Қоғам • 27 Маусым, 2023

Қырық аспаздың рекорды

322 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Егер оқырман есінде болса, өткен жылы талдықорғандықтар 2 мың кило бауырсақ пісіріп, берекелі бір мерекеде өзіндік рекорд орнатқан еді. Ал өткен сенбі күні, 24 маусымда Алматының мақтаулы деген 40 аспазы жабылып 2047 кило бауырсақ пісіріп, осы рекордты жаңартты.

Қырық аспаздың рекорды

Бауырсақты бренд етуді, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуді мақ­сат тұтқан «Bauyrsaq day» мерекесіне жаңа рекордты тіркеуге «Қазақстан рекордтар кітабының» ресми өкілі Бақытжан Сәбитұлы арнайы келді.

Бір жағынан осынау іс-шара – отбасы институтын дамытуды, демалыс күндерін мәнді етуді де көздейді.

чсм

Бауырсақ пісіру үшін 1600 кило ұн жұмсалып, 5 қазан көтерілген мерекеге Алматының ең мықты деген 40 аспазы жиналды.

«Рекорд жаңартқан осынау іс-шара алғаш рет ұйымдастырылды. Бауырсақ пісіру түс кезінде басталып, ыстық бауырсақтарды өлшеп, шетінен елге таратып жатырмыз», дейді ұйым­дастырушылар.

Бауырсақ дайындалып жатқанда балалар да зерікпеді. Арнайы жос­пар­ланған көңілді бағдарламаларға қатысып, әртүрлі кейіптегі аниматорлармен ойнады. Бетіне, қолына арнайы мамандардың көмегімен ­сурет салдырып, естелік суреттерге түсіп жатты.

«Қазақстан рекордтар кітабы­ның» ресми өкілі Бақытжан Тастүбеков ал­дағы уақытта мұндай іс-шаралардың жиі болып тұратынын айтты. Бұған дейін 2017 жылы Талдықорған қала­сының күніне орай осындай іс-шара ұйым­дастырылған. Онда рекорд 2000 кило болған.

«Нан болса, ән де болады» демекші, қала тұрғындары мен қонақтарына ар­нал­ған концертті Әли Оқапов бастап бер­ді. Балақайлар да өнер көрсетті. Кон­цертті «Үркер» тобы ұлттық на­қыш­тағы ән­дерімен мерекені кешкі мәреге жеткізді.

Кешкі сағат 20:30 шамасында ба­уыр­­сақтар толығымен пісірілді. Ұйым­­­дас­­тырушылар 2023 кило бауыр­сақ пісі­руді жоспарлаған, кейіннен салма­ғы 2047 килоға жеткен соң, рекорд жаңар­тылды. 7 сағаттан аса жұ­мыс жасаған ас­паздардың мақсаты орындалды.

Бақытжан Сәбитұлы Қазақстан рекордтар кітабының ресми өкілі ре­тінде, 2047 кило бауырсақ пісіріліп, жаңа рекорд тіркелгенін растай отырып, ұйымдастырушыларға куәлік тапсырды.

Қалалықтар бауырсақтың дәмді болғанын, бала-шағамен бірге дема­лып, отбасылық жылы оқиға бол­ға­нын айтып, ұйымдастырушылар мен ас­паздарға алғысын білдірді. Ұлт­­­тық құндылықтарды, ұлттық та­ғам­­­дарымызды дәріптейтін іс-шара­лар­дың араға жыл салып емес, мереке са­йын жалғасып тұруын тіледі.

 

Мәдина ҚАЛИ,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті

 

АЛМАТЫ