Парламент • 26 Маусым, 2022

Қазақстан – Қырғызстан: Парламентаралық байланыс

68 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мәулен Әшімбаев Қазақ­станға ресми сапар­мен келген Қырғыз Рес­пуб­ликасы Жогорку Кене­шінің төрағасы Нұр­лан­бек Шакиевпен кездес­ті. Сұхбат барысында парламентаралық ын­ты­мақтастықты одан әрі ны­ғайту және елдер арасын­дағы серіктестікті кеңейту мәселелері талқыланды.

Қазақстан – Қырғызстан: Парламентаралық байланыс

Сенат төрағасы Қырғызстан Қазақстан үшін Орталық Азия­дағы негізгі серіктес және одақ­тас мемлекеттің бірі екенін атап өтті. Бүгінде екі ел арасында дипломатиялық байланыс орна­ғанына 30 жыл толды. Осы уақыт аралығында әртүрлі салада 150-ден астам шарт пен келісімді қамтитын берік құқықтық база қалыптасты.

«Қазіргі таңда елдеріміз арасында өзара сыйластық пен тату көршілікке негізделген қа­­ры­м-қатынас қалыптасқан. Мем­­лекет­теріміздің басшыла­ры орнатқан тығыз ынтымақ­тастықты біздің Парламенттеріміз де жоғары деңгейде жалғастырып отыр. Сенатта Қырғыз Республи­ка­сының Жогорку Кенешімен ынтымақтастық тобы құрылды. Алдағы уақытта да Сенат бауырлас Қырғыз елімен парламент­аралық байланысты нығайту бағытындағы жұмысты дәйекті түрде жалғастыра береді», деген Мәулен Әшімібаев Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде іске асырылып жатқан реформалардың маңызына тоқталып өтті.

Өз кезегінде Нұрланбек Шакиев Қазақ­стандағы саяси және экономикалық өзге­рістерді жоғары бағалап, екі мемлекет арасындағы байланысты әрі қарай дамытудың маңызына тоқталды.

«Қырғызстан мен Қазақ­стан арасында қандай да бір экономикалық және сая­си қарама-қайшылық жоқ. Біз ежел­ден іргелес қонған бауырлас халықтар ретін­де үнемі бір-бірімізді қолдап келе­міз. Мемлекеттеріміздің басшылары Садыр Жапаров пен Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел ара­сындағы, оның ішінде парла­ментаралық деңгейдегі өзара қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға белсенді ықпал етіп келеді», деді Жогорку Кенеш төрағасы.

Сонымен қатар кездесу барысында су ресурстарын басқаруға қатысты ынты­мақтастықты нығайту ісіне Парламент депу­тат­т­арының қатысу мәселесі сөз болды. Астана халықаралық форумында Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров та осы жайттың өзектілігін тілге тиек еткен болатын.

Сенат төрағасы Қырғызстанда Су кодексі қабылданғанын ескере отырып, заң шығару жұмысында осы бағытта тәжірибе алмасуға қызығушылық танытты. Соған байланыс­ты ол су ресурстарын басқару жобаларын талқылау үшін екіжақты жұмыс тобын құруды ұсынды.

«Біздің аймақта су мәселесі өте өзекті екені белгілі. Сондық­тан бұл бағыттағы проблемаларды бірлесіп шешудің маңызы зор. Біздің тату көршілік және одақтастық қарым-қатынасы­мызды ескере отырып, осы мә­се­лелер бойынша ашық әрі сын­дар­лы диалог құрамыз деп үміт­тенемін», деді Мәулен Әшімбаев.

Одан бөлек, сұхбат кезінде екі ел арасын­дағы өңіраралық өзара іс-қимылды арттыру, сауда-эконо­микалық және мәдени-гума­нитарлық байланысты кеңей­ту мәселелері әңгімеге арқау болды.

Айта кетейік, Қырғызстан Жогорку Кенеші делегациясының сапары аясында еліміздің басшылығымен, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелерімен бірқатар кездесу және басқа да іс-шара жоспарланған.