Парламент • 30 Маусым, 2023

Парламент депутаттары каникулға кетті

196 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін сегізінші сайланған Парламенттің бірінші сессиясы ресми түрде жабылды. Депутаттар 1 қыркүйекке дейін парламенттік каникул деп жарияланатыны туралы арнайы қаулы қабылдады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Парламент депутаттары каникулға кетті

«Бүгін біз сегізінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің бірінші сессиясының жұмысын аяқтап, қорытындылап отырмыз. Атқарған қызметіміздің нәтижесін дәстүр бойынша түйіндеп, болашаққа жоспарымызды нақтылап алуымыз қажет. Өткен жылы Қазақстан халқы бүкілхалықтық референдумда Президент реформаларын қолдады. Еліміздің жаңарған Конституциясы бүкіл мемлекеттік жүйе бойынша ауқымды өзгерістерге жол ашты. Суперпрезиденттік жүйеден президенттік республика үлгісіне көштік», деді Ерлан Қошанов.

Осы орайда ол Парламенттің рөлі мен мәртебесі күшейгенін атап өтті. Ел басқару ісіне халықтың атсалысу белсенділігі арта түсті. Азаматтардың құқығын қорғаудың конституциялық тетіктері нығайтылды.

«Сенат пен Мәжіліс сайлауы елдегі саяси жаңғырудың шешуші кезеңіне айналды. Заң шығарушы орган толығымен қайта құрылды. Сенаттың құрылымы өзгерді. Қазақстан халқы ассамблеясы Сенатта өз мандаттарын алды. Мәжіліске алғаш рет 6 саяси партия сайланды. Осыған дейін ұзақ уақыт бойы оппозицияда болған партия Парламентке өтті», деді Мәжіліс төрағасы.

Сондай-ақ ол бұл жолғы сайланым Қазақстан тарихындағы ең көп партиялы Парламент екенін айтты. Мәжіліс түрлі көзқарастар мен саяси күштер тоғысқан алаңға айналды. Халық қалаулыларының жаңа толқыны келді.

«Мәжіліс құрамы ұзақ жылдан бері алғаш рет бірмандатты округтен сайланған, шынайы әрі тартысты бәсекеде озып шыққан депутаттармен толықты. Сонымен қатар әйелдер мен ерекше қажеттілігі бар адамдардың және жастардың қатары көбейді», деді Е.Қошанов.