Форум жұмысына Ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының «Qazaqstan ardagerleri» қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұл, жазушы, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова, жазушы, абайтанушы Омар Жәлел, ақын, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Маралтай Райымбекұлы секілді қоғам және мәдениет қайраткерлері қатысып, жас мемлекеттік қызметшілерге елге адал қызмет ету, білім мен ғылымға ұмтылу, ұлттық дәстүр мен салтты қастерлеу тұрғысында мағыналы да салиқалы әңгіме жүргізді.
Форум аясында белсенді жастар іс-шараның қонақтарына өздерін толғандырған сауалдарын қойып, тиісінше жауап алды. Бақытбек Смағұл Отанға қызмет ету жолындағы елдік, ерлік жайында тағылымды әңгіме өрбітсе, Маралтай Райымбекұлы ұлттық құндылықтар, өнер мен әдебиеттің қасиеті туралы тебіренді. Зейнеп Ахметова қазақтың отбасы дәстүрі, адамның мейірімі мен қайырымдылығы жайында ойын ортаға салып, Бауыржан Момышұлы атасының ұлттық тәрбиедегі қадір-қасиетін өнеге етіп жеткізді. Омар Жәлел де қазіргі қоғамдағы орын алып жатқан келеңсіз жағдайлардан мысалдар келтіріп, жастарды ұлттық құндылықтарға қарай бұрылуға шақырды.
Жиын аясында бірнеше белсенді жас «Gazaqstan ardagerleri» қауымдастығының Бауыржан Момышұлы атындағы «Батыр шапағаты» төсбелгісімен марапатталды. Олардың қатарында жеке бренд қалыптастырушы маман, «Екінші болма», «Бізге айтылмаған құпия» кітаптарының редакторы, «Сен жалғыз емессің», «Жан ұясы» кітаптарының жоба жетекшісі Айым Жекенова, Жапония еліндегі қазақ мәдени орталығының директоры Жадыра Сембай, ұлттық заманауи шапандар тігіп, қазақ ұлттық киімдерін заманауи стильде насихаттап жүрген «Alkum» брендінің негізін қалаушы Темірлан Айдар, жас жазушы Жұлдыз Қайратқызы, күйші, Ұлыбританиядағы халықаралық сайыстың жеңімпазы Мәртебе Бауыржанқызы, джиу-джитсудан әлем чемпионы Мұхаммед Болсабек болды.
Сонымен қатар аға буын өкілдерінің ақыл-парасатын тыңдап, ортақ мәселелерді талқыға салып, өз сұрақтарын қойып, жылы лебіздерін білдірген форум қатысушылары Алматы облыстық мәслихатының депутаты, «Sagadat Batyr-QTT» спорт клубының бас жаттықтырушысы Нұрсұлтан Орынбасаров, танымал дизайнер, стилист, Димаш Құдайберген, Мирас Жүгінісов, «Ninety One» тобының сахналық образдарының авторы Ақбота Бақытжан, оратор-мотиватор Арай Серікқызы, маркетинг саласының сарапшысы Маржан Абуталип арнайы алғысхаттармен мараппаталды.
Жастар мен аға буын форумнан кейін Жамбыл, Бауыржан аталарымыздың рухына құран бағыштап, ескерткіштерге гүл шоқтарын қойды. Ең бастысы, бұл форум жастарға жігер бергенін түйсіндік.
Ғалым ҚОЖАБЕКОВ,
журналист