Қоғам • 28 Маусым, 2023

Мемлекеттік қызметтің жай-күйіне кешенді зерттеу жүргізілді

332 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елордада мемлекеттік басқару саласының сарапшылары бас қосып, мемлекеттік қызметті дамыту бойынша жүргізген ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелерімен бөлісті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мемлекеттік қызметтің жай-күйіне кешенді зерттеу жүргізілді

27 маусымда ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында ЖТН BR18574203 «Мемлекеттік қызметті дамыту процестерін ғылыми-әдіснамалық негіздеу және Жаңа Қазақстанды құру аясында мемлекеттік органдардың қызметін трансформациялау» бағдарламасын іске асыру аясында дөңгелек үстел өтті.  Шараға орталық мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдардың, ҮЕҰ-нің өкілдері, мемлекеттік басқару саласындағы сарапшылар қатысты.

Академия ректоры Ерлан Әбілдің айтуынша, дөңгелек үстел Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметін дамыту тәсілдерін талқылау және мемлекеттік органдарға аналитикалық жазбалар дайындау мақсатында ұйымдастырылған. 

Іс-шарада зерттеу тобының мүшесі, мемлекеттік және жергілікті басқару саласындағы PhD, SPHRi Айгерім Амирова Мемлекеттік қызмет жүйесін жетілдіру және мемлекеттік органдар жұмысын трансформациялау үздіксіз процесс екенін ескерді. Оның айтуынша, бес жыл бұрын халықаралық ұйымдар Қазақстанның мемлекеттік қызметін кешенді бағалауды жүргізген. Қазір мемлекеттік қызмет жүйесін одан әрі дамыту бағдарларын айқындау үшін жүргізілген реформаларды сапалы, жан-жақты бағалау қажеттілігі туындап отыр.

«Әлемдік тәжірибе бойынша бүгінгі таңда мемлекеттік секторды дамытудың үш негізгі бағыты бар. Мемлекеттік қызмет халық  арасында тартымды болуы үшін таланттарды басқару, іріктеу рәсімдерінің ашықтығын қамтамасыз ету, ішкі корпоративтік мәдениет бойынша жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Екінші бағыт – мемлекеттік аппараттың матрицалық (икемді) құрылымдары. Оған жобалық басқару, стратегиялық HR менеджмент, Мемлекеттік қызмет саласындағы уәкілетті органның мемлекеттік органдардың қызметін трансформациялау және инновациялық шешімдерді енгізу мәселелеріндегі проактивті рөлін жатқызуға болады. Үшінші бағыт – цифрландыруға, оның ішінде жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалануға негізделген «көрінбейтін белсенді мемлекеттік басқару», деді ол.

Зерттеу тобының жетекшісі, PhD докторы, Академия профессоры Бауыржан Боқаев дөңгелек үстел аясында бірқатар әлеуметтік, статистикалық және экономикалық талдау құралдарын қолдана отырып, ҚР мемлекеттік қызметінің жай-күйіне кешенді зерттеу жүргізілгенін атап өтті.  Оның айтуынша, мемлекеттік қызметті реформалауды және олардың қазақстандық қоғамдағы әлеуметтік мәртебесін қабылдау бойынша 11 мыңнан астам мемлекеттік қызметшінің арасында жүргізілген сауалнама нәтижесі мемлекеттік қызметтегі жұмыстың негізгі себебі «еліне пайдасын тигізу» екенін көрсеткен. Әлеуметтік сауалнамаға сәйкес, мемлекеттік қызметшілердің 42%-ы мемлекеттік қызметте жұмыс істеудің негізгі факторын атап өтті, 26%-ы «қаржылық тұрақтылықты» және 14%-ы «кәсіби тәжірибе жинауды» мемлекеттік қызметте жұмыс істеудің маңызды себептері ретінде атап өткен.

Сонымен қатар Мемлекеттік басқару академиясы Қолданбалы зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері Дастан Көшербаев дөңгелек үстел барысында «Мемлекеттік органдардың қызметіне әлеуметтік (қоғамдық) бақылаудың тиімділігі: бағалау критерийлерін таңдау туралы мәселелер» тақырыбында баяндама жасады. Саясаттану ғылымдарының кандидаты қоғамдық кеңес қызметі қоғамда және шешім қабылдау процесінде  халық арасында мемлекеттік органдарға деген сенімнің өсуіне ықпал ететінін ескерді. 

Сарапшылардың ойынша, мемлекеттік қызметшілер арасындағы сауалнама нәтижелері, сондай-ақ академиялық орта, ҮЕҰ, квазимемлекеттік сектор сарапшыларымен сұхбат, елдік кейстер мен халықаралық ұйымдардың ұсынымдарын зерделей отырып, мемлекеттік қызметті одан әрі дамытудың ғылыми-дәлелді (evidence based) бағдарларын әзірлеуге мүмкіндік береді.