Әдебиет • 26 Маусым, 2023

«Мен – Тәңіртау мұзбалағы»

447 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Қазақ елі егемендік алған кезде сыртта жүрген бауырлардың арасынан ақын Дүкен Мәсімханұлы алғашқылардың бірі болып атажұртқа ат басын тіреп еді...
«Қазіргі қазақ әдебиеті: даму үрдістері, есімдер мен оқиғалар» атты ұжымдық монографияның «Қазіргі қазақ лирикасы» деген тарауында ақынның шығармашылығы оң бағаланды. «Өз аспаным өзімде» атты жыр жинағына белгілі ақын Н.Айтұлы «Арынды жырдың алкүреңі» деген алғысөз жазыпты. Онда ақын шығармасына: «Ал жүйріктің жүйрігі, ұшқырдың ұшқыры – ақын қиялы. Себебі ақын қиялы үшін қас қағым сәтте кеңістікті көктей өтіп ғарышқа, мұнар шөгіп, мүк басқан уақыттың белінен бір-ақ аттап, түу бағзыдағы өткен күнге барып байырқалау түк те емес», деген баға берген.

«Мен – Тәңіртау мұзбалағы»

Ақынның «Өз аспаным өзімде», «Сап, сап, көңілім» жыр жинақтарына ХХ ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан бері жазылған жырлары жинақталған. Өлеңдерді оқып отырғанда лирикалық кейіпкердің сонау балалық балдәуренінен бастап, бүгінгі жеткен биігіне дейінгі аралықтағы өсу, толығу жолын көруге болады. Оның «Қойым өріп шығатын...» өлеңі сонау балалық шағын еске түсіреді. Лирикалық кейіпкердің Шиліөзекте, Суасу, Бақалықта қой бағып жүргеніне кез боламыз:

«Қоңыр таудың қойнауын сірестіріп,

Саулық сайын қошақан ілестіріп.

Тал-қайыңға жырымды үлестіріп,

Арманыма арымды күнес қылып –

Қой бақтым».

Ақынның туған жер туралы жырларынан кіндік қаны тамған Көккемер жайлауы, Іле өзені, Текес өзені, Шиліөзек, Суасу, Бақалық, сияқты жер атаулары ерекше орын алады. Туған жер туралы өлеңдер қатарын «Тартады жаным Алтайға», «Мойылдымен қоштасу», Алматы, Сарыарқа, Қарқаралы, Қарағайлы жөнінде «Қазақстан сапарынан» шоғырлы өлеңдері толықтырады. «Бар менде елім деген жүрек қана» өлеңінде:

«Елім!» деп еңіреймін,

Мейлі түсін, түсінбе мені, мейлің.

Елім деп еңіреуді, от кешуді,

Жанымның жарасының емі деймін», деп елін бәрінен де жоғары қояды. Қайталаудың әдемі үлгісін «Өмірдің өңі – өңкей жыр» шоғырлы өлеңінен көруге болады. «Қара өлең немесе менің сырым» өлеңінде «қара», «Ақ өлең немесе менің арманым» өлеңінің әр жолында «ақ», «Сары өлең немесе менің сарығым» өлеңінде «сары», «Көк өлең немесе менің рухым» өлеңінде «көк», «Қызыл өлең немесе менің балалық шағым» өлеңінде «қызыл», «Қоңыр өлең немесе менің жаным» өлеңінде «қоңыр», «Күрең өлең немесе менің жырым» өлеңінде «күрең», «Жасыл өлең немесе менің құштарым» өлеңінде «жасыл» сөзінің тармақ са­йын, немесе бір тармақта бірнеше рет қайталануы арқылы осы сөздерге көңіл аударған. Шоғырлы өлеңдегі қара, ақ, сары, көк, қызыл, қоңыр, күрең, жасыл түстердің өздеріне тән астарлы ойлары мен бірге халық ұғымына сіңіп қалған таным-түсінігі де бар. Мәселен, қара сөзі негізінен халық, орман, қазақ, қос, нар, өлең, нан, тау, жер тәрізді сөздермен тіркесіп келгенде үлкен қасиеттің эпитеті ретінде берілсе, ақ сөзіне қатысты шаттық, той-думан еске оралады. Сол сияқты сары сөзі сағыныштың белгісі болса, жасыл жастықтың символындай әсер беретіні белгілі. Алайда ақынның «қызыл» сөзін қызыл империямен байланыстыруы халық ұғымындағы қызыл түсті танытпайды. Қызыл түске малынған қызыл империяның қызыл ұраны да, қызыл туы да қан түсімен түстес келуі оның халықтың қанын судай ағызғанымен ұштастырылған. Осыған қарап отырып, ақынның әр түске қатысты айтары әріде жатқанын аңғаруға болады. Оны мына жолдар растайды:

«Қоңыр дүние.

Төсінде қоңыр даланың

Арқалап келем қоп-қоңыр қомын

бабаның.

Қоңыр төбелдеу бақытым

болғаныменен,

Қоңыр қыстаудың көңіндей

сорым да қалың».

Осы шумақтағы «қоңыр» сөздеріне қарап отырып, қоңыр сөзінің қоңырқай ғана тірлікті танытатынын байқасақ, ақынның өз сорын қыстаудың неше қатпар көңіне теңеуі жайлау мен қыстаудың жайын жақсы білетін қазақтың ұғымына жақын сөзбен бейнелеуі – қазақтың әр сөзінің орайын таба қолдану арқылы жаңа тіркес, жаңа образ жасауға болатынының мысалы.

 Ақын өлеңдерінен ұйқастың әралуан түрін кездестіруге болады. Мәселен, «Мен – қазақпын» өлеңіндегі жеті шумақтың «Мен – қазақпын» деп басталуынан лирикалық кейіпкердің қазақтың тәуелсіздігін, азаттығын мақтан етіп күллі әлемге жар салғанын байқасақ, «Таңданыс» өлеңінің айтары басқа. Қазақ елі тәуелсіздік алғаннан кейін сыртта жүрген бауырларымыздың «Отаныма туды ғой деп азат күн» («Қазақстаным, қайдасың?») деп, атамекеніне жеткенше асық болғаны бәрімізге белгілі. Ақынның лирикалық кейіпкері – жігіт болып атқа мінген шағында атамекен қайдасың деп Отанына оралғандардың бірі. Алайда кейіпкеріміздің ғұмыр бойы көкірегіне шер-шермен болып қатқан арманы орындалғаннан кейінгі күйі адам жанын жабырқатары жасырын емес. «Қазақстаным, қайдасың?!» өлеңінде «Шекарадан өтпей тұрған кездегі, Қиялдағы Қазақстан, Ғажап-тын» деп жырлағандай, ата-баба қонысын аңсап келгенде кеңестік жүйе қалыптастырған қоғам өміріне үрке қарап, ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрпымызды іздегені анық.

«Поэзия – жауынгер жанр» деп жатамыз, оның себебі – не жағдай болғанда да алдымен ақындардың үн қосатыны. Осы ойымызды ақын Д.Мәсімханұлының «Жаңаөзен» өлеңі растайды. Жазықсыз жандардың қаны судай аққанын, сұрақсыз-жауапсыз тар қапасқа тоғытылғанын, бейкүнә жандардың мойнына жасамаған қылмыстардың ілінгенін көрген ақын­ жүректің шарқ ұруы тегін емес. «Махам­­беттің намысы боп оянған» жаңа­өзен­діктердің мұңын мұңдап, олардың өр рухын қолдаған ақын жауға жалаң қол шапқан боздақтардың қынадай қырылғанына күйінеді. «Жаңаөзен» өлеңінде:

«Қара тұман торламай-ақ көгімді,

Қайғы жұттым, қабырғам да сөгілді.

Оғландарым бауырына оқ атты,

Боздақтардың қаны судай төгілді»,  деп боздап, Махамбеттің намысынан оянған «Жаңаөзенім – жаңа рух! Жаңа мұң!» деп түйіндейді.

Ұлттық поэзиядағы махаббат, туған жер, табиғат жырлары тәрізді мәңгілік тақырыптар ақын шығармаларынан да орын алған. Ол табиғат жырларында жансызға жан бітіре кейіптеуге шебер. «Қыс» өлеңінде:

«Аспан тұр бозарып, түшкіріп,

Қалбақтап ұшады кәрі қар.

Күнгейлер есінеп, буланып,

Мұз емшек бұлақтар қызарған.

Қолтығы сәл тершіп, суланып,

Таулардың бойлары ұзарған», деп қыс суретіне жан бітіріп, оны адам кейпінде бейнелейді.

Қолына қалам ұстаған ақын-жазу­шы­лардың барлығы дерлік сөз киесіне бас иеді. Сондықтан олардың кез келгені сөз құдіретін жырға арқау еткен. Сол сияқты Дүкен ақын «Жыр-құдірет» өлеңінде Абай, Қасым, Мұқғали сияқты ақындарды сөз ете келіп, «Болса да қанша тозақ, азап өлең, Не көрсем де өлеңді жаза көрем» деп сөз өнерін жоғары бағалайды.

Қазақ баласының Жаратқан иесіне деген наным-сенімі мен түсінік-пайымы да өлең жолдарынан орын алуы құптарлық. Мәселен, қазақ халқы құрғақшылық жылдары тасаттық жасап, Алладан жауын-шашын сұрайтыны, Хақ Тағаланың өзіне имандай сенген пенделерінің сұрағанын беретіні белгілі. Ел ішіндегі осындай оқиға «Ауыл. Шілде. Тасаттық» өлеңіне негіз болған. «Тораңғы. Жыңғыл тарбиып, Қақтана жатып қалғыды», «Жалындап, жанып тау-тандыр, Қаңырап қалды өзенің», «Қыртысы жердің қақырап, Балқып бір жатты тастар да» деген жолдар сар даланы қуырып бара жатқан құрғақшылықты көз алдымызға елестетеді. Алла Тағалаға қаратыла айтылған мадақ жырлары мен «Жаратқан ием, жаздым хат» деген екі хаттан тұратын шер-толғауында зар еңіреп, Хақ Тағаладан медет сұраған ақынның «Азаттықпен азаймады азабым, Кеше де өгей, бүгін де өгей қазағың» деген жолдарындағы өз елінде, өз жерінде отырған қазақтардың кірмелердің тасасында қалып өгей баланың күйін кешуін ашып айтады. Ал барлық мадақтың бір Аллаға қаратыла айтылатыны «Мадақ жыры», «Құранға» ғана құлақ түр...» тәрізді өлеңдерінен көруге болады. «Жаратқан ием, жаздым хат» өлеңіндегі екі хаттан «Тозақтан бетер өмірім, Тірлікті бүйткен ұрайын» дейтін лирикалық кейіпкердің қоршаған ортадан түңіліп, тығырықтан шығар жол іздеуіне куә боламыз.

Алайда ақын жырларының бәрінде мұң-шер орын алмауы қуантады. «Түріктер және Ұлы даланың көне тарихы» кітабындағы жазбалар «Қытай қорғаны» шығармасына негіз болған. Ақынның «Қытай қорғаны» өлеңін оқып отырғанда көк түріктің өр ұландарының өткен тарихынан біраз мағлұмат алуға болады. Мәселен, бүгінде қорғанымен әлемге танылған елдің сол қорғанды көк түріктен қорғану үшін салғанын ақын тарихи деректер арқылы әдемі суреттеген. 

Ол бірде «Мен, мен едім, мен едім, Алтынның буы – ем едім» деп дүр сілкініп шыға келеді де, 7-8 буынды жыр үлгісімен төпеп-төпеп жібереді. Махамбетше «Мен Дүкен деген ду едім, Саф алтынның буы едім» дей келіп, «Мен, мен едім, мен едім» деген үлгімен жырлай жөнелсе, енді бірде Абайша «Сап, сап, көңілім, сап, көңілім» деп басу айтып, өрекпіген көңілді «Әулекіленде, әз-Дүкен, Бұл қазақ ерсіз дейсің бе?!» деп сабасына түсіреді. Енді бірде Жұбанша «Мен – қазақпын!» деп, қазақ болып болып туғанын, Мағжанша көк бөріден жаралғанын мақтан етеді.

Поэзиясынан үлкен орын алатын келесі туындылар – ән-өлеңдер. Ақынның біраз өлеңдеріне ән жазылып, белгілі әншілердің орындауымен көпшілік тыңдарманға ұсынылып жүр. Оның «Көл бойында», «Ауыл кеші көңілді», «Арайлым», «Наурызым – мерекем», «Сөнбейтін алау», «Жеткізбеген арманыңды арманда», «Тұлпар туралы толғау» сынды тағы басқа да көптеген өлеңіне ән жазылды. Олар көпшіліктің сүйіп тыңдайтын әндерінің қатарына қосылды. Сонымен бірге ол көркем аудармаға да өз үлесін қосып келеді. Бернард Лоррейн, Ли Бай, Ай Чиң, Юй Гуаңчжұң, Чжау Лихуа, Чын Дұңдұң, Гу Чың тәрізді ақындардың жырларын қазақша сөйлету арқылы ұлттық әдебиетті әлем әдебиетінің жыр жауһарларымен байытты.

Қорыта айтқанда, «Мен – Тәңіртау мұзбалағы Дүкенмін!» деп көк бөріден жаралып, көктегі күннен нәр алған ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері талантты тәржімашы Д.Мәсімханұлы поэзия көгінде бірде тұлпар болып шапса, енді бірде сұңқар тәрізді көкке самғайды. Ұлт руханиятына өз үлесін қосып жүрген ақынға поэзия көгінде қанатыңыз талмай самғай беріңіз деген тілек айтамыз.

 

Гүлжаһан ОРДА,

М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы

Соңғы жаңалықтар

Нағыз ғалым еді...

Тұлға • 13 Шілде, 2024

Аурухана жағдайымен танысты

Саясат • 13 Шілде, 2024

Әскерилерді әлеуметтік қолдау

Саясат • 13 Шілде, 2024

Базалық мөлшерлеме төмендетілді

Экономика • 13 Шілде, 2024

Көршінің наны

Қоғам • 13 Шілде, 2024