Суретті түсірген Жеңіс ЫСҚАБАЙ
Ауыл шаруашылығын өркендетуге қолайлы аудандардың бірі – Ескелді. Өңірде мемлекет тарапынан берілетін қолдау, инвесторлық жұмыс арқылы өз жобаңды жүзеге асыруға мүмкіндік көп. Оған дәлел облысымызға кеңінен танымал – «Вкусняшки» тұшпарасы. Бұл саудасы өтімді шағын кәсіпорынның брендіне айналған өнім. Өндіріс орны – Қарабұлақ ауылындағы Оразбеков көшесінде орналасқан. Дәмді һәм жеңіл дайындалатын тағам сиыр, қой, жылқы етінен жасалады. Ең бастысы, кәсіп иесі етті жергілікті шаруалардан алады. Идея авторы – Сергей Ли-Шан-Шин.
Ли-Шан-Шин әулеті жиырма жылдан бері тұшпара жасап келеді. Ең ғажабы, өндіріс технологиясы үйде дайындалатын рецептке негізделген. Тұшпара қолмен түйіледі, тек қамырды илеу мен кесу операциялары автоматтандырылған. Қазір мұнда күніне 300 килоға дейін тұшпара, 90 кг вареник өндіріледі, ал өнім түрлері барған сайын молаюда.
Тұшпара бизнесін алғаш қалай бастағандарын еске алған цех басшысы Сергей Ли-Шан-Шин Талдықорған қаласында бала кезінен әкесінің самсаханасында көмектесе жүріп, ас әзірлеудің қыр-сырын меңгеріп алғанын айтады. Осы жылдар ішінде отбасын құрған соң осы бизнесті жалғастыруға бел шешкен, оған қоса жұбайы технолог маман болып шықты. Алғашында несие алып, тұшпара түюді бастаған, өнімдерінің табиғи тазалығын алға тарта отырып, жартылай фабрикаттар дайындау цехын ашты. Сертификаттаудан өткен соң отбасы Ескелді ауданының Қарабұлақ ауылында бизнесіне арналған үй-жайлары мен қажетті жабдықтарын реттеді.
«Біз 2006 жылы бастаған кезде тұшпарадан басқа ештеңе өндірген жоқпыз. Қазір картоп қосылған вареник, фрикаделька, котлет, асқабақ, пияз бен ет қосылған мәнті түрлерін дайындаймыз. Тұшпараның да бірнеше түрі бар. Біртіндеп өнім түрін көбейтіп келеміз. Мұның бәрі клиенттердің сұранысына байланысты», дейді «Ли-Шан-Шин» ЖК директорының жұбайы Найля Ли-Шан-Шин.
Ол тұшпараның үй рецепті бойынша дайындалып, түгелдей қолдан түйілетінін айтады. Өнім табиғи таза өнімдерден әзірленеді. Оған жергілікті жердегі мал – сиыр, жылқы, қой еті, отандық ұн қолданылады. Қосалқы қоспалар қолданылмайды. «Бұл – біздің басты ұстанымымыз», дейді іскер әйел.
Аталған шағын цехта 25 жергілікті тұрғын тұрақты түрде жұмыс істейді. Олардың арасында 10-15 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан қызметкерлер де бар. Мәселен, тұшпара технологиясын жетік меңгерген Алмагүл Увансынованың еңбек еткеніне 8 жылдан асыпты.
«Осы жерде табан аудармастан көп жылдан бері жұмыс істеп жатқандар бар. Өзім де осы ортаға қосылғаныма қуаныштымын. Ал өніміміз таза, табиғи. Жуа қосамыз, қалғаны таза ет. Сондықтан да болар тұтынушылар риза. Үйде қалай жасасақ, осы жерде де дәл солай дайындаймыз. Ауыл ішінде осындай орын ашылып, көптеген адамды жұмыспен қамтып отыр. Жалақысы жақсы, тұрақты», дейді кәсіпорын қызметкері Алмагүл Увансынова.
Одан бөлек, тағы бір қызметкер Марина Жолдасбекова тұшпара жасаумен 14 жылдан бері айналысып келеді. Күніне ол кем дегенде 20-30 кило тұшпара жасайды: «Қызметкерлердің көпшілігінің тәжірибесі мол. Тұрақты табысымыз бар, бұл біз үшін өте маңызды, өйткені біздің шағын ауылда өндіріс орындары көп емес», дейді М.Жолдасбекова.
Жалпы, «Вкусняшки» брендімен шығарылатын кәсіпорын тұшпаралары, басқа да жартылай фабрикаттары бүгінде жергілікті сауда орындарында ғана емес, сонымен қатар облыс орталығы Талдықорғанда, сондай-ақ Текелі қаласында және жақын аудандарда кеңінен саудаланады. Бүгінгі таңда кәсіпорын 10-ға жуық өнім шығарады, оның түрін әлі де ұлғайту жоспары бар. Мұндағы қызметкерлердің жалақысы 120 мың теңге шамасында. Цех өткен жылдың екінші жартысында Ескелді ауданының қазынасына 18 млн теңге шамасында салық құйған.
Облыс әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Ескелді ауданында барлығы 3 650 ШОБ субъектісі жұмыс істейді. Биыл 1 сәуірдегі жағдай бойынша ШОБ субъектілерінен 285,7 млн теңге түсті, бұл 2022 жылғы деңгейден 64,8 пайызға жоғары. Бұл ретте Жетісу облысында өнеркәсіп өндірісінде 525 кәсіпорын, оның ішінде 14 ірі және 16 орта кәсіпорын жұмыс істейді. Осы жылы аймақта 64 млрд теңгеге 53 инвестициялық жоба іске асырылуда, оларда 920-дан астам жұмыс орны құрылады.
Ал ескелділік кәсіпкер Айкамал Хамит қымызхана ашуды жоспарлап отыр. Өзі жылқы өсірумен айналысатын келіншек бизнестегі алғашқы қадамын «Бастау бизнес» бағдарламасы бойынша оқудан бастап, мұнан соң ауылдық жерлерде мал шаруашылығын дамытуға арналған «Игілік» бағдарламасымен несие алып, оған жылқы сатып алған.
«Ауыл шаруашылығымен айналысуды жөн көрдім, бұл қиын болса да, пайдалы іс. Халық таза өнім тұтынғысы келеді, сұраныс бар. Сондықтан мемлекеттік қолдау шараларына жүгініп, жеке бизнесімді ашуға бел байладым. Алдымен тегін курстан өтіп, бизнес негіздері бойынша білім алдым, енді өз ісімді ашуды қолға алып отырмын. Кәсіпкерлер палатасының қолдауымен «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-дан несие алып, іс бастадым, дейді А.Хамит.
Кәсіпкерлер палатасы өңірлік филиалының мәліметінше, Ескелді ауданы Ақын Сара ауылының тұрғыны Айкамал Хамит 6 пайызбен 4 млн теңге көлемінде несие алып, 12 жылқы сатып алған, қазір жылқы өсіріп, қымыз өндірумен айналысып отыр. Бүгінде оның шаруа қожалығында 18 жылқы бар. Кәсіпкер мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқару конкурсын ұтып, ауылда қараусыз қалған ғимаратты өз күшімен қалпына келтірді. Бұл ғимаратта қазір шаштараз, наубайхана орналасқан, осы жерде «Қазпошта» АҚ филиалы да жұмыс істейді.
Мысалы, ауданның 4 елді мекенінің тұрғындары үшін наубайханада күн сайын 250-ден 500-ге дейін нан пісіріледі. Ауыл тұрғындары шаштараз қызметіне де жиі жүгінеді.
«Ауыл тұрғындары үшін мұндай шағын бизнес аса маңызды. Қазіргі уақытта кәсіпкер 5 тұрақты жұмыс орнын құрды», дейді өңірлік Кәсіпкерлер палатасы басқарушы директорының салалық даму жөніндегі орынбасары Бекмұрат Мұсахан.
Енді бизнесмен жылқы санын көбейту үшін «Ауыл аманаты» несиелеу бағдарламасының 2,5 пайызбен берілетін несиесінің мүмкіндіктерін пайдаланғысы келеді. Өз қымызханасын ашу үшін қымыз өндіру көлемін де ұлғайтуға тиіс. Бұл өз кезегінде ауылдық жерде ашылатын жұмыс орындары санының өсуіне оң ықпалын тигізеді. Сондай-ақ ол 5 млн теңгеге дейін өтеусіз грант конкурсына қатыссам деп отыр, жобаны облыстың әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы сүйемелдейді.
Айта кетейік, жалпы өңірде 30 ауылдық округтен 562 тұрғын ауылдағы кәсіпкерлікті қолдауға арналған «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысып жатыр. Соған сай 3 млрд 286 млн теңгеге пул қалыптастырылды. Бұл бағытта жыл соңына дейін мыңға жуық адамды тарту жоспарланып отыр.
Жетісу облысы