Солардың бірі – ежелгі тиын. Еуропалық маман нумизматиктер бұл жәдігерді бірауыздан біздің ежелгі ата-бабамыз ақ ғұндар мұрасы деп таныды. Сондай-ақ үңгірге қазба жұмысын ұйымдастырған Пешавар университеті археологиялық бөлімінің басшысы Насим Ханның пайымдауынша, аталған үңгірдің биіктігі 33 метр де, жалпы ұзындығы 180 метр шамасында екен. Бұл үңгір әуелі алғашқы адам баласына қоныс болған.
Жалпы, бұл өлке V-VI ғасырларда ақ ғұндардың (эфталит) билігінде болған. Ежелгі ғұн дәуірінің білгірлері ақ ғұндардың мемлекеттік тілі түркі тілі болған дейді (Гумилев Л.Н., Эфталиты и их соседи в ІV в. // Вестник древней истории, 1959, №1).
Аталған жәдігер бетіндегі «Қас таңба» – байырғы бабаларымыздан қалған белгі. Бұл туралы кезінде ақын Олжас Сүлейменов «қас таңба байырғы қыпшақтардың символы болған» десе, зерттеуші Бақытбек Бәмішұлы: «Қас таңба» – ашамай таңбасына өте ұқсас екi көсеудiң айқасуымен жасалып, әр таяқшаның ұшы күн айналысы бағытына қарай тiк бұрыш жасап иiлiп келедi, өте көнеден жалғасқан мұра» дейді.