуы керек.­ Трак­тат­­тағы он екінші талап – басшы­ өз айналасындағы адамдарға және бас­қаларға әділ болатын, әді­лет жо­лын­дағыларға көмек бере­тін және әді­леттілікпен болған шы­ғын­дарды өтейтін, еш нәрседен қорық­пайтын батыл адам болуға тиіс. Басшыға қойылатын бұдан ар­тық қандай біліктілік талабы бо­луы мүмкін?

Қаралып жатқан доктрина­да­ көзделген адамгершілік құн­дылықтары, кәсіптік және тұл­ға­лық қасиеттер, қолданысқа жаңа­дан енгізілетін «мемлекеттік сана» деген ұғым Президент Қа­сым-Жомарт Тоқаевтың «Әрбір мемлекеттік қызметші мемле­кет­шіл болуы керек» деген тұжы­ры­мына толық жауап береді деп санай­мыз.

 

Ерсұлтан БЕКТҰРҒАНОВ,

мемлекет және қоғам қайраткері,

Тәлімгерлер кеңесінің мүшесі