Сұхбат • 27 Маусым, 2023

Ернұр Бурахан: Радио – замана үні, уақыт тынысы

325 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Қазақ радиосы өзінің ғасырдан астам тарихында тұтас бір ұлттың тіршілік тінін, қайталанбас мәдени болмысын ұлағаттап келе жатқан ақпарат құралы. Ол қазақ мәдениетін сыр-жұмбаққа толы сұлу тұрпатында жеткізіп, ән-әуезге малынған алуан үндестікті сұңғыла сөзбен суреттеп келеді.  Сондықтан да біз Қазақ радиосын ұлттық руханияттың, қазақ өнері мен мәдениетінің қара шаңырағына балаймыз. Өйткені салиқалы ойдың өрелі оралымдары да,  әуезді әуеннің жан тебірентер сезімтал пернесі де осында. Сөз сәні мен тіл тәлімі, ән әрі мен саз сырының кеніші  де осы үнжария. Бүгінде радионың тыныс-тіршілігі қандай?  Жалпы ұлтымыздың  салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы,  тілі, діні, әдебиеті мен мәдениеті жайында көл-көсір әңгіме айта алатын нағыз ұлтжанды ақпарат көзінің тыңдаушыларына тағы қандай тартуы бар? БАҚ қызметкерлері күніне орай «Қазақстан» телерадиокорпорациясына қарасты «QAZAQ RADIOLARY» ЖШС Бас директоры Ернұр Бураханды әңгімеге тарттық.

Ернұр Бурахан: Радио – замана үні, уақыт тынысы

- Ернұр Көшерханұлы, қазір технология тасқыны, аласапыран ақпарат пен смартфонның дәуірі жүріп тұр. Осындай алмағайып сәтте радионың тыныс-тіршілігі қалай болып жатыр? Уақыт ағымына ілесіп кетіп жүр ме?

- Қазіргі ақпараттық технология мықты дамыған заманда радионың алар орны ерекше.  Радио-халқымыздың шын мәніндегі рухани шежіресін жасайтын ақпарат құралы ғой. Ұрпақтар сабақтастығын да қалыптастырушы күш.  Радионың әуе толқынына шығатын әдеби-мәдени жауһарлары  тыңдаушының сыршыл көңіліне майда қоңыр, сазды самал ұялатып, адам жанын баурайтыны анық. Өнермен өзара өзектес, өмірлес тағдырлар туралы толымды толғаулардың  топтасқан кеніші де осы радио екені сөзсіз.  Болашақта да радионың дауысымен оянатын, оның дауысынан қуат алатын ұрпақ қатары толастамасы анық. Серіктестіктің стратегиялық даму жоспарына сай радиоарналардың басымдықтары айқындалған. Соған сәйкес «Қазақ радиосы» радиоарнасы ақпараттық-сараптамалық контентке басымдық берсе, «Шалқар» радиосының мазмұны ұлттық құндылықтар бағытына бет бұрды. «Астана» радиосы таза жастардың арнасы болса, «Classic» радиосы классикалық өнерді дәріптеуде. Радиоарналар ішінде жасы жағынан да, мазмұны жағынан да ең үлкені – Қазақ радиосы. Наурыз айынан бастап, Қазақ радиосының эфирінен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүктеген тапсырмалар мен реформалардың мән-мағынасын түсіндіруге арналған «Ақорда» хабары және Үкімет жұмысына арналған «Үкімет» хабары әуе толқынына шықты. Биліктің тағы бір тармағы заң шығарушы орган Парламентке арналған «Парламент сағаты» хабары да жаңарған форматпен тыңдаушыға жол тартты.

Сондай-ақ Reuters, Associated Press, BBC секілді әлемдік ақпарат агенттіктерінен жазылу қызметі бойынша күн сайын «Жаһан жаңалықтары» айдарымен хабар шығып жатыр. Жедел және шынайы ақпарат алу «Қазақстан» телерадиокорпорациясының аталған агенттіктермен келісім аясында қолжетімді болып отыр.    

Қазір халықты толғандыратын мәселе көп. Радиоға күнде бірнеше адам хабарласып, кәсібін кеңейту үшін несие қалай алу керектігі, ауыл шаруашылығы саласындағылар субсидия алудың жолдары жайлы, тіпті қоғамдық өмірдегі өзге де мәселелер төңірегінде кеңес сұрап жатады. Осыған жауап берудің жолын тапқандаймыз. Бүгінде журналистеріміз әр сауалға орай құзырлы мекемелермен хабарласып, мәселелерге қатысты жауап іздейді. Қай жерге бару керек, қандай құжат қажет, оны рәсімдеу үлгісін түсіндіру үшін арнайы бағдарлама аштық. Оған айғақ,  «Халық үні» хабары.  Бұл хабарды танымал заңгер Нұра Тынысқызы жүргізеді.  Бұған дейін аптасына 1 рет қана шығып келсе, енді жаңа маусымда аптасына 5 рет шығып жатыр. Бұл халықтың сұранысынан туған жайт.

Тағы бір тамаша жобаны қолға алып, бастап кеттік. Аптасына 5 рет 45 минуттық радиолекция эфирге шығып жатыр.

Мұнда ғылымда, қоғамда орны бар, әр саланы зерттеп жүрген ғалымдар дәріс оқиды. Негізінен ұлттық таным, философия, психология, педагогика ғылымдары мен отбасылық құндылық, тәрбие тақырыптары қозғалады.

л

Елдің қаржылық сауатын арттыру үшін «Нарық»  хабарын аштық. Аптасына 5 рет шығатын бұл хабарда «Банк депозиті», «Мемлекеттік әскери баспана ипотекасы», «Кәсіпкерлікті дамытудың он қадамы», «Қазақстан нарығындағы халықтық инвестиция», «Шаңырақ» мемлекеттік ипотекалық бағдарламасы  сынды тақырыптар жиі қозғалады. Бұл да халыққа үлкен көмек болды. Бұған дейін аптасына 2 рет шығып келген «Ой-түйін» сараптамалық бағдарламасы енді 4 рет шығады. Мақсат айқын, халыққа ақпаратты жан-жақты жеткізу. Саяси-әлеуметтік тақырыптарды күнделікті талқылап отыру. Күндізгі және кешкі ақпараттық шығарылымда да тыңдаушыға тың жаңалықты бірінші болып жеткізу көзделген. 

- Ернұр Көшерханұлы, өте тамаша жобаларды қолға алып, эфирге шығарып жатырсыздар. Өте тамаша. Қандай жетістіктеріңіз бар?

- Әрине, өзгерістер өте көп, жетістіктер де жоқ емес. Ең басты жаңалық, 2022 жылы  Қазақ радиосы қазақ және орыс тілді радиоарналар рейтингінде 9,1% үлеспен үшінші орынға шықты. TNS CENTRAL ASIA мәліметіне сай 2020 жылы 10-шы, 2021 жылы 9-шы, ал  2022 жылы 3-ші орыннан көріндік.  Рейтинг 100 мыңнан астам тұрғыны бар қалалар бойынша әзірленген. Бұл біз үшін жетістік. Қазақ радиосының тікелей эфир студиясы қайта жасақталып, оған диктор, журналист Әбдірәлі Бөлебайдың аты берілді.

Биыл қазақтың «Левитаны» атанған атақты диктор, Қазақстанның Халық артисі Әнуарбек Байжанбаевтың туғанына 100 жыл толды. Атаулы мерейтойға орай, Алматыдағы радио студияға Ә.Байжанбаев есімі берілді. Бұл іс-шараға радио ардагерлері мен Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі өзі қатысып, студияның лентасын қиды.

Әйгілі диктор өмірінің 45 жылын қазақ радиосына арнаған. Оның оқуындағы 500-ге тарта әдеби, музыкалық, тарихи шығармалар мен ресми хабарлардың барлығы  Қазақ радиосының «Алтын қорында» сақтаулы.

Әр адамның өмір өнегесі бар. Ол әрине, сол адамның өз ұстанымындағы  тереңдігі, ұлттық сананы жоғары қоятын тұлғалық болмысы, халқына сіңірген еңбегі, арқалаған аманатымен өлшенеді. Ал, ондай азаматтың өмірі соқтықпалы келгенімен, өзіндік биігі бар ерекше ғұмыр іспетті. Осы өмір керуенінде өзіндік ізімен танылған азаматтың бірі Әнуарбек Байжанбаев деп білемін. Ендеше, Қазақ радиосының қалыптасуына ұшан-теңіз еңбек еткен ол кісінің 100 жылдық мерейтойы да назардан тыс қалмауы керек. Осы орайда «Дауылпаз дауыс иесі» атты ғылыми -тәжірибелік конференция өтті. «Qazaqstan» Ұлттық арнасы Ә.Байжанбаевқа арналған «Үнің кетпес құлақтан» деректі фильмін түсірді. «Байжанбаев» атындағы дикторлар байқауы жарияланып, жеңімпаздар анықталды. «Астана» қаласынан Байжанбаев атына көше берілді. Мұндай игілікті шаралар дауылпаз дауыс иесінің биылғы 100 жылдық мерейтойына  орай жалғасын таппақ. Туған өңірі Семей қаласынан да диктор атына көше беру жоспарланып отыр. 

1

Қазақ радиосында аптасына 80-ге жуық хабар әуе толқынына жол тартады. Олардың бірі  күнде дайындалса, енді бірі аптасына бір рет.  Ал, радионың ақпараттар легі әр  сағат сайын эфирде және өзге ақпарат көздерінен бұрын береді. Алайда бұл аздық еткесін тыңдаушыға ақпаратты кеңірек жеткізу мақсатында  «Ақпараттық-сараптау қызметі» редакциясы құрылды. Редакция саяси-әлеуметтік, талдау және сараптамалық жанрдағы хабарлар дайындайды. Радио тарихында тұңғыш рет «Ой-түйін» радио ток-шоуы ашылды. «Ой-түйін» демекші кеше ғана осы бағдарламаның жүргізушісі Жанболат Шәкім Парламент Мәжілісінің «Парламент сөзі» сыйлығының «Үздік интернет және радио материалы үшін» номинациясын жеңіп алды. Былтыр да бұл хабар «Үркер» сыйлығын иеленген еді. Кеше БАҚ қызметкерлері күніне орай Қазақ радиосының жүргізушісі Альмира Елімсарина мен «Шалқар» радиосының редактор-жүргізушісі Жанар Оразымбетова «Amanat» медиа сыйлығын иеленді. Реті келгесін жүлде алған әріптестерімді айтып қалып жатырмын (күледі).

Қазақ радиосының эфирінен алғаш рет футболдан әлем чемпионаты тікелей эфирде трансляцияланды. Бұл футбол жанкүйерлерінің көңілінен шықты. Қазақ радиосы App Store және Google Play қосымшаларынан Anchor платформасында подкаст ашты. Ол жерден мәдени, ғылыми, тарихи танымдық хабарларды тыңдауға болады. Тікелей эфирдегі бағдарламаларды сапалы бейне форматта әлеуметтік желілерге  тарату үшін радионы визуализациялау кешені сатып алынды. «Шалқар» арнасы  Қазақ радиосы эфирінің мазмұнын қайталамас үшін форматын өзгертіп, ұлттық-этникалық үнжарияға айналды. Радиоарна ұлттың болмысын ашып, мәдениеті мен өнерін насихаттайды. Айта кету керек, «Шалқар» өткен жылы толыққанды техникалық жасақталып, қазір Алматыдан хабар таратып жатыр. «Classic» радиосының сигналын спутниктен қабылдау үшін кәсіби сандық «Harmonic» қабылдағышы сатып алынды. Астана радиосы үш блоктан тұратын 10 сағат тікелей эфир, сонымен қатар жаңалықтар қызметі және музыкалық форматына өзгерістер енгізді. Алдағы уақытта бұдан да көп жұмыстар атқарамыз деген ниетіміз бар.

- Ия, ол кезде тағы да өзіңізбен жүздесіп сұхбат аламыз деген үмітіміз бар. Мынау шекаралық аймақтардағы ауылдар біздің емес, көрші елдердің радиосын тыңдауға мәжбүр болып жатады. Бұл бұрын мәселе ретінде қаралатын. Бірақ соңғы кезде бұл әңгіме айтылмайтын болып жүр. Ел мәселе шешілген соң айтпай ма әлде айтып шаршады ма?

- Бұл мәселе кезең-кезеңімен жүзеге асып жатыр. Қазір шалғай ауылдарға біздің радиоларды тарататын құрылғылар орнатылуда. Жол картасына сәйкес 2021-2024 жылдар аралығында хабар тарату желісін төрт кезеңде дамыту жоспарланып отыр. Министрлік өткізген байқауда бірінші кезеңге 107 радиожиілік спектрі (89-ы «Қазақ радиосы» радиоарнасына, 18-і «Шалқар» радиоарнасына) бөлінген еді. Қазір алғашқы кезең сәтті жүзеге асып, мемлекеттік радиохабар таратуды қамту шамамен 434 мың адам тұратын 380 шекаралық елді мекенге  артты. Екінші кезеңге 82 радиожиілік спектрі бөлінді. Оның 68-і – «Қазақ радиосы» радиоарнасына, 14-і – «Шалқар» радиоарнасына.  Бұл 2-кезең іске қосылған кезде мемлекеттік радиохабар таратуды қамту шамамен 338 мың адам тұратын 263 шекаралық елді мекенге артады.  «Шалқар» радиоарнасы туристік аймақтарға, ал «Қазақ радиосы» радиоарнасы негізінен шекаралық аймақтарға және телеарна, интернет желілері тартылмаған шалғайдағы елді мекендерге бағытталды.

- Ернұр Көшерханұлы, 100 жылдан астам тарихы бар  Қазақ радиосы өзінің өмір сапарының өзіндік жолында жаңа құрметке бөленді, жылы лебізге кенелді. Бір ғасырдан астам  өсу мен өрлеудің, талмай іздену мен талғамшыл талпыныстың жемісі сол Қазақ радиосы бүгінде Ұлы даланың үні деген лайықты атқа ие болды. Тыңдаушы талғамы қашанда биік. Қазақ радиосы сол талғамға сай мәңгілік елдің сөзі салмақты, ойы орамды – ақпарат құралы бола берері хақ.  Өзіңізге және Сіздің шығармашыл ұжымға  табыс, толайым жақсылықтар тілейміз. Қара шаңырақ қазақ радиосы ұлттың мүңын мұңдап, жырын жырлай берсін! Әңгімеңізге рақмет!