Ұлттық спорт • 03 Шілде, 2023

Қырықтың бірегейі – Қырықбай

276 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өткен жексенбі күні елордадағы «Барыс Арена» спорт кешенінде қазақ күресінен «Qazaqstan barysy» турнирі ұйымдастырылды. 2011 жылдан бастап төл күресімізді ел арасында кеңінен насихаттау мақсатында өткізіліп келе жатқан жарыстың биыл 12-мәрте жалауы желбіреді. Әр өңірдің мықтылары жиналған балуандар бәсекесінде күш құрылымдары арасындағы ұлттық күрестен «Әскер барысы» атанған Ғалымжан Қырықбай биылғы «Qazaqstan barysy» жарысының жеңімпазы атанды.

Қырықтың бірегейі – Қырықбай

«Qazaqstan barysy» тур­нирінің биыл­ғы финалдық ке­зеңіне қатысқан балуан­дар саны бұған дейінгі жарыстарға қа­рағанда рекордтық нәтижеге жетті. Яғни биылғы додада еліміздің түкпір-түкпірінен келген 41 балуан бас жүлде үшін белдесті. Финалдық кезеңге жолдама алған балуандардың есімдері белгілі болған кезде-ақ қазақ күресінің майталман мамандары «Qazaqstan barysy-2023» турнирінің басты фавориттерінің бірі ретінде Ғалымжан Қырықбай екенін ерекше атап өткен болатын. Өйткені жамбылдық жампоз осыған дейінгі тур­­нирлерде қатарынан екі мәрте жүл­де­герлер санатынан көрініп, қо­ла және күміс белбеуді қан­жығасына байлаған еді. Атап айтқанда, 2021 жылғы финал­да Шығыс Қазақстан облысының балуаны Дәурен Нұра­линовке есе жібер­ген болса, былтыр жартылай финалда қы­зылордалық Мақсат Исағабыловтан жеңіліп қалған-ды. Үшінші орын үшін өткен белдесуде Нұрсәт Темірханмен кездесуі керек еді, алайда қар­сыласы жарақатына байла­ныс­ты бозкілемге шы­ға алмады. Сөйтіп, Ғалымжан Қырық­бай автоматты түрде қола жүлдегер атанды.

Биылғы бәсекеде де Ғалым­жан Қырық­бай мықты­лығын дәлелдеп, өз карье­расында екін­ші мәрте жарыстың фина­лы­на алқынбай жетті. Оны финал­дық бәсекеде былтырғы турнир­дің күміс жүлдегері маңғыс­тау­лық Нұрдәулет Жарылғапов қасқайып күтіп тұрған еді. Қос мықты арасындағы кездесудің негізгі кезеңінде балуандардың күші тең түсіп, жеңімпаздың есімі қосымша уақытта анық­талды. Бір минутқа есептелген белдесудің 9-секундында Ғалымжан Қырықбай қар­сы­ла­сының жауырынын жер иіс­кетіп, «Qazaqstan barysy» атан­ды. Сондай-ақ ол жарыс ұйым­дас­тырушылары тарапынан «Алтын белбеу» мен 25 миллион теңге ақшалай жүлдемен марапатталды. Ал Нұрдәулет Жарылғапов осымен екінші рет финалда есе жіберіп, «Күміс белбеу» мен 5,5 миллион теңге алды.

Турнирдің қола жүлдесі Павлодар облысының өкілі Мұхтар Дәлелханұлы­на бұ­йырды. Ол үшінші орын үшін өткен бәсекеде тағы бір «Әскер барысы» жеңімпазы Марат Бай­қамұровтан басым түсті. Пав­лодар облысынан келген ба­луанға «Қола белбеу» және жүл­де ретінде 1,8 миллион теңге табысталды.