Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Бас прокуратураның деректеріне қарағанда, өткен жылы тіркелген 157 мыңнан астам қылмыстық құқық бұзушылықтың 31 мыңнан астамы, яғни 20 пайызы – құмар ойындардың салдары екен. Бұған қоса, былтыр жасалған 3 676 суицидтің де әрбір бесіншісі ойынқұмарларға тиесілі. Құмар ойындар мен букмекерлік кеңселер арқылы ұсынылатын бәс тігулер талай тағдырды тас-талқан қылып, талай шаңырақты ортасына түсіріп, қаншама адамға қайғы-қасірет шектіріп жатыр. Ойынқұмарлық дерті асқынып, сұрағанында ақша тауып бермеген ата-анасы мен жақынына қол жұмсаған, тіпті оларды мерт қылуға дейін барған жап-жас адамдар түрмеге тоғытылып, ақыл-естерін темір тордың арғы жағында ғана жиып, өзектерін өкініш өртеп, өксіп жүр.
Букмекерлік кеңсе арқылы бәс тігудің зардабы құмар ойындардан кем соқпайтын, тіпті кейде асып түсетін болып шықты. Мысалы, былтыр Алматы қаласындағы бір жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің қаржы директоры үш жылда 467 млн теңгені жымқырып, соның бәрін букмекерлік кеңседе бәс тігуге жұмсағаны үшін сот үкімімен 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды.
Ойынқұмарлық емі табылмаған қатерлі індет секілді, мемлекет тарапынан қолданылған шектеу шараларын елең қылмай, тіпті ерегісе түскендей болып, жылдан-жылға өршіп барады. Мәселен, 2007 жылы көптеген қала мен ірі елді мекендегі казинолар жабылып, құмар ойын орындары тек Алматы облысының Қапшағай қаласы мен Ақмола облысының Бурабай курортында ғана қалдырылған болатын. Алайда құмар ойындардың қырсығы тигендер саны азаймақ түгіл, одан әрі көбейіп, қоғам наразылығы арта түсті. Сол себепті 2020 жылғы 2 шілдеде қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға сәйкес ойын автоматтары залдары, букмекерлік кеңселер мен тотализаторлар да Қапшағай су қоймасының жағалауына жəне Бурабай ауданына көшірілді. Бірақ бұл шараны да заманауи ақпараттық технологиялар мен Интернеттің көмегіне сүйенген ойын бизнесімен айналысушылар да, ойдағы-қырдағы ойынқұмарлар да бөгесін санап отырған жоқ. «Жарнама туралы» заңда казино мен интернет-казино қызметтерін жарнамалауға ғана тыйым салынғандықтан, букмекерлік кеңселер жұртты бәс тігуге барынша көп тарту үшін жарнамаға миллиондаған теңге қаражат жұмсап, оны, әсіресе телеарналар жұрт қызыға қарайтын спорт жарыстарын көрсеткен кезде жиі жариялатып отыр. Салдары сан соқтырарлықтай.
Ұлттық статистика бюросының мәліметіне жүгінсек, құмар ойындарды ұйымдастыру және бәс тігу бойынша көрсетілген қызметтердің көлемі 2020 жылы 89,7 млрд теңгені құраған болса, 2021 жылы 501,2 млрд теңгеге жеткен, ал 2022 жылы 600 млрд теңгеден асып түскен. Бұл сома еліміздегі бірқатар облыстың жылдық бюджетінен әлдеқайда көп. Осы орайда «Amanat» партиясының Қоғамдық саясат институты жүргізген әлеуметтік зерттеу халықтың 73,7 пайызы лудоманияға үлкен алаңдаушылық білдіріп, букмекерлік кеңселердің жұмысына қатаң тыйым салуды құптайтынын көрсеткен. Ал Мәжіліс депутаттары құмар ойындарға байланысты кейінгі уақытта Үкіметке бірнеше депутаттық сауал жолдап, қоғамды толғандырып отырған келеңсіз құбылыспен күресу жолдарын ұсынды. Соның ішінде бұқаралық ақпарат құралдары мен сыртқы жарнама арқылы букмекерлік кеңселердің қызметін жарнамалауға, банктік карталар, POS-терминалдар, ұялы байланыс операторлары арқылы ойын шоттарының төлемдерін қабылдауға, алған несиесі бойынша 3 айдан астам уақыттан бері төлем жасай алмаған адамдардан онлайн және офлайн бәс тігуді қабылдауға заңнамалық деңгейде тыйым салуды енгізу шаралары бар.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұрынғы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 2021 жылғы 25 ақпанда болған отырысында кейінгі кезде жастар арасында құмар ойындарға тәуелділік белең алып бара жатқанына алаңдаушылық білдіре келіп: «Букмекерлер мен казинолар интернетте толассыз жарнама жасап, жұртты еріксіз еліктіруде. Мемлекет бұған шектеу қою үшін бірқатар маңызды шараны қабылдады. Бірақ бұл шаралар, әрине, жеткіліксіз. Жас ұрпақты құмар ойынның зиянды ықпалынан жан-жақты қорғауымыз керек. Балаларды және кәнігі құмарпаздарды ойынға тартқан немесе сондай жағдайға жол берген заңды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылуға тиіс. Қажет болса, оларды лицензиясынан айырамыз. Қазір осындай заңсыз қызметі үшін жеке тұлғаларға 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде ғана айыппұл салынады», деген еді. Осыған орай, жетінші шақырылымдағы Парламент Мәжілісінің бір топ депутаты «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотерея және лотерея қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын әзірлеген болатын. Бұл заң жобалары аясында шетелдіктер ойын бизнесін заңсыз ұйымдастырған кезде олардың қаржы операцияларын жүргізуіне жол бермеу, бұқаралық ақпарат құралдарында букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың жарнамасын шектеу, ақпараттық-телекоммуникациялық желілерді, соның ішінде Интернет желісін, байланыс құралдары мен лотерея терминалдарын пайдалана отырып, лотерея билеттерін таратуға тыйым салу, 21 жасқа дейінгі адамдарды құмар ойындарға және бәс тігуге тарту үшін заңды тұлғалардың әкімшілік жауапкершілігін белгілеу қарастырылған. Қазіргі уақытта осы заң жобалары бойынша Үкімет қорытындыларын Мәдениет және спорт министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп пысықтау үстінде.
Әлбетте, құмар ойындар мен букмекерлік кеңселер арқылы бәс тігудің халқымызға келтірген залалы мен төндіріп отырған қаупі хақындағы негізгі әңгіме аталған заңдардың жобалары бойынша Үкімет қорытындылары Мәжіліске жолданғаннан кейін өрбуге тиіс. Алдағы талқылауға қоғам қайраткерлері, тәуелсіз сарапшылар, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, ойынқұмарлықтан зардап шеккен жандар мен олардың ата-аналары кеңінен қатыстырылса, құба-құп. Осы орайда мәжілісмендер өздерінің депутаттық сауалдарында халықаралық тәжірибеде букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың қызметіне тыйым салу бар екеніне де назар аударғанын айта кеткен жөн. Мұндай қатаң шара көршілес Қырғызстан мен Өзбекстанда енгізілген. Қытайда құмар ойындарға тыйым салынып қана қоймай, оларды өткізетін интернет-сайттар түгел бұғатталып тасталған. Егер онлайн-казино ойыншылары әшкереленсе, онда олар бас бостандықтарынан айырылып, темір тордың арғы жағына аттандырылады. Тіпті демократиясы дамыған Корея Республикасы да өз азаматтарының құмар ойындарға қатысуына тыйым салып, ойын мекемелерінің есіктерін басқа мемлекеттерден келген меймандар үшін ғана ашып қойған.
Алайда біздің елдегі ойын бизнесін ұйымдастырушылар өткен жылы 109 млрд теңге салық төлегенін және спорттық іс-шараларға ұдайы демеушілік жасап жүргенін, сондай-ақ жүздеген адамды жұмыспен қамтып отырғанын уәж ететін мемлекеттік органдарымыз құмар ойындар мен бәс тігуден бас тарту туралы ұсынысты қолдай қоюы неғайбіл.
Бұл ретте Мәжіліс депутаты Руслан Берденовтің: «Бір адамға шаққанда лудоманиядан емдеу курсы орта есеппен 400 мың теңгені құрайды. Елімізде осындай 350 мыңға жуық адам бар екенін ескерсек, оларды емдеуге жұмсалатын шығындар 140 млрд теңгеге дейін жетеді. Сондықтан біз Қазақстанға дені сау ұлт керек пе, әлде букмекерлік кеңселер керек пе деген сауалға жауап іздеп, басымдықты анықтайтын болсақ, онда таңдау айқын болуға тиіс. Біз балаларымызды, отбасымызды, достарымызды тәуелділіктен қорғау үшін бірігуіміз керек. Сонда ғана елімізді құмар ойындардан босатып, оны қауіпсіз және бақытты мекенге айналдыра аламыз», деген сөзі кімге болсын ой салғандай-ау.