Жылыту маусымына дайындық – жіті назарда
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев биыл жылу электр стансаларында 10 энергоблок, 49 қазандық және 54 турбинаны күрделі жөндеуден өткізу жоспарланғанын жеткізді. Қазіргі таңда 3 энергоблок, 19 қазандық және 8 турбинада жұмыс жүргізіліп жатыр екен. 3 қазандық пен 8 турбинада жөндеу жұмыстары аяқталыпты.
«Биыл 25,3 мың шақырымға жуық электр беру желісін, 567 қосалқы стансаны, 3,5 мың тарату пунктін және трансформаторлық қосалқы стансаларды жөндеу жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда 2 мың шақырымға жуық электр беру желілері, 69 қосалқы станса, сондай-ақ 469 тарату пункті мен трансформаторларда жұмыс тиянақталды», деді А.Сәтқалиев.
Министр жөндеу жұмыстарын жүргізу барысында алдағы жылыту маусымында тәуекел аймағына кіретін энергетикалық кәсіпорындарға ерекше назар аударылатынын атап өтті. Атап айтқанда, Риддер ЖЭО-ның барлық 6 қазандығын жөндеуді бастау үшін қажетті шаралар қабылданыпты. Мұндай жұмыстар Екібастұз, Жезқазған, Кентау және т.б. жылу электр орталықтарында да жүргізіліп жатқанын баяндады.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаевтың айтуына қарағанда, бүгінде әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер алдағы жылыту кезеңіне қызу дайындық үстінде. 22 маусымдағы жағдай бойынша 2,5 мың білім беру нысаны мен 1,7 мың денсаулық сақтау нысанында және 7,3 мың тұрғын үйде қысымды тексеру жұмысы жүргізіліпті.
«Сонымен қатар барлық өңірде жылу желілеріне техникалық тексеру жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда 89 қаланың 30-ында жұмыс аяқталды. Жалпы, жыл соңына дейін 500 шақырымнан астам жылу желілерін жөндеуден өткізу жоспарланған. Сондай-ақ 1,4 мың шақырым сумен жабдықтау желілерінің 233 шақырымы жөнделсе, 46 шақырым су бұру желісі де жөнделді», деді М.Қарабаев.
Үкімет мүшелерінен кейін сөз алып, атқарылып жатқан жұмыстар туралы Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов, Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев баяндама жасады.
Премьер-министр алдағы жылыту маусымына дайындық мәселесі маусым айында әдейі ертерек қаралып жатқанын атап өтті. Алайда, оның айтуынша, қазір әкімдіктер мен орталық мемлекеттік органдардың жұмысынан бірқатар кемшілік байқалады.
Мәселен, жүйелі оператор «KEGOC» компаниясы Жылу электр орталықтарындағы күрделі жөндеу жұмыстарын бекітті. Бірақ бұл жұмыстар көптеген өңірде кешігіп жатыр. Ал, тіпті, енді біреулері жөндеу жұмыстарын келесі жылға қалдырып отыр.
«Мысалы, Атырау жылу орталығында турбиналарды жөндеу жұмыстары басталған жоқ. Мерзімнің бұзылуы 60 күнді құрап отыр. Рудный жылу орталығында да осындай жағдай. 45 күннен бері жұмыс тоқтап тұр. Теміртау қаласының ГРЭС-1-дегі қазандықты жөндеу жұмыстары жоспардан мүлдем алынып тасталған. Айта берсек, мұндай мысалдар көп. Бұлай жұмыс істеуге болмайды. Энергия объектілері иелерінің жауапкершілігін күшейту қажет. Олардың алдына қатаң түрде қарсы міндет қою керек», деді Әлихан Смайылов.
Ол сондай-ақ жылу желілерін жөндеу жұмыстарының қарқыны өте баяу екенін қадап айтты. Байыппен қарасақ, 47 жобаның 30-ында ғана жұмыс жүріп жатыр екен. Желілерді техникалық тексеру жұмыстары да әлі бітпеген. Үкімет басшысының пікірінше, уәкілетті орган мен әкімдіктердің арасында үйлестірудің жоқтығынан осындай кемшіліктер орын алып отыр.
«Жалпы, жылыту маусымына дайындық жұмыстарын нашар деп бағалаймын. Бірінші басшылардың, әкімдер мен министрлердің жауапты орынбасарлары «кабинетте отырмай», жұмыстың бел ортасында жүруге тиіс. Проблемаларды объектінің басында шұғыл шешу қажет. Арқаны кеңге салатын уақыт жоқ, жаз ортасы келіп қалды. Тәулік бойы жұмыс істеу керек. Бізде құрылыс маусымы өте қысқа, сондықтан тәуекел де жоғары. Егер жаз біткенше жағдай жақсармайтын болса, онда жауапты адамдарға қатысты кадрлық шешімдер қабылданатын болады», деді Премьер-министр.
Әлихан Смайылов Энергетика министрлігі өңір әкімдерімен бірлесіп, жылу көздерінің жөндеу мерзімдерін ауыстырмай, жылыту маусымына толық дайындықты қамтамасыз етуі керек екенін ескертті. Ал Индустрия министрлігіне өңір әкімдерімен бірлесіп, жылу желілеріндегі жөндеу жұмыстарын тиянақты аяқтау үшін барлық қажетті шара қабылдауға тиіс екенін айтты.
Үкімет басшысы сондай-ақ жылу энергетикасы жөніндегі заң жобасы шеңберінде бекітілген жөндеу кестесін бұзғаны үшін энергия өндіруші ұйымдардың жауапкершілігін белгілеу мәселесін пысықтауы керек екенін айрықша атап өтті.
«Тарифті бекіту кезінде берілген өтініштердің негізділігін және стансадағы нақты жағдайды анықтауға мүмкіндік беретін кешенді тәсіл қажет», деді ол.
Сонымен қатар Премьер-министр екі апта ішінде өңірлік электр желілік компаниялардың техникалық жай-күйіне талдау жүргізіп, тәуекелдер картасын әзірлеуді тапсырды. Оған қоса ол жылыту маусымына дайындық жөніндегі өңірлік штабтардың жұмысын түгел қайта қарауды талап етті.
«Жыл сайын олардың жұмысында нақты істер емес, науқаншылдық орын алып отыр. Олар қағаз жүзінде бар, ал жөндеу жұмыстарына қатыстары жоқ. Штаб отырыстары әкімдіктерде емес, тікелей объектілерде өтуі керек», деп түйіндеді сөзін Әлихан Смайылов.
Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «EQ»
Жаңалыққа толы жаңа кодекс
Зейнетақы мен жәрдемақыны көбейту, проактивті түрде әлеуметтік қолдау көрсету: Қазақстанда 1 шілдеден бастап жаңа Әлеуметтік кодекс күшіне енеді. Бұл туралы Үкімет отырысының екінші кезеңінде Премьер-министр Әлихан Смайылов айтты.
Сонымен биылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енетін жаңа Әлеуметтік кодекстің нормаларын іске асыру мәселелері отырыста жан-жақты талқыланып, озық, осал тұстарының бәрі қаралды.
Премьер-министрдің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова енді республикадағы әлеуметтік қолдау мәселелері бір құжат – Әлеуметтік кодекспен реттелетінін атап өтті. «Құжат 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Кодекс нормаларының бір бөлігі жыл басынан қолданысқа енген еді», деді Т.Дүйсенова.
Атап айтқанда, құжат туғаннан бастап кәмелеттік жасқа жеткенге дейін әлеуметтік қолдау көрсету, жұмысқа орналастыру, еңбек қауіпсіздігі, әлеуметтік сақтандыру, қиын өмірлік жағдай кезінде көмек көрсету, қарттарды қолдау және т.б. мәселелерді қамтиды.
Ана мен баланы әлеуметтік қорғауды күшейту мақсатында бірқатар қосымша шара қарастырылды. Мәселен, жыл басынан бері бала күтімі бойынша берілетін төлем мерзімі 1,5 жасқа дейін ұлғайтылды. Бүгінгі таңда 450 мыңнан астам отбасы аталған көмекті алды. 1 шілдеден бастап «Алтын алқа», I және II дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталған, «Батыр ана» атағы бар көпбалалы аналарға төленетін жәрдемақы мөлшері де ұлғаяды. Бұл шарамен 90 мыңға жуық әйел қамтылмақ.
Сондай-ақ кодексте мүгедектігі бар азаматтарға көп көңіл бөлінді. Атап айтқанда, мүгедектерге, олардың қамқоршыларына және асыраушысынан айырылған отбасыларға төленетін жәрдемақы мөлшері 14,5 пайызға артады. Жәрдемақы мөлшерінің жыл басында 8,5 пайызға ұлғайғанын ескере отырып, төлемдер сомасы жалпы 23 пайызға өспек.
Жалпы, жаңа Әлеуметтік кодекстің осы және басқа да көптеген нормасы азаматтардың әл-ауқатын арттыруға және әлеуметтік тәуекелдердің алдын алуға бағытталған.
Отырыс барысында «Шанс» мүгедектерді оңалту орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Василий Шиманский де сөз сөйледі.
Бұған қоса, Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев пен Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы мұқтаж азаматтардың деректерін өзектендіру және өңірлерде проактивті форматта атаулы әлеуметтік көмек көрсету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Премьер-министрдің айтуынша, жаңа кодексте ұсынылып отырған шаралар әлеуметтік қорғау жүйесін халықаралық стандарттарға сай қайта ретке келтіруге мүмкіндік береді.
«Осылайша, әлеуметтік қорғау және зейнетақымен қамтамасыз ету саласы бойынша барлық заңнама бір жүйеге келтірілді. Әлеуметтік кодексте күші жойылған 10 заңның негізгі нормалары сақталды. Сонымен қатар бірқатар жаңа ереже қарастырылған. Олардың барлығы халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған», деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысының айтуынша, кодекстің маңызды жаңалығының бірі – зейнетақыны кезең-кезеңмен арттыру. Мәселен, биылғы 1 қаңтардан бастап 2027 жылға дейін базалық зейнетақы мөлшері орта есеппен 51 пайызға өседі. Яғни 2 млн-нан астам зейнеткер осы қолдау шараларымен қамтылмақ. Жалпы, қабылданып жатқан шаралар 2025 жылға қарай жиынтық зейнетақыны орта есеппен 27 пайызға арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Премьер-министр енді азаматтар өздерінің зейнетақы активтерінің 50 пайызын сенімгерлік басқаруға беруге құқылы екенін айтты. Жинақтардың қалған бөлігі Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында қалады.
«1 шілдеден бастап мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы тағы 14,5 пайызға ұлғаяды. Жалпы өсім 23 пайызды құрайды. Мүгедектік медициналық мекемелерге міндетті түрде бармай-ақ және растау алмай-ақ, проактивті түрде белгіленетін болады. Қорытындыны тәжірибелі дәрігерлерден құралған тәуелсіз сарапшылар береді», деді Әлихан Смайылов.
Оған қоса көпбалалы отбасыларды қолдау үшін «Алтын алқа», «Ана даңқы», «Батыр Ана» марапаттарының жәрдемақы мөлшері сараланды. Елімізде 90 мыңға жуық ана жоғары жәрдемақы алады.
Сондай-ақ жаңа кодекске сәйкес Еңбек ұтқырлығы орталықтары құрылып жатыр. «Өңірлерде жұмыс орындарының бірыңғай базасы болады. Бұл жұмыс іздеу үдерісін жылдамдатады», деді Әлихан Смайылов.