Театр • 04 Шілде, 2023

Россини туындысы – Астана сахнасында

207 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Өткен жұмада «Астана Опера» сахнасында ұлы композитор Джоаккино Россинидің «Алжирдегі италиялық қыз» туындысы алғаш рет елордалық көрермен назарына ұсынылды. Заманауи сараптауда қойылған опера жауһары «ОПЕРАЛИЯ-2023» халықаралық фестивалі бағдарламасының сәнін кіргізіп қана қойған жоқ, сонымен қатар талғампаз театрсүйер қауым үшін де естен кетпес ерекше жаңалық болғаны рас.

Россини туындысы – Астана сахнасында

«Алжирдегі италиялық қыз» – коме­дия жанрындағы классикалық операның озық үлгісі. Шытырман оқиғаларға толы опера-буффа өзінің барлық қатысу­шы­ларынан шебер әрі нақышына келтіре орындауды талап етеді. Сол себепті де айтулы туынды «Астана Опера» солистері үшін тамаша тәжірибе болғаны анық. Әлем бойынша сирек қойылатын классика жауһары театр вокалистері мен оркестр музыканттарының мүмкіндіктерін кеңейтіп, жаңаша белеске көтерілуіне мол мүмкіндік сыйлады.

«Алжирдегі италиялық қыз» әкелген басты жаңалық – опера Астана ғана емес, жалпы Қазақстан бойынша алғаш рет сахналанады. 200 жылдан астам уақыт бұрын жазылған туынды режиссер, халықара­лық байқаулардың лауреаты әрі дипломанты Еренбақ Тойкеновтің суреткер­лік сараптауының нәтижесінде жаңаша мәнерге ие болды.

– «Алжирдегі италиялық қыз» қойы­лымымда мен шығыс ерлері мен әйелде­ріне деген көзқарасты өзгерт­кім келеді. Менің нұсқамда бас кейіп­кер Мұстафа бей ақымақ емес, ал Эльвираның сұлулығы түр-әлпетінде ғана емес, оның сұлулығы өзінің ер-азаматын жақсы көре алуында жатыр. Қандай жағдай болса да, ол өз сезіміне берік болып, ғашығын күтеді. Бұл қойылым – қазіргі заманның әдет-ғұрыптарына деген сатиралық көзқа­рас және ер мен әйел арасындағы қарым-қатынасты айшықтайтын үлкейткіш шы­ны. Сансыз көңілдес әйелдер мен жа­ры­ның махаббатынан әбден жалыққан Мұс­тафа бей италиялық қызбен іңкәр сезім тұңғиығына түсуге құштар болады. Алғашқыда бойын құштарлық билеп, асып-тасқан бас кейіпкер соңында өмір­дегі басты құндылықтар – отбасын, дос­тарды, ізгілікті, махаббат пен өзара сыйласымды бағалау керек екенін түсінеді, – деп атап өтті режиссер.

Спектакльдегі басты рөл – Изабелла пар­тиясын орындау үшін италиялық солист Лаура Верреккья арнайы ша­қы­­рылды. Әншінің репертуарында ба­рок­кодан бастап, заманауи музыка мен бель­кантоға дейін бар. Соның ішінде әсіресе Джоаккино Россинидің шығармалары айрықша мәнге ие.

– Изабелла партиясындағы дебютім Францияда Тулон опера театрында 2018 жылы өтті. Бұл бейнені бірден жақ­­сы кө­ріп кеттім. «Алжирдегі италиялық қыз» спектаклінің кейіпкері – мықты әрі тапқыр әйел. Ол әйелдер үстемдік еткен қа­ла Ливорнодан кетеді. Ливорнода туып-өскен, сахналық өнерден сабақ беретін ұстазым, маэстро Франческо Торриджани екеуміз Изабелланың мі­нез-құлқын жіті зерттедік. Ол ақылды. Сүйіктісі Лин­дороны Италияға қайтару­ға шешім қа­былдаған және өз мақсаты­на жету үшін бәріне де дайын. Ме­нің кейіпкерім көңілді әрі сезімтал. Бұл қасиеттер оның вокалдық партиясында толық көрсетілген, – деп Лаура Верреккья кейіпкері мен оған дайындығы туралы көсіле әңгімеледі. Әншінің айтуынша, ол Джоаккино Россинидің туындыла­рын айрықша жақсы көреді.

– Композитордың меццо-сопраноға арнап жазылған тамаша музыкасы маған зор әсер сыйлады. Оның туындыларының арқасында әлем бойынша өнер көрсетіп, таңғажайып тәжірибе жинақтадым, сол үшін де ұлы композиторға алғысым шек­сіз. Россинидің шығармалары маған опе­раның тылсым табиғатын ашты, – деді әнші.

Еске салсақ, Флоренция консерва­то­риясын үздік тамамдаған Лаура Верреккья 2015 жылы «Севильдік шаштараз» қойы­лымында Розинаның рөлінде дебют жа­саған. Сонымен қатар Дж.Россинидің «Ита­лиядағы түрік» спектаклінде – Зай­даны, «Күлбикеде» – Анджелинаны, Дж.Пуччинидің «Мадам Баттерфляй» спек­таклінде – Судзукиді, Ж.Бизенің аттас операсында Карменді және басқа да партияларды орындаған.

Италия опера өнерінің шебері Лаура әңгіме барысында Қазақстанға жасаған алғашқы сапары һәм ел ордасы Астана­ны көргендегі әсерін де жасырмады: – Қазақ достарымның арқасында сіздер­дің елдеріңізді сырттай танып-білдім. Олар әрдайым Қазақстанды мақтан етіп, Астана туралы, ондағы теңдессіз театр туралы да көп айтатын. Жиі қонақ­қа шақыратын. Алайда түрлі себептерге байланысты жол түспеді. Көптен күт­кен сапардың сәті енді түскен екен. Өте қуаныштымын. Әсерімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес, – деді италиялық құрметті мейман.

Операның тағы бір жаңалығы – Лау­ра Верреккьямен бірге «Астана Опе­ра» Үлкен залының сахнасына опера ака­демиясының түлектері шықты. Екі жыл бойы әлемнің үздік ұстаздарынан вокал­дық шеберліктің қыр-сырын үйренген опера академиясының тың­­даушылары үшін бұл қойылым өзін­дік емтихан болды десек, артық айтқандығымыз емес.

Академияның барлық түлегі емтихан спектакліне зор жауапкершілікпен келді. Дайындық барысында оларға Италия­дан келген вокал бойынша ұстаз Алла Симо­нишвили дәріс берді. Ол былтыр жастармен В.А.Моцарттың «Дон Жуан» операсын қойған болатын. Ал костюмдер бо­йынша суретші Манана Гуниа әртіс­тер­ді бейнелеріне сәйкес жасандырды. Ал спектакль режиссері Еренбақ Тойке­нов сюжетті қазіргі заманға лайықтап, танымал классиканың өз пайымдауын ұсынды. Қойылымда өзгермеген бір нәрсе бар, ол – кемеңгер композитордың ұлы музыкасы.

– Россинидің құнды операсы – әрбір кәсіби вокалист үшін емтихан. Біздің академистер үшін де бұл опера сынақ тәрізді. Россинидің стилистикасы өте бол­машы жылжымалы техниканы, ита­лиялық мәтінді мінсіз дыбыстауды және түсінуді, сондай-ақ жоғары актерлік ше­берлікті талап етеді. Біздің дарынды жас вокалистеріміздің бойында осынау партитураны жүзеге асыруға қажетті барлық қасиеттер бар, – деді спектакльдің қоюшы дирижері Руслан Баймурзин.

Орындаушылардың вокалдық әрі му­зыкалық дайындығы жөніндегі маман Алла Симонишвили де маэстро пікіріне қосылып, туындының күрделі екенін атап өтті:

– Россини операсы айрықша біре­гей мәнерге ие, ол классикалық-ба­рок­­колық мәнер негізінде пайда бол­ған. Рос­синиді жақсы орындау үшін барок­ко­лық, классикалық және роман­ти­ка­лық музыканы да білу керек. Вокал­дық­ мүм­кіндіктердің айтарлықтай кең спектрінің болуы шарт және әлбетте, әнді шебер айтуы қажет. Музыканы орындау өте күр­делі, десе де әншінің партияны дайын­дау кезінде қандай қиындықтарды бас­тан кешіргенін тыңдарман сезбейді де. Оның барлық кереметі осында жатыр. Қиындықтар естілмесе, нағыз өнер – осы, деді музыка маманы.

Алла Симонишвилидің айтуынша, Джоаккино Россинидің өлімінен кейін оның музыкалық мұрасы жылдар бойы лайықты құрметке ие бола алмаған: – Оны ұзақ жыл бойы ортанқол компози­тор деп санап келді. Тек 40 жылдан астам уақыт бұрын Италияның Пезаро қала­сында Россини фестивалі ашылғанда оны ла­йықты бағалады. Мен академия солистері үшін өте қуаныштымын. Академистер бір уақытта күрделі әрі қызықты операны сәтті орындап шықты. Былтыр мен академиядағы жастармен В.А.Моцарттың «Дон Жуан» операсының қойылымында қуана жұмыс істедім. Олар – тамаша ән­шілер, келешекте бұдан да керемет әнші­лерге айналады. Білім алған жылдары шәкірт­терім көп жұмыс тындырды. Олар үшін соның барлығының пайдасы тиді, себебі әнші сыныпта білім алғанымен, сахнада өседі. Сыныпта жарты жыл ал­ған білімді сахнаға бір рет шыққанда ала­ды. Жастардың өскенін және мәтінге, сабақ­тарға неғұрлым жауаптырақ бола түскенін байқаймын. Келешекте олардың вокалдық мансабы табысты болады деп ойлаймын, деді шетелдік ұстаз.

Басты әйел партиясы Изабелланы екі құрамда италиялық әнші Лаура Верреккья мен Эльмира Шпекпаева сәтті сомдап шықты. Сырттай қарағанда мүлде әртүр­лі көрінетін үздік дауыс иелері өздері­не ға­шық ететін және соңдарынан ерте алатын өте жарқын кейіпкерлерді нақышына келтіре орындады. Естіген жанды баурап алатын керемет дауыс иелері – Жандарбек Еркінбаев пен Шыңғыс Расылхан басты ер партиясы Мұстафа бейнесін үздік ізденіс биігінде ұсынды. Лирикалық тенорлар Әлихан Зейнолла мен Нарұл Тойкенов Линдороның рөлін сомдады. Жауапсыз махаббаттан азап шеккен бей­дің жұбайы Эльвираның партиясын Гүлдана Алдадосова мен «Құрмет» орде­нінің кавалері Айзада Қапонова тама­ша жүзеге асыра білді. Зульманың рө­лінде сахнаға ғажайып сопрано иегері Әйгерім Аманжолова шықса, Таддео партиясын жарқын баритондар Ержан Саипов пен Азат Мәлік орындады. Сырбаз Дінмұхамед Көшкінбаев пен әртістігі­мен көзге түскен Алтынбек Әбілдә Әлидің партиясында дебют жасады.

Екі күн бойы елордалық театр сах­насында әуелеген әлемдік опера­ жау­һары ­театр мерейтойы ғана емес, бас қала­мыз­дың 25 жылдық атау­лы мерекесі­не да тамаша тарту бол­ғаны анық. «Ал­жирдегі италиялық қыздың» шытырман оқиғасына тәнті болған астаналық көрермен де тамаша туындыны сахна төріне шығарған шығармашылық құ­рам еңбегіне толас­сыз қошеметін арна­ды. Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Қазақстанда алғаш рет сах­­наланған спектакль алдағы уақытта елордалық театр репертуарынан өзінің лайықты орнын алары сөзсіз.