Оқиға • 27 Маусым, 2023

Қазақстандық танымал ауыр атлет Владимир Седов қайтыс болды

407 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстанның төрт дүркін чемпионы Владимир Седов өз-өзіне қол жұмсады, деп хабарлайды Egemen.kz. 

Қазақстандық танымал ауыр атлет Владимир Седов қайтыс болды

Бұл ақпаратты Жетісу облысының полиция департаменті растады. 35 жастағы спортшының мәйіті өзі тұрып жатқан Қаратал ауданының Достық ауылынан табылған.

«Зорлықпен өлтіру белгілері табылған жоқ. Туыстарының мәліметі бойынша, ер адам өз- өзіне қол жұмсаған. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде. Қылмыстық іс аудандық полиция басшылығының назарында», деп хабарлады Жетісу облыстық полиция басқармасы.

Айта кетейік, Владимир Седов – Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасының қатысушысы, Қазақстан Республикасының төрт дүркін чемпионы, 2010 жылғы Қазақстан чемпионатының рекордсмені. Сәтті өнер көрсеткені үшін «Құрмет» орденімен марапатталған.

Зілтеміршінің жұлдызды кезеңі 2009-2016 жылдар аралығында болды. Ол әлем чемпионаттарында бірнеше медаль жеңіп алған еді. Содан кейін спортшының допинг қабылдағаны анықталып, Халықаралық ауыр атлетика федерациясы оның барлық медальдарын қайтарып алды.