Пікір • 03 Шілде, 2023

Ұлт сапасын кемелдендіру жолында

556 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты баяндамасында ұлт келешегіне кепіл болатын бірқатар елдік мәселені ортаға тастады. Әділетті Қазақстанды құру үшін ең алдымен біртұтас ел болып жұмылу керектігін жұртшылықтың жадына салды. Берекелі қоғамның әр мүшесін «Біз болашағы қандай мемлекет құрып жатырмыз? Ұлтымыз нені армандайды? Қазақстан азаматы қандай болуы керек? Еліміздің басты тірегі не? Миссиясы қандай?» деген сұрақтар төңірегінде ойлануға шақырды. Биік мақсат, ізгі мұраттарға жету үшін әрбір адам адал болуға ұмтылып, жүйелі жұмыс істеуге тиіс екенін нықтап айтты.

Ұлт сапасын кемелдендіру жолында

Ұлттың рухани құтханасы

Президент мемлекеттік нышандарды жетілдіру, ұлтымыздың тарихи сана-сезімін жаңғырту, мәдени мұрамызды жан-жақты дәріптеу, өскелең ұрпақты тәрбиелеу, мемлекеттік саясатта талдау, сараптама жасау, ақпарат саясатының тиімділігін арттыру, креативті индустрия және шекаралас аймақтарды дамыту жолдарын жіктеп, нақты бағыттарын айқындап берді. Тұғырлы тұлғаларымыз мәңгілік тұрақ тапқан төрт қақпалы Түркістан шаһарының тарихи маңызына тоқталды.

«Түркістан ғасырлар бойы қазақ хал­қы­ның маңызды саяси орталығы болып келді. Қазақ мемлекетінің бас қаласы ре­тінде тарихқа алтын әріппен жазылды», дей келе, қасиетті шаһар болашақта да осы мәртебелі миссиясын атқара беретінін жеткізді.

Оңтүстік Қазақстан облысының ор­талы­ғы көшірілген бес жыл ішінде Түр­кістан қаласының шын мәнінде түркі әлемінің рухани-мәдени астанасы ретінде қарқынды дамып келе жатқанына куәміз. Ұлы дала елі орталығы, Ясауи мұражайы, Түркістан кітапханасы, әуенді фонтан, шығыс моншасы, амфитеатр, әуежай, автовокзал, спорт мектебі, неке сарайы және басқа сәулет өнерінің бірегей туындылары халықтың көзайымына айналды. Қазақтың бірлігі мен тұтастығын танытуда көне Түркістанның мүмкіндіктері әлі де көп.

Мемлекет басшысының отаншылдық қасиеттерді бойға сіңіру, дарынды жастарды қолдау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу пайымдары – күнделікті өмірде орындалуы міндетті іс-әрекеттер. Қо­ғамдық этика қалыптастыру, жас ұр­пақты адалдыққа тәрбиелеу ұлттық иде­о­­­логияның ажырамас бөлігі ретінде бір сәтте есімізден шықпауға тиіс. Ұлт ұс­тазы Ахмет Байтұр­сынұлы «Жастардың оқу-тәрбие жұмысы түзелмей, жұрт ісі түзелмейді» дейді. Махат­ма Гандидің «Әлемді өзгерткің келсе, алдымен өзіңнен баста» деген сөзі де бү­гінде өзекті. Сонымен қатар XIV ғасыр­дың соңында салынған Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне ұлттық мәдени-тарихи ескерткіш мәр­тебесін беру, «Ясауитану» ғылыми ор­талығын немесе институтын құру ұсы­ныстары да өте құптарлық.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Идеология жұмысындағы басты бағыттың бірі – кітап басып шығару ісі» екеніне де маңыз беріп, тәулік бойы жұмыс істейтін Президент кітапханасын ашу арманымен бөлісті. Мемлекет басшысы мысалға келтірген Анкарадағы Ұлттық кітапхана 2015 жылы салынған. 24 сағат үздіксіз жұмыс істейтін ғимарат 125 000 шаршы метр аумақты алып жатыр. Кітапхана қорында 2 360 000 баспа кітап, 2 033 103-ға жуық журнал бар. Сонымен қатар 69 дерекқордың ішінде 750 000 электрондық кітап, 120 000-ға жуық электрондық журнал мен 240 000 000 мақала сақталған. 2017 жылдың 3 маусымында қабылданған қарарға байланысты Түркияда жарияланған әрбір кітаптың бір үлгісі кітапханаға тапсырылады. Кешенде аспанасты кітапхана, сирек қорлар, балалар кітапханасы, мерзімді басылымдар бөлмесі, зерттеу кітапханасы, оқу залдары, жастар кітапханасы, аудио және бейнежазба бөлімдерімен қоса, басқа да арнайы мақсаттағы кабинеттер мен залдар бар. Ғимарат ішінде жү­руді қолжетімді ету үшін 23 лифт іске қосылған. Оның алтауы панорамалық. Сонымен қатар Түркия Президенттерінің кітаптары және 16 буын Түрік империя­сына қатысты еңбектер сақталып тұр. Сондай-ақ жастар кітапханасы, балалар кітапханасы, демалыс орындары, интернет бөлмесі және тамақ­танатын орындармен қамтамасыз етілген.

Мемлекет басшысының арманы орындалып, елімізде бірегей кітапхана бой көтеріп жатса, Қазақстан Президентінің ұлттық кітапханасы зиялы ұлттың, Жаңа Қазақстан жастарының тың бейнесін қалыптастырары сөзсіз. Осы кітапхана ішінде көрнекті зиялы қауым, мемлекет, қоғам қайраткерлерінің көшбасшылық, шеберлік дәрістері өтіп, шығармалары жанр-жанрға бөлініп талданып жатса...

Бір өкініштісі, бізде мұндай жұмыстар көп жағдайда секция жұмыстары ретінде ғана қарастырылады. Онда да әлемдік классиктердің шығармасын бүге-шігесіне дейін жіліктеп беретін кітапқұмарлар мен білікті сыншылар саны көп емес. Оқырмандардың ой бөлісетін ортасы және кітапқұмар жастардың білімін пай­даға асыратын құрылымдар жоқ. Жаңа қалыптасып келе жатқан әдебиет, өнер сыншыларына арналған жұмыс орындары қарастырылмаған. Алысқа бармай-ақ көрші Ресейден алатын жақсы үлгіміз бар. Жоғары оқу орындарында танымал жазушылар, әдебиеттанушылар, публицистер, әдеби сыншылар жыл он екі ай сабақ береді. Университеттен бөлек, түр­лі мәдениет орындарында оқырман сұ­ранысымен жаңа шыққан кітаптар мен классик жазушылардың шығармашылық қолтаңбасына талдау жасайды. Әдеби өмірдің өткені мен келешегіне көз жіберіп, қазіргі кезең тұрғысынан баға береді.

Ол аз десеңіз, ютуб желісінде ашып қойған жеке каналдары бар. Эфир арқылы мыңдаған тұтынушының сұрағына жауап беріп, сын жанрында сараптамалық сұхбат ұйымдастырады. Сол арқылы жас­тарды кітап оқу ісіне тәрбиелеп, көркем әдебиеттің зерттелуіне, заманға сай дамуына, жас сыншылар шоғырының танылуына зор үлес қосып келеді. Осы бағытта білімін жетілдіремін деген жастар үйде отырып-ақ интернет ар­қы­лы көп нәрсеге қол жеткізе алады. Қазақстан жазушы­лары да заман сұранысынан қалмай, өз мүм­­кіндіктерін жан-жақты жүзеге асырғаны дұрыс.

Кейде қолымыз қалт етіп букинистік немесе ірі кітап дүкендеріне бас сұққа­нымызда, жастардың көптеп кітап сатып алып жатқанын байқаймыз. Мемлекет қолдау жасаса, олардың арасынан қазақ әдебиеті мен әлем әдебиетін жетік мең­герген, сөз өнерін сауатты зерделеп бе­ре­тін заманауи біліктегі жазушылар мен әдеби сыншылардың суырылып шы­ға­рына сенемін. Президент арма­нынд­ағы кітапхана көп ұзамай бой көтеріп, дү­ниенің төрт бұрышынан сұранысқа ие классиктер шақырылып, оған жастар жапа тармағай барып жатса, нағыз зиялы ұлт ордасына, құндылықтар құтханасына айналар еді.

 

Университетте сараптау-талдау орталығы болуы маңызды

Қасым-Жомарт Кемелұлы «Мемле­кет­тік саясатта талдау, сараптама жасау қыз­­меті сапалы жүргізілуге тиіс» екенін ес­ке салды. Қордаланған мәселелерді жан-жақты зерттеулер негізінде шешу қа­жеттігіне басымдық берді. Сараптау-талдау орталықтары желісін жасақтап, кешенді бағдарлама әзірлеуді ұсынды. «Сараптама орталықтары еліміз егемендік кезеңінде жүріп өткен жолдың әр бағытын зерттеуге тиіс. Кемшіліктердің себеп-салдарын анықтау қажет. Үкімет жаңа жоспар жасағанда осы факторлар ескерілуі керек. Ғылым мен зерттеуге негізделген саясат табысты болады», деп атап өтті.

Осы ретте мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру үшін әлеуметтік зерттеу жүргізіп, ұсынымдар даярлауға Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдарының әлеуеті жеткілікті екенін айтқым келеді. Өйткені қаралы Қаңтар оқиғасынан кейін орын алған оқиғаға ғылыми тұрғыда талдау жасап, себебін анықтау мақсатында университетте жедел сарапшы-ғалым­дар тобы құрылған болатын. Факуль­теттер фокус-топтарға бөлініп, сарап­та­малық бағалаулар, психологиялық зерт­теулер, қоғамдық сауалнамалар ұйым­дастырды. Идеологиялық сипат­тағы іс-шаралар өткізудің техноло­гия­лары, әлеуметтік-тәрбие жұмыстарын тиімді ұйымдастырудың әдістемелік нұсқаулары мен алгоритмдері құрасты­рылды. Зерттеу бағыттары ұлттық қауі­п­­­­­сіздік, геосаяси жағдай, саяси мә­дениет, саяси психология, экономика, құ­­қықтық қамтамасыз ету, әлеуметтік сая­сат, дін және экстремизм, этносаралық қаты­настар салаларын қамтыды. Сондай-ақ Қазақстанның халықаралық имиджі, Қазақстан моноқала­ларындағы еңбек наразылықтары, дағда­рыс­тық және дағдарысқа қарсы комму­никация жоспарлары сараланды. Қойыл­ған міндеттерді іске асыру үшін беделді ғалымдар, академиктер, оқытушы-профес­сорлар құрамы мен ғылыми зерттеу инсти­тут­тары мен тиісті құрылымдар жұмыл­дырылды. Университеттің «Farabi Media» ютуб каналында 50-ден астам «Ойталқы», «Мозговой штурм» сараптамалық бағдар­ламасы түсіріліп, 200-ге жуық ғалым-сарапшы өзекті мәселелердің астарына үңілді, шығу жолын қарастырды. Қа­зір­гі уақытта зерттеушілеріміз еліміз­дің әлеуметтік-экономикалық және қоғам­дық-саяси дамуы бойынша талдау жүргізіп, мүдделі мемлекеттік құрылым­дарға, әртүрлі деңгейдегі арнайы қызмет орындарына кешенді шешімдер мен нақты ұсыныстар дайындап үлгерді.

Сондықтан Президент жүктеген алтыншы бағыт ҚазҰУ ғалымдарының алдағы уақытта да әлеуметтік ізденістері мен жаңа мүмкіндіктерін жандандыруға серпін бермек. Өйткені «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы өз мис­сия­сын атқару үшін ЖОО жанын­дағы түрлі әлеуметтік зерттеу инс­титут­тары мен ақыл-ой орталықтарының ұсы­нымдары аса маңызды.

Қолданбалы әлеуметтік зерттеулер ауқымды, әдістері қанша кең, бәсе­кеге қабілетті болса, соғұрлым сапалы, сенімді нәтижеге қол жеткізуге болады. Кез келген қауіптің салдарымен емес, себебімен күресуге мүмкіндік береді.

Біздің ойымызша, ғылым мен зерттеу­ге негізделген сараптау-талдау қызметін тиімді жүргізетін мықты орталықтар желі­сін университеттерде де құру оңтайлы болмақ. Өйткені мемлекеттік тапсырыспен жасалатын зерттеулер бюджет есебінен қаржыландырылғанымен, олар­дың базасы қолжетімді емес. Орын­даушыларды ғылыми орта танымайды және кәсіби біліктілігі көп жағдайда күмән тудырады. Нәтижесінде, қандай еңбектер шығарылып, қайда таралып жатқаны белгісіз. Ғылыми сараптау-талдау орталықтарын университет базасында ашу шетелдік тәжірибеде де бар. Барлық мемлекеттегі сараптамалық зерттеу орталықтары жоғары оқу орын­да­ры­ның негізінде жұмыс істейді. Білім беру бағдарламалары ғылыми-сараптама­лық қабілетті шыңдайтын дағды­лар мен біліктерге бағытталған. Өз кезе­гін­де Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дағы «Экологиялық қауіпсіздік және табиғат­ты пайдалану», «Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту проблемалары бойынша зерттеулер», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы технологиялар», «Қазақстанның инновациялық дамуын құқықтық қамта­масыз ету» ғылыми зерттеу институттары және «Әлеуметтанулық зерттеулер мен әлеуметтік инжиниринг орталығы», «Дінтанулық зерттеулер және экспертиза орталығы», «Саяси зерттеулердің ақпараттық орталығы», «Психологиялық технология және инновация орталығы», «Гендерлік білім ғылыми зерттеу орта­лы­ғы» және басқа қоғамдық зерттеу орталықтары сапалы әрі сұранысқа ие интеллектуалды өнім ұсынуға дайын.

Қазіргі сәтте мәдени мұра, ұрпақ тәр­­биесі және ұлттық құндылықтар, от­ба­сындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу, қазақстандық қоғамның әлеу­меттік құрылымындағы өзгерістер және теңсіздік мәселесі бойынша зерттеу­лер жүргізіліп жатыр. Қоғамындағы кикілжің, факторлар мен тәуекелдер, діни ахуал, қоғам мен тұлғаның психо­логиялық са­лауатты тақырыптары қоса қам­тылды.

Көпшіліктің басым бөлігі дәстүрлі ақпарат көздеріне қарағанда, әлеуметтік желілердегі хабарламаларға көп сенетіні байқалады. Сондықтан әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде экстремистік материал­дардың таралуын анықтау бойын­­­ша жұмысты күшейту қажет. Соны­мен қатар мемлекеттік қызметке орналасу, әскери және құқық қорғау органдарына оқуға түсу кезінде діни сауат негіздерін білуге тестілеу енгізу керек. Бұл шара халықтың жалпы сана-сезімі мен діни сауатын арттырады. Отандық діни білімі бар кәсіби кадрларды, атап айтқанда, қазақ, орыс, араб тілдерін меңгерген, сондай-ақ жамағатпен жұмыс істей алатын, сараптамалық жұмысты жеткілікті деңгейде меңгерген исламтанушылар мен теологтерді дайындау күн тәртібінде тұр.

Жеке тұлғалардан, тіркелмеген діни бір­лестіктерден діни білім алуға заң ар­қылы тыйым салу да маңызды. Бұл шара жастарды деструктивті діни идеоло­гиялардың ықпалынан сақтап, діннің және діни білімнің дамуына жол ашады. Жастармен жұмыс істейтін әлеуметтік-педагогикалық мамандарды мақсатты даярлауды қолға алу орынды болмақ. Қоғамның әл-ауқатын және психикалық денсаулығын зерттеу бойынша әлеуметтік-психологиялық зерттеулер жүргізуді үйлестіру, жүйелеу және реттеу үшін мем­ле­кеттік және ұлттық ғылыми мекемелер – Психология ғылыми зерттеу институты және Әлеуметтану ғылыми зерттеу институтын құрудың да қажеттілігі бар.

 

Білім «Абай ілімінен» басталады

Мемлекет басшысы «Мен мемлекеттік тілді дамытуға баса мән беріп отырмын. Қазақ тілін қолдану аясы барлық салада кеңейіп жатыр. Қазір тіліміз дамымай жатыр деп алаңдауға ешбір негіз жоқ. Болашақта мемлекеттік тілдің тұғырын нығайта түсу үшін басқа да маңызды шаралар қабылдаймыз», деп, тілімізді дамыта түсу үшін нақты іс-әрекетке көшудің жөн-жобасын көрсетті.

Бұл тұрғыда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың А.Байтұрсынұлы атындағы Қазақ тіл білімі кафедрасында, жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінде Шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасында қазақ тілінің грамматикасы мен практикалық курсы оқытылады. Сондай-ақ жаратылыс­тану факультеттерінде соңғы екі жылдан бері тіл ғылымының лексикология бөлімі пән ретінде бөлек енгізілді. Сонымен қатар жалпы университет бойынша «Абай ілімін» негізгі пән ретінде оқыту екі жылдан бері жолға қойылды. Биылдан бастап қазақ тілін деңгейлеп оқыту жүйесі бекітілді. Жаратылыстану және гуманитарлық ғылым салалары бойынша жыл сайын «Қазақ университеті» баспасынан ҚазҰУ ғалымдары Ғылыми кеңестің шешімімен қазақ тілінде оқулықтар мен оқу құралдарын шығарып отыр. Мәселен, бір ғана ІТ мамандықтары бойынша қазақ тілінде 100-ге жуық еңбек жарық көрді. Университет мемлекеттік тілді дамытуды жүйелі жалғастыра береді.

Ұлттық құрылтайда қарастырылған мәселелер мен Президент берген тапсырмалар бойынша университетте жұмыс жоспары құрылып, жүзеге асыру жолдары талқыланды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бұл бағытта өз мүмкіндігін толығымен пайдаланады. Өйткені ұлттың жаңа сапасын қалыптастырып, Қазақ елінің адал азаматтары ретінде әділетті Қазақстанды бірге құру – ортақ міндетіміз.

 

Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің басқарма
төрағасы – ректор 

Соңғы жаңалықтар

Нағыз ғалым еді...

Тұлға • Кеше

Көршінің наны

Қоғам • Кеше