Аймақтар • 29 Маусым, 2023

Жетісудың жас өлкетанушылары

346 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Туған елге тағзым» өлкетану-зерттеу экспедициясы аясында Талдықорған қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебі­нің жас зерттеушілері Жетісу облысының ұлттық тарихы мен мәдениетін, флорасы мен фаунасын зерттеді.

Жетісудың жас өлкетанушылары

Олардың алғашқы нысаны М.Ты­нышбаев атындағы Тарихи-өлкетану мұражайы болды. Мұнда келген әр­бір адам Жетісу аймағының бүкіл тарихымен таныса алады. Одан кейін Текелі қаласындағы Қора шатқалының қақпасындағы «Будда» стелласы экс­педицияның жас зерттеушілерін тәнті етті. Будда тасы жерден үш метрге көтеріліп тұр. Пирамида тәрізді стеллада буддистік нысандар айшықталған.

Одан әрі жас зерттеушілердің жолы Қора өзенінің оң жағалауында жалғасты. Онда зияткерлер флора, фауна және Алатау тауларының пайда болу тарихы бойынша зерттеу мате­риалдарын жинаумен айналысты.

ГЭС-1, ГЭС-2 гидроэлектр стансаларына саяхат балалар үшін қызықты болды. 9-сынып оқушылары Кәрима Мақан және Ажар Ардақова Қора, Текелі өзендерінен ауыз су сынама ма­те­риалдарын алды. Оқушылар ал­дағы уақытта моноқаладағы ауыз су сапасын зерттеуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар өлкетану-зерттеу экс­педициясының қатысушылары ке­дер­гілерден өту негіздері бойынша турис­тік курсты өткерді.

«Бүгін мен үшін ерекше жарыс бол­ды, өйткені ол табиғатта, нақты практика барысында өтті. Қауіпсіздік техникасымен жұмыс істеуді, арқан түйіндерін жасауды, карабиндерді қолдануды үйрендік. Қашықтық биіктік пен маршруттың қиынды­сы арасында жақсы үйлеседі. Көп әсер алдық», деді жас зерттеуші Мәди Амангелді.

Бұл ретте экспедиция мүшелері өңірдің әсем табиғатымен, бірегей фло­ра мен фаунасымен таныса алды. Әр­бір өсімдікті суретке түсіріп, зияны мен пайдасына үнілді.

«Біз экспедиция соңында ғылыми жобалар жазамыз. Менің жобам­ның тақырыбы – «Жетісудағы туризмді дамыту әлеуеті». Мені этноауылдар құру идеясы қызықтырады. Өңіріміздің ерек­шеліктері туралы мәліметтер тео­риялық тұрғыдан талдауға көмек­тесетін ой қорытуға негіз болды», дей­ді 11-сынып оқушысы Әмір Қай­нар­беков.

о

 

Жетісу облысы