Бұл археологиялық ғылыми-зерттеу жұмысы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы тарапынан «Сарыарқаның ортағасырлық тарихи-мәдени мұрасы» жобасы аясында атқарылды.
Қорғалжын – ертеден ел қоныстанған өңір. Әсіресе Жошы ұлысы кезінде саяси және мәдени орталықтың бірі болған. Сонымен бірге Ұлы Жібек жолының бойында оңтүстік пен солтүстікті байланыстырған дәліз қызметін атқарған. Оған дәлел ретінде осы өңірдегі көптеген тарихи-мәдени ескерткішті айтуға болады.
Бұған дейін де Қорғалжындағы бірқатар тарихи нысанға археологиялық зерттеу жүргізілді. Мәселен, «Жәнібек-Шалқар» кесенесі мен «Бытығай» кешеніндегі зерттеу жұмыстары барысында Алтын Орда кезеңіне тән нумизматикалық коллекция, тұрмыстық заттар және антропологиялық материалдар жинақталды. Бұл заттар отандық және шетелдік зертханаларда сарапталды. Зерттеу жұмыстарының нәтижелері мерзімді баспасөзде жарияланып, жинақ болып жарық көрген. Қазір археологиялық қазба жұмыстарынан табылған жәдігерлер Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейіне қойылған.
Біз сөз етіп отырған Алтын Орда дәуіріне тиесілі екі жерлеу-ғұрыптық ескерткіші Қорғалжын ауданындағы Ұялы ауылдық округіне қарасты Нұра өзенінің жағасынан табылды. Ғалымдар бұл кешенге шартты түрде «Ұялы ортағасырлық қорымы» деген атау берген. Бұған бес нысан кіреді. Ескерткіш егістік алқабында қалғандықтан, сақталуы өте нашар. Ғалымдар кейбір кешен егістіктің астында қалуы мүмкін дейді.
– Кесене сол жердің саз кірпішінен тұрғызылған.Бірақ іші тоналған. Сонымен қатар ескерткіштен күйдірілген кірпіш пен сырты жылтыратылған қыштың кейбір сынықтары табылды. Сондай-ақ керамикалық ыдыстардың тұтқалары мен тағы басқа да заттар шықты. Бұларды Алтын Орда мен Қазақ хандығы дәуіріне тән дүниелер деп отырмыз. Кесенеге кірпішті осы жерде құйған секілді. Өйткені кешен маңайында 4-5 үлкен шұңқырдың орны тұр. Табылған қыш сынықтарына қарап, Әлкей атамыздың «Сырлы там», «Сұлу там» атауының өзінде де негіз бар, – дейді Ұлттық музейдің археология және этнография бөлімінің жетекшісі Пердехан Мұсырманқұл.
Ғалымдардың пікіріне зер салсақ, сәулет өнеріндегі сырлау техникасы негізінен Оңтүстік аймақтағы ортағасырлық ескерткіштерге тән дүние. Кесекте сақталған бояу да Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде қолданылған бояуға ұқсайды.
Қазір зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатқан екінші кесене де сәулет тұрғысынан осыған ұқсас болуы кәдік. Оның да орта ғасырларға тән белгілері бар. Есігі сол кездегі наным-сенімге сай, солтүстік-батысқа қараған.
Ал тарихшы-археолог Сырым Есенов кесененің күмбезі болған деген болжам жасап отыр.
– Ескерткіштің ішкі бөлігі әкпен ақталған. Осыған қарап, оның күмбезі болғанын байқаймыз. Егер төбесі ашық болса, оны ақтаудың қажеті жоқ. Кесене басқа кешенге қарағанда ерекше, көлемі де ауқымды, – дейді ол.
Өткен ғасырдағы 70-жылдардың басында Әлкей Марғұлан «Бытығай» кешеніне арнайы келіп, зерттеу жүргізген. Сонда бұл нысанға «еліміздегі сәулет құрылыс өнерінің көрнекті үлгісі» деп баға берген. Сондай-ақ академик осы өңірдегі «Сырлы там», «Сұлу там» кесенелері туралы да жазған. «Бытығай» мен біз айтып отырған ескерткіштердің арасы бір-бірінен онша алыс емес.
Қысқасы, осы іргелі зерттеу жұмыстары Алтын Орда дәуіріндегі жерлеу дәстүрі, заттық мәдениеті мен діни-ғұрыптық және салт-жоралғыларының белгісіз тұстарын ашады. Сонымен қатар ғалымдар оның нәтижесі «Қазақстан тарихы» көптомдығының «Орта ғасырдағы Қазақстан тарихы» бөлімін жазуда аса өзекті екенін жеткізді.