Елорда • 27 Маусым, 2023

Жаса, жайна, елорда!

307 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астана қаласының 25 жылдық мерекесіне орайластырылған жоспарлы іс-шаралар легі басталып та кетті. Бірер күн бұрын елорда әкімдігі мен Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармония ұжымы «Filarmonia fest-2023» музыкалық фестивалін ұйымдастырып, қала тұрғындарының ықыласына бөленді.

Жаса, жайна, елорда!

Фестивальде шығармашылық ұжым мен солистері бастаған 500-ге жуық әртіс филармония ал­ды­на жиылған қала тұрғындары мен қонақ­тарына және ерке Есілдің жаға­лауына серуенге шыққан қа­уымға есте қаларлық ерекше кеш өткізді. Сонымен қатар бала­лар шы­ғар­машылық ұйымдары мен білім беру студиялары, цирк әртіс­тері балдырғандарды қуантты. Фести­валь­дің ашылу салтанатында төбе көр­сеткен Еркеғали Рахмадиев атын­дағы Мемлекеттік академиялық фи­лар­­мониясының бас директоры Ерлан Дәкенов елордалықтарды қала күнімен құттықтап, әріптестеріне тола­ғай табыс тіледі. Көп ұзамай филар­монияның көркемдік жетекшісі Гүл­мира Құттыбадамова Астана кү­ні­не арналған фестивальдің бағ­дарламасы туралы айтып берді.

«Қала күніне арналған мерекелік іс-шаралардың ішінде «Filarmonia fest -2023» фестивалінің де ауқымы кең. Бағдарламаға сәйкес өнерпаздар ертеден кешке дейін қала тұрғындарына мерекелік көңіл күй сыйлайды. Фес­­тиваль өздеріңіз тамашалаған «Музы­ка балалар көзімен» атты сурет бай­қауымен бас­талды. Енді «Бормен сурет салу», «Мүсін», «Композиция» номинациялары бойынша үздік шық­қан жастар анықталады»,  деді Гүлмира Құттыбадамова.

Түс ауа «Сарыарқа» халық музыкасы ансамблі мен үрмелі оркестрдің жас музыканттарға арналған «Музы­калық аспаптар әлеміне саяхат» атты шеберлік сағаты өтті. Кешке Қазақ оркестрі мен Халық әні бөлімінің дәстүрлі әншілері әкімдік алдындағы амфитеатрда өнер көрсетті. Осыдан соң елордалықтар  Ғазиза Жұбанова атындағы мемлекеттік ішекті аспап­тар квартетінің концертін тың­да­ды. Көп ұзамай сол маңда Астана­ның 25 жылдығына флешмоб ұйым­дастырылып, «Филармония – елор­да­ның музыкалық магниті» эссе бай­қауының қорытындысы шықты. Фестиваль филармония ұжымының гала-концертімен түйінделді.

Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық фи­­лар­­монияның бай тарихы бар. Бүгін­­де фи­лармония құрамындағы 13 шығар­­ма­шылық ұжымды қоса алғанда ұзын-­саны 606 адам еңбек етеді. Өнер майтал­мандары осы күнге де­йін түрлі бағыт­тағы музыкалық шы­ғар­маларды насихат­тай отырып, мә­дениет саласына үлес қосу­дан тан­ған емес. Мұны Астана күніне тар­ту болған «Filarmonia fest-2023» музы­ка­лық фестивалінің ауқымына қарап бағам­дай берсек болады.