Поэзия • 25 Маусым, 2023

Ақын монологі

196 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

(Ұлы Мағжанға)

Ақын монологі

Сезінемін дүние қарбаласын,

Қазағымның сүйемін әр баласын.

Сүймесіңе бола ма әрбір ұрпақ,

Туған халқың – ғұмырын жалғағасын!

 

Тартып келем тағдырын

түрлі азаптың,

Жүрегіне жетсем деп бір Қазақтың.

Қайғыны, қасіретті арқаладым,

Тауқымет тарттым талай,

мұңға баттым.

 

Тартынбай, тағдыр жүгін сал иыққа...

Айналсам деп Алатау ақиыққа –

Жазсам да жүз өлеңді, бәлкім мен де

Бір өлеңмен қалармын тарихта!

 

Ол бәлкім – өмір жайлы өлең болар,

Аққудай айдын көлге менен қонар.

Сарыарқа сары белдің киігіндей,

Дүр етіп жүрегімнен жөнелді олар.

 

Бір өлең сені күтіп келем енді,

Құдірет сезім күші бөлеп елді,

Ананың ақ сүтіндей уыз дәмді,

Мен жазып қалдырамын сол өлеңді.

 

Ол өлең – не жайында жұмбақ маған,

Дүние тәңірімдей тіл қат маған.

Мен үшін әр қазақтың бағасы артық,

Нарқы артып, әр күн сайын қымбаттаған.

 

Өлім – хақ,  адам көкті тірегенмен,

Табысып, тоғысатын тілегі елмен.

Мен  өлмеймін, өмірде  мен тірімін,

Айтылған, айтылмаған – бір өлеңмен.

 

Білемін ғұмыр болмас алда мұнша,

Қағам қанат – қанатым талғанынша,

Мен өлмеймін, өмірде мен тірімін –

Жер бетінде бір қазақ қалғанынша!

 

1994 жыл

 

 

Жиеншары Мағжанның...

(М.Ж. Утинге)

Түн баласы – шабыттың түлер шағы,

Ақынның түнде жанар кілең шамы.

Көршілес құдай қосқан балдызым бар,

Мағжанның – Мекеш деген жиеншары.

Қиянат әділетпен арбасқандай,

Тағдыр бар толғай алсаң

сан дастандай...

Тұрады тереземіз қарсы қарап,

Мағжанның жүрегімен жалғасқандай.

Бала кез көрсетпейді кім өнерін,

Білмей сәби кенет бұлт түнерерін.

Мағжандай нағашы үшін таяқ жеген,

Мектепте айтып қалып бір өлеңін.

Қатыгез заман барын нақ байқады,

Деген жоқ сол кезде де бақ қайтады.

Сол сәби тағдырынан тайсалмастан,

Әлі де Мағжан жырын жатқа айтады.

Бас иіп халқым деген данасына,

Қайғырып кең қазақтың даласы да,

Мағжандай нағашысы болғаны үшін,

Тауқымет тартты талай анасы да.

Заманның мойынсұнып жарлығына,

Күйініп кең дүниенің тарлығына,

Ақынның қолжазбасын тықты талай,

Сан жылдар сарғая ұстап сандығына.

Әділет жеңіс құрған баққа жетіп,

Сан тағдыр тауқыметін аттап өтіп.

Тойлады жүз жылдығын халқыменен,

Мағжандай нағашысын мақтан етіп.

Тағдырдың сан зауалы төнеді, әттең,

Әділет арпалысып келеді, әттең.

Келеді жерді басып бір азамат,          

Ұлы ақын жиеншары деген атпен.

 

2001 жыл

 

Шөмішбай Сариев,

ақын, Франц Кафка

атындағы халықаралық

сыйлықтың лауреаты