Спорт • 26 Маусым, 2023

Имамдар да күреске бейім

295 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының би­ыл­ғы жылды «Ислам және ізгі қоғам» жылы деп жариялағаны белгілі.

Имамдар да күреске бейім

Суретте: жарыс жеңім­паздары

Осы атаулы жылға орай об­лыстық орталық мешіт имам­­­дарының ұйытқы болуымен және жомарт жандардың де­меушілігімен Қонаев қала­сында қазақ күресінен тұңғыш рет «Имамдар барысы» турнирі өт­ті. Оның басты мақ­саты – дін қызметкерлері арасында саламатты өмір салтын насихаттап, ұлттық спорттың дамуына атсалысу.

Имамдар арасында алғаш рет ұйым­дастырылған спорттық іс-шараның ашылу салтанатына облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев, дін істері басқармасының бөлім басшысы Ерлан Матаев, Қонаев қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманкелді Беспаев пен ақсақалдар кеңесінің төра­ғасы Бейсетай Қашақбаев қаты­сып, көрермендермен бірге белдеулерді тамашалады.

Әдетте мешітте ғана көріне­тін ақ сәлделі имамдардың боз­кі­­лем­де бірін-бірі жұлқа тартып, шалт қи­мыл­мен жамбасқа салуға тырыс­қан бел­десулерін қызық көріп, тама­ша­лауға кел­ген жанкүйерлердің де­ле­бесін қоз­дырған жарыс же­ребе тарту рәсімінен бас­тау алды. Ірік­теу кезеңінде жа­рысқа қа­ты­­­сушы имамдар 80 килоға дейін­гі, одан жо­ғары сал­мақ дәрежесі бойынша екі топта сынға түсті. Айла мен әдіс, еп­тілік пен күштілік сы­­налған тұста Талғар, Іле, Жам­­был, Қарасай, Еңбек­ші­қа­зақ, Ұйғыр аудандарының ме­шіт қызметкерлері кәсіби спорт­шылардан кем емес өнер көр­­сеткенін ай­рықша ата­мақпыз. Қарсыласының жаурынын жерге тигізген мықты имамдарды қазылар алқасы анықтап, турнирге төрелік етті.

Тартысқа толы турнир қо­ры­тындысында 80 килоға дейін­гі салмақ дәрежесі бойынша Ең­бекшіқазақ ауданы Ават ауыл­дық мешітінің бас имамы Дамир Оңғарбек 1-орынды же­ңіп алса, 2 және 3-орындарды Талғар ауданының Жаңа­лық ауылдық мешітінің имамы Руслан Исабаев пен Нұ­ра ауыл­дық мешітінің наиб имамы Ал­мат Қабылхан иеленді.

Ал 80 килодан жоғары сал­мақтағы белдесулерде бас жүл­дені Қара­сай ауданына қа­расты Жаңашамалған ауылдық «Бір­лік» мешітінің наиб има­мы Асанхожа Сабыров иеленсе, Қаскелең қа­ласындағы «Ір­шат» меші­тінің бас имамы Абдул­мажит Абдул­қадырұлы 2-орынға, ал Жамбыл ауданы Ұзын­ағаш ауылдық ме­шітінің имамы Бейсенбі Аврай 3-орынға табан тіреді. Жарыс же­ңімпаздарына – Умраға жолдама, 2-орынға – 200 мың теңге, 3-орынға 100 мың теңге ақша­лай сыйлық табыс етілді.

«Шариғатымыз адамның рухани қуаттылығымен қатар, оның дене біті­мінің де қуатты болуын талап етеді. Мұхаммед пайғамбарымыздың хади­сін­де «Әлсіз мұсылманнан қуат­­ты мұсылман Аллаға сүй­кім­дірек» де­лінген. Сондықтан «шы­нықсаң шымыр боласың» деп дана халқымыз айтқандай, бұл имамдар мешітте отырып, діни рәсімдерді ғана орындап қой­май, сонымен қатар ұлт­тық спорт­қа да бейім екен­ін на­си­хаттау барысында ұйым­дас­тырылған іс-шара болды. Бәсекелі жарыста имамдар арасында қазақ күресіне икемді, шебер белдесе білетін имамдар бар екенін білдік. Спорт саласының маман­дары бұл жа­рыс­қа жоғары баға берді. Мұндай іс-ша­ралар алдағы уақытта да жалғасын табады», дейді облыстың бас имамы Ма­дияр Пірімқұлов.

 

Алматы облысы