Суреттерді түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»
Аталған көрме ақпарат құралдарының ұлттық сана-сезімді қалыптастырудағы рөлін көрсетіп, қалыптасуы мен даму тарихын таныстырады.
Ұсынылған әр кезеңдегі ақпарат жабдықтары, газет-журналдар тарихтан сыр шертеді.
Алқалы жиынды ашқан Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі жиналған қауымды кәсіби мерекемен құттықтады.
«Мереке қарсаңында журналистердің көңіл күйі ерекше деп ойлаймын. Өйткені бірер күн бұрын Мемлекет басшысының тапсырмасымен бір топ БАҚ қызметкерлеріне пәтер кілті табысталды. Оның ішінде ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек етіп жүрген журналистер, операторлар, қарапайым қызметкерлер болды. Мемлекеттің бұл қамқорлығы әрі қарай жалғаса береді. Кеше де Президент сыйлықтары табысталды. Біз осы салаға жауапты министрлік ретінде журналистерге тарту жасауды ойлап отырмыз. Бірнеше жоспарымыз бар. Бүгін соның алғашқысы – Мәдениет және спорт министрлігінің және Ұлттық музейдің қолдауымен Баспасөз музейін ашуды жөн көрдік. Шын мәнінде, өткенсіз болашақ жоқ», деді сала басшысы.
Сондай-ақ ол 2 ақпан – Қазақ баспасөзі күні деп жарияланатынын атап өтті.
«2 ақпан – «Қазақ» газеті дүниеге келген күн. Жыл басында бұл күнді Қазақ баспасөзі күні деп бекітуді ұсынған едік. Міне, бастамамыз қолдау тауып отыр», деді министр.
Жиынға қатысқан Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары Сауытбек Абдрахманов пен Әлібек Асқар журналистік жолдың қыр-сырымен бөлісіп, жүрекжарды тілектерін арнады.
Айта кетейік, аталған іс-шараны Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Мәдениет және спорт министрлігі бірлесіп ұйымдастырып отыр.