Баспасөздің бүгінгі өліара шағында өмірге келген бұл басылым негізінен 105 жылдық тарихы бар «Jetisy» газетінің шекпенінен шықты. Өткен жылдың қыркүйек айынан бастап аталған басылымның қосымшасы ретінде таныла бастаған «Алатау арайы» жаңа жылдан бері өз алдына дербес басылым болып, өңірдің көзіқарақты оқырманының рухани азығына айналып келеді.
«Бұқаралық ақпарат құралдары бәсекеге қабілетті және еркін болуы керек. Бұл қағидат қазір кез келген өркениетті ел үшін айрықша маңызды. Отандық ақпарат құралдарының Қазақстанда, өңірде және әлемде болып жатқан үдерістер туралы өз көзқарасы болуға тиіс», деген Мемлекет басшысының тапсырмасын басшылыққа алған басылым әлеуметі мен әлеуеті артып келе жатқан Алматы облысының сәт сайынғы ілгерілеу жолындағы жаңалықтарының жаршысына айналды. Жыл басынан бері 71-нөмірі жарыққа шыққан газеттің бағыт-бағдары айқын.
– «Алатау арайы» дербес басылым ретінде оқырман қолына тие бастағанына алты ай болды. Адам өмірімен салыстырсақ әлі іңгәлаған нәресте шақта. Десек те «іңгәлаған» қалпымызбен аймақтық, одан бөлек республикалық деңгейде басылымдар көш-керуеніне күмістелген болмаса да күйме жалдап, ілескен жай бар. Республикалық деуімнің себебі, Ақордаға үніміз жете бастады. Түркістан облысынан тартып, Екібастұзға дейін там-тұмдап оқырмандарымыз бар. Таралым 7 мыңдық деңгейге жетіп жығылды. Ұжымның шығармашылық, техникалық құрамы толық қалыптасып, жұдырықтай жұмылып іске кірісіп жатыр. Журналистеріміздің тұрмыстық жағдайы мен редакцияның материалдық-техникалық базасы мақтанарлық дәрежеде емес. Үміті үзілмеген жұртпыз ғой. Жаңа, жас облыс орталығының ертеңіне сенгендіктен ұйымшыл ұжымымыздың еңсесі көтеріңкі, – дейді «Алатау арайы» газетінің бас редакторы Кәдірбек Құныпияұлы.
Ақпарат саласындағы жауапкершілігі мол жүкті арқалап, Алатаудың жылт етпе жаңалығын шартарапқа таратуда тыным таппайтын қаламы қарымды Қуат Қайранбаев, Қуаныш Тұнғатар, Серік Сатыбалдиев, Алма Есенбай, Болат Мәжит, Құралбек Сәбитов сынды «Jetisy» газетінен танымал сақа журналистер қатары бүгінде тәжірибелі Айжарық Көптілеуов, Бейбіт Мекеев, жас тілші Баян Мұратбекқызы және аудандардағы меншікті тілшілермен толығып, басылым мазмұнының арта түсуіне үлестерін қосып келеді. Басылымның мазмұнын айшықтауда фототілші Аслан Қажекенің ізденісі өз алдына бір төбе.
Мерзімді басылымның уақтылы әрі сапалы шығуында қаламды қару еткен журналистермен қатар, есепші Жаухар Аманкелдиева, жауапты хатшы Шолпан Нұржауова, терімші Жанат Тоқанова бастаған тәжірибелі мамандармен қатар, білікті беттеушілер, сауатты корректорлар еселі еңбек сіңіріп жүр. Сондай-ақ газеттің электронды сайты жанданып келеді.
Интернет қарыштап дамыған заманда мағыналы, мазмұнды мақалалар арқылы ұлтымыздың рухын асқақтатып, бұқараға өркениет пен елдік мұраттарды дәріптеп, бірлік пен берекені насихаттайтын жаңа басылым – «Алатау арайы» газетіне сәттілік тілейміз.
Алматы облысы