Суретті түсірген Талғатжан Мұхаметбекұлы
Тораңғының өзге өсімдіктерден ерекшелігі, бір бұтағының өзіндегі жапырақтары екі түрлі. Ағаш діңі қою қоңыр. Әсіресе шөлейтті аумақтарда өседі. Шығыс Қазақстан бойынша Күршім өңірінде ғана бар. Оның өзінде санаулы.
«Бұрынғы заманда бұл ағашта қасиет бар десетін. Кесуге де тыйым салған. Біздің жақтың тораңғысы осы тұста ғана өседі», дейді Б.Щербаков Зайсан көлінің жағалауындағы әр-әр жерден шыққан талдарды нұсқап.
Жалпы, Қазақстан аумағында тораңғының 3 түрі өседі: қара тораңғы, ақ тораңғы және Литвинов тораңғысы. Әсіресе Арал, Балқаш, Алакөл маңындағы құмдауыт ойыстарға біткен. Түрлері қысқа бұтақтардағы жапырақтарының пішініне қарай ажыратылады екен. Гүлдеу мерзімінде тікірейе шығып, кейін төменге иіледі. Иә, бұл ағаш та жеміс береді. Қауашақтары бөтелке тәрізді. Тұқымы желмен тез таралғанымен, баяу өседі. Кейбір кәрі тораңғылардың биіктігі – 30 метрге дейін барса, діңінің диаметрі – екі метрдей.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, ала жаздай бұл жерге алыс-жақын шетелдерден қонақтар келіп, шатыр тігетін көрінеді. Қона жатып, күннің шыққанын күтеді, фотосуреттер түсіреді. Бейне бір Танзанияның саваннасындай жер. Әнекей, ерекше жерімізге ел қызығады. Алдағы күндері Зайсанның жағалауындағы тораңғылы беткейді туристік аумаққа айналдыруға әбден болады.
Шығыс Қазақстан облысы,
Күршім ауданы