Пікір • 02 Шілде, 2023

Қанағат – адалдықтың серігі

291 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Егемен еліміздің күнделікті өмірі сан алуан қоғамдық-саяси жаңа­лыққа толы. Бүгінгі заман әр адамнан жаңашыл, құлағы түрік, көзі ашық болуды талап етеді. Түркістанда өткен Ұлттық құрыл­тай қоғамдағы қордаланған көптеген мәселенің бетін ашты.

Қанағат – адалдықтың серігі

Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы: «біздің әлемдегі орнымыз, ең алдымен, ұлтымыздың сапасына байланысты болмақ. Қуатты ел боламыз десек, бірлесе отырып бірқатар маңызды сауал­ға жауап беруге тиіспіз» деді. Президент басты назарда ұстап отырған «ұлт сапасы» ұғы­мы қазақы таным-түсініктен, ұлт­тық идеологиядан, халықтық дәс­түрден бастау алары анық. Ұлт сапасының толыққанды болуы үшін Президент бірнеше нақты мәселені атап, олардың шешу жолдарын ұтымды ұсынды. Ұлт сапасы Қасым-Жомарт То­қаев­тың сөзінше, «дәстүрлі құн­дылықтарымызды қазіргі мәдени үрдістермен үйлестірген жағдайда» арта түспек.

Мемлекет басшысы білімге, ғы­лымға, өнерге құштар жастарды көргенде, жарқын болашаққа сеніммен қарайтынын жария етті. Президент жастардың болмысын да біртектес сипатта айқындап берді. Әділетті Қазақстанның адал азаматы болатын жастар «көп сөзге құмар, жалқау, енжар, ма­сыл болмауға тиіс». Жастардың бойы­нан тек ізгі қасиеттерді көру үшін аға буынның мойнында тәрбие пары­зы тұрғаны да аталып өтті.Мем­лекет басшысы өз сөзінде «адал азамат» ұғымына жалпыға тү­сінікті сипаттама берді. Әділ қо­ғам құруға тиіс адал азамат –өз саласында нағыз маман болу, үнем­шілдік, еңбекқорлық, ел мен жерге жанашырлық сияқты асыл қасиеттер бәрінен де биік қоятын жан. Үнемшілдік, қанағатшылдық – адалдыққа бастайтын жағымды қасиет. Барға қанағат тұта білген адам арам жолға түспесі хақ. Абай атаған нағыз адамның бойынан табылуға тиіс «бес асыл істің» бірі – қанағат.

Президент талдап көрсеткен алты мәселенің ішінен бірнешеуін айтар болсақ, екінші мәселеде ұлтымыздың тарихи сана-сезімін жаңғырту жайы көтерілді. Менің­ше, бұл мәселеде білім саласынан бастап жаңғырту қажет. Қазақстан тарихы пәнін оқытудың жаңашыл, озық бағдарламасы құрылуы керек. Сонда ұлттық тарихи сана жас буын санасынан бастап жаңарып, түлеу үрдісіне көшеді. Әйтпесе, қоғамның белгілі бір деңгейін ғана арналған ірі жобалар көпшілікті жаппай қамти алмайды.

Мемлекет басшысы төртінші мәселе ретінде өскелең ұрпақтың жақсы тәрбие алуын атады. Жас ұрпақты қазір неден қорғау мен қалай тәрбиелеудің тетіктері ай­қын сөз етілді. Ал ел рухания­тына қызмет ету парызын мойныма алған жазушы ретінде қо­са­рым, қазіргі балаларды теріс ақпараттардан сақтандыру мәсе­лесі мүлде қолға алынбай жатыр. Әлеуметтік желілерде қаптап жүр­ген теріс ағым өкілдері, ел ара­сы­на іріткі салуды мақсат тұта­тын арандатушылардың ешбір ауыздықсыз кеткен насихат, ақ­па­раттары әлі оң-солын тани қой­маған жеткіншектерге теріс ық­пал етіп отыр. Сол себепті ба­ла тәрбиесін ақпараттық қорғау тұрғысынан бастаған ләзім. Соны­мен қатар ұрпақ тәрбиесінде ұлт әдебиетінің орны бөлек еке­ні даусыз. Алайда Президент көл­денең тартқан деректер көңіл қуант­пайды. Әдеби кітаптардың 90 пайызға жуығы сырттан келе­тінін айтқан Мемлекет басшысы бұл үрдістің залалы ауыр еке­нін жеткізді. Дәл осы тұста отан­дық баспа ісін дамыту, оны бір орта­лыққа жұмылдыру мәселесі тұр. Тәуелсіздіктен кейінгі кезеңде тары­дай шашылып кеткен баспа саласы бүгінде еліміздің рухани мұқтаждығын қамтамасыз ете алмай келеді. Иә, әдебиет – тәрбие құралы. Бүгінгі қаламгерлерге оқырманын биік моральға, асқақ адамгершілікке бастайтын рухты шығармалар жазу міндеті жүктеліп отыр. Президент «шын мәнінде, кі­тап оқитын ел зиялы ұлтқа айна­ла алады» деген сөзінде қазіргі қалам­герлерге ұлт оқитын кітап жазу, күллі қазақты зиялы ұлтқа айнал­дыру жолында аянбай еңбек ету парызын астарлап тұрғаны даусыз.

Ұлттық құрылтайдан кейін қоғамдық сана жаңғыруды бастан кешірсе, сонда аталған мәселелер кезең-кезеңімен шешімін тауып, кітап оқитын зиялы ұлттың сапасы барынша көтерілер еді.

 

Айзат РАҚЫШ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі