Аймақтар • 28 Маусым, 2023

Берекелі бес жыл

215 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Түркістан облысының республикалық бюджет трансферттеріне тәуелділігі жоғары. Осы орайда өзіндік кірістерді көбейту мақсатында облыстың өнеркәсіптік әлеуетін дамытуға мүмкіндік беретін бірнеше маңызды ірі жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Бұл бағытта атқарылатын жұмыстар және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы облыс әкімі Дархан Сатыбалды орталық коммуникациялар қызметі алаңындағы брифингте тарқатып айтып берді.

Берекелі бес жыл

 

Жалпы өңірлік өнім көлемі 5 жылда 2 есе өсті

Биылғы 5 айда­ не­гі­зінен өңдеу, электр және сумен жабдықтау өнеркәсіптері өнімдерінің артуы есебінен өнеркәсіпте өсім сақталды. Өңдеу өнеркәсібінде жалпы құны 23 млрд теңге бола­тын 19 жобаны іске асыру жос­­­­парлануда. Нәтижесінде, 500-ге жуық жұмыс орны ашылады. «Биыл Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толды. Облыс орталығы – Түркістан қаласын рухани астана ретінде дамыту бағытында қабылданған шаралар өңір экономикасының дамуына тың серпін берді. Экономиканың басты көр­сет­кіші жалпы өңірлік өнім көлемі 5 жылда 2 есе өсіп, 3,5 трлн теңгеге жетті. Өнеркәсіп өнім көлемі 2 есеге артып, 867 млрд теңгені құрады. 2018-2022 жылдар аралығында Индустрияландыру картасы­ аясында өңірде жалпы құны 56 млрд теңгеге 43 жоба іске асырылып, 2834 жаңа жұмыс орны құрылды», деді Дархан Сатыбалды. Облыс өнеркәсібінің негізгі үлесін тау-кен, яғни уран өндірісі құрайды. «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ уран өндіруші компаниялардың сұранысына сәйкес Созақ ауданында күкірт қышқылын өндіретін зауыт салуды жос­парлауда. Инвестициялық құны 100 млрд теңге болатын жоба 250 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Ал өңірдің ауыл шаруашылығында өнім көлемі 5 жылда 2 есе артып, алғаш рет 1 трлн теңгеден асты. Агроөнеркәсіп кешеніне жалпы 336 млрд теңге инвестиция тартылды. Салада жаңа технология кеңінен қолданылып, қарқынды бау көлемі биыл 5 405 гектарға жеткізілмек. Нәтижесінде, өнімділік 5 есеге артып, әр гектардан 300-350 центнерге дейін өнім жиналады. Су үнемдеу технологиясы 28 763 гектарға, «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасы 9 303 гектарға ендірілді. Аталған тәсіл, ағын суды 2 есе үнемдеуге, өнімділікті 3 есе арттыруға мүмкіндік береді. Еліміздегі жылыжайлардың 71%-ы облысқа тиесілі, жалпы көлемі 1 511 гектарға жетті. Өткен жылы 91 мың тонна өнім жиналды. 2027 жылға дейін 500 гектарға жаңа жылыжай салу жоспарланып отыр. Егістікті әртараптандырудың нәтижесінде 3 млн тонна­ кө­кө­ніс, бақша, картоп өнімдері жи­налды. Нарықты отандық өнімдермен қам­та­ма­сыз ету мақсатында биыл 60 жобаны іске асыру жоспар­лан­са, бүгінде оның 16-сы іске қосылып, 157 жұмыс орны ашылған. Дегенмен Бәй­ді­бек, Ордабасы, Отырар, Сау­ран­ аудандары және Арыс, Түр­кістан қалалары бойынша орта есеппен жыл сайын 210 млн текше метр ағын су­ тапшылығы бар. Осы мәсе­ле­ні шешу үшін бірнеше су ны­санының құрылысы бас­та­лып, өткен жылы 2 нысан пай­далануға берілді. Бұдан бө­лек, «Бәйдібек ата» және «Борал­дай»­ су қоймалары салынады. Атал­ған жобаларды іске асыру есебінен ағын су тапшылығы толық шешілетін болады.

Ет экспорты бойынша облыс көш басында

Мал шаруашылығының дамуы бойынша облыс рес­публикада алдыңғы орында. Мал басы және өнімділігі орташа есеппен 4%-ға өсуде. Облыс әкімінің мәлімдеуінше, ет экспорты бойынша да облыс республикада көш басында. Экспортта ірі қара мал етінің үлесі – 85%, ұсақ мал 60%-ды құрайды. Жыл басынан бергі 5 айда 5 мың тонна ірі қара мал еті, 3 мың тоннаға жуық қой еті экспортқа жөнелтілді. Сондай-ақ облыс әкімі Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде республикалық бюджеттен 20 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінгенін айтты. Жобаны іске асыру нәтижесінде 3 400-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады. «Облыста қолайлы бизнес климат қалыптасқан. Кәсіпкерлік субъектілерінің саны жыл сайын өсіп келеді. Бес жылда олардың саны 184 мыңға жетті. Кәсіпкерлердің басым бөлігі ауыл шаруашылығы (48,3%), сауда (23,3%), туризм және қызмет көрсету (20,3%) және өнеркәсіп (6%) саласында. Бес жылда шығарылған өнім 1,4 трлн теңгеге жетті. «Кәсіпкерлікті дамытудың» ұлттық жобасы шеңберінде өткен жылы бизнес субъектілері 46 млрд теңгеге жеңілдетілген несиемен қамтамасыз етілді», деді облыс әкімі. Түркістан қаласын рухани астана ретінде дамыту өз кезегінде негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемінің өсіміне ықпал етті. 5 жылда көлемі 3 есеге артып, жалпы 3 трлн теңгедей инвестиция облыс экономикасына тартылды. Негізгі капиталға бағытталған инвестицияның басым бөлігі, яғни 64 пайызы 1,8 трлн теңгесі жеке инвестицияға тиесілі. Облысқа салынған тікелей шетелдік инвестиция көлемі 5 жылда 2 млрд долларын құрады. Жалпы сомасы 422 млрд теңгеге 133 инвестжоба іске асырылып, 9 347 жұмыс орны құрылды.

 «Жайлы мектеп» жобасымен 63 мектеп салынады

Құрылыс саласының кө­ле­мі 5 жылда 2,5 есе өсіп, 351 млрд теңгені құраған. Пай­да­лануға тапсырылған тұрғын үй алаңы 2 есе көбейіп, 864 мың шаршы метрге жетті. Ком­му­нал­дық баспанамен 5 жылда ­4 420 отбасы қамтылған. Сон­дай-ақ облыс әкімі тұр­ғын­ үй кезегінде 56 мың аза­мат тұрғанын, «7-20-25» бағдар­ла­масы және «Отбасы банк» ар­қылы 5 мыңнан астам отбасы әлеуметтік кредиттік үй сатып алғанын, жалға алған баспана ақысын субсидиялау бағдарламасымен 2 мыңнан аса отбасы қамтылғанын атап өтті. Қосымша жыл соңы­на­ дейін жалпы алаңы 211 мың шар­шы метр 65 көпқабатты үйді тапсыру жоспарлануда. Нәтижесінде, 3 557 отбасы өз баспанасына қол жеткізеді. Демографиялық өсімі жоғары өңірде жаңа 86 мектеп салынды. Жалпы, мемлекеттік – 907, жеке – 93 мектепте 515 мың оқушы білім алады. Мектепке де­йінгі ұйымда 155 мың бала тәрбиеленуде, 2-6 жастағы балаларды балабақшамен қамту 98%-ды құрайды. Дегенмен өңірде 35 мың оқушы орнына тапшылық бар. Бұл мәселені шешу мақсатында 33 мектеп салынуда. Оның ішінде, «Білім инфрақұрылымын қолдау қоры» арқылы биыл 9 мектеп салынады. Биыл 20 мектепті пайдалануға тапсыру жоспарланған. Бұдан бөлек, «Жайлы мектеп» қанатқақты жобасымен 3 жылда 63 мек­теп­ салынады. Сондай-ақ облыста өткен жылы 31 ден­сау­лық сақтау нысанының құ­­ры­лысы жүргізіліп, оның 17-сі пайдалануға берілді. Түр­кістан қаласында 570 орын­дық көпбейінді аурухана, облыстық балалар ауруханасы, «Ана мен бала» орта­лығын салу жоспарлану­да. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық жобасы аясында ауылдарда 20 – дәрігерлік амбулатория, 23 – ФАП, 6 медпункт салынады.

 Биыл 109 мың адам жұмыспен қамтылмақ

Облыс әкімінің айтуынша, өңірде орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған елді ме­кендердің жалпы саны 720-ға­ жетіп, қамту деңгейі 86,4% бол­ған. Биыл 18 елді мекенге­ жаңа­дан ауыз су құбыры салынады, 12 елді мекеннің тозығы жеткен су жүйелері жаңар­ты­лады. Нәтижесінде, қамту деңгейі 88,6%-ға жететін болады. Қалған елді мекендерді алдағы 3 жылда толық қамту жоспарлануда. Табиғи газ 465 елді мекенге жүргізіліп, қамту деңгейі 56%-ды құрады. Биыл 68 нысанның құрылысы аяқталып, қосымша 57 елді мекен табиғи газға қосылуға мүмкіндік алады. Нәтижесінде, жалпы газбен қамтылған елді мекен­дер саны 522-ге жетіп, қам­ту деңгейі 63% болмақ. «Об­лыс­та электр қуаты тап­­­шы. Жалпы қажеттілік 320­ МВт, оның ішінде 80% сырт­қы­ көздерден тасымалданады­. Елді мекендердің 98%-ы­ орта­­­лықтандырылған элект­р желісімен қамтылған. Шал­ғай­да­ орналасуына байланысты 16 ауыл күн сәулесі панелі, ди­зельді генератор сынды қуат көз­дерін пайдалануда. Электр қуа­тының тапшылығын «Са­мұ­рық-Қазына» қорымен бірлесіп, 1 000 МВт бу-газ қон­дырғы стан­сасын салу арқы­лы шешу жос­парланып отыр», деді Дархан Саты­балды. Биыл 109 мың адам жұмыспен қамтылмақ. Бес айда 55 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Мем­ле­кет басшысының «10 мың адам­ға 100 жаңа жұмыс орнын ашу» бастамасы аясында 12 мыңға жуық жұмыс орны ашыл­ған, ал жылдық жоспар – 22 мың.

Баспасөз жиыны бары­сын­да­ Дархан Сатыбалды өңірдегі бір­қатар өзекті мəселеге қа­тыс­ты БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді.

 

Түркістан облысы