Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»
АЭА Астананы дамыта ма?
«Astana Invest» арнайы экономикалық аймақтарды дамыту департаментінің директоры Дияр Асқаровтың айтуынша, жан басына шаққандағы негізгі капиталға жұмсалған инвестиция 1 млн теңге (+3,2 пайыз өсім) болды.
«Шетелдік инвестиция тарту бойынша елорда өңірлер бөлінісінде жетінші орынға тұрақтады. Қазіргі уақытта Астанадағы инвестициялық жобалардың бірыңғай пулы құрылды. Онда жалпы сомасы 2,3 трлн теңге инвестицияны құрайтын 262 жоба топтастырылған. Осының арқасында 26 мың жаңа жұмыс орны құрылады. Соның ішінде өңдеуші өнеркәсіп саласында 7 мың жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін жалпы сомасы 249,9 млрд теңгеге 82 жобаны айта кету орынды», дейді ол.
Мамандардың айтуынша, Астанадағы арнайы экономикалық аймақтар (АЭА) біртіндеп тиімділігін дәлелдеп келе жатыр. Қазір «Астана – Жаңа қала» АЭА-да 50 жоба жұмыс істеп жатыр. Нәтижесінде, 5 871 тұрақты жұмыс орны ашылды. Жалпы құны 63,5 млрд теңгені құрайтын 40 жоба жүзеге асырылу кезеңінде тұр.
Осыдан біраз уақыт бұрын Астанадағы АЭА тақырыбын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та айналып өтпеген еді. Президенттің айтуынша, елорданың экономикалық өсімін қамтамасыз ету үшін АЭА жұмысын қайта қараған жөн болады.
«Астана – екі бірдей АЭА орналасқан еліміздегі жалғыз қала. Бірақ олардың қазіргі қызметтерінің қайтарымы көптеген сұрақ тудырады. Сол себепті тиімділігін арттыру үшін кешенді шаралар қабылдап, оларды біріктірген жөн деп есептеймін. АЭА режімі аясында қаланың сол жағалауында 400-ден астам тұрғын үй мен кеңсе тұрғызылды. Қазір тағы 200 нысанның құрылысы жүріп жатыр. Бұл мақсатта құрылыс компанияларына жалпы сомасы 1,5 трлн теңгеге айтарлықтай жеңілдіктер ұсынылды. Енді АЭА жұмысын қайта бағыттап, өңдеуші өнеркәсіп, IT-сектор және жаңа технологияларды дамытуға көңіл бөлетін кез келді», деген еді Президент.
Биыл АЭА аясында 37,8 млрд теңге сомасына 19 жобаны пайдалануға беру көзделуде. Тағы осыншама өндіріс ошағы 2024 жылы іске қосылмақ. Олардың құны 18,3 млрд теңгеге жетеқабыл. Жыл басынан бері 7,8 млрд теңгені өнімі экспортқа шығарылыпты. Мысалы, парфюмериялық зауыт өз өнімінің 90 пайызын Әзербайжанға экспорттаған. Бұл әрине, еңсесін енді тіктеп келе жатқан қала экономикасы үшін тәуір көрсеткіш.
Алдағы уақытта АЭА жұмысы Президент айтқандай жаңа бағытта жанданып және ол кезегінде қала экономикасының дамуына елеулі үлес қосып жатса құба-құп.
Шағын бизнес, шыңдаған шаһар
Соңғы 20 жыл бедерінде қала аумағы 3 есе ұлғайып, тұрғызылған үй саны 19 есе көбейген. Халық саны 4 есе өсіпті. 20 жылда 20 республикалық және қалалық денсаулық сақтау нысандары, 300-ден астам балабақша мен мектеп бой көтерген. Қазіргі кезде қаланың тұрғын үй қорының көлемі 20 млн шаршы метрден асады. Жыл санап тұрғын саны да, тұтыну қуаты да өсіп келе жатқан қаланың билігі негізінен өңдеуші өнеркәсіпті, тамақ өндіру зауыттарын, құрылыс материалдарын, көлік және құрылғыларды, медицина және фармацевтикалық бағыттағы өндірісті, тоқыма бұйымдарын дамытуға мүдделі болып отыр.
Урбанизация үдерісі өте қатты жүріп жатыр. Жыл сайын Астанаға келушілер саны артып келеді. Сондықтан да бизнестің қанаты кеңге жайылып, шағын және орта бизнес үлесі молайып келеді. Дерек бойынша республикадағы ішкі жалпы өнімнің (ІЖӨ) 11 пайыздан астамы Астанада өндіріледі. Сондай-ақ елдің негізгі капиталына салынған инвестицияның 10 пайызы осы қалада қалыптасады. Қала экономикасының тең жартысын шағын және орта бизнес құрап тұрғаны да қуантады. Қазір оның үлесі 59 пайызға жеткен. Қала әкімі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, қаладағы ШОБ субъектісінің саны 209 мыңнан асқан.
«Бизнес 460 мың адамды жұмыспен қамтып отыр. Бұл – елордадағы экономикалық белсенді халықтың 71 пайызы. Біз кәсіпкерлерге жүйелік қолдау көрсететін бірқатар шараны қабылдадық, олар – АЭА мен индустриалды парк аумағындағы жеңілдіктер, түрлі бағдарлама бойынша грант пен кредиттер. Сонымен қатар «Astana Invest» инвесторлары үшін фронт-кеңсе жұмыс істейді. Инженерлік желілер тартуға, қажетті инфрақұрылым құруға көмек көрсетіліп жатыр. «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп қосымша қолдау шараларын қарастырамыз, соның ішінде бюрократиялық кедергілерді жоюды жалғастырамыз», деді әкім.
2022 жылдың қорытындысы бойынша қаланың жалпы өңірлік өнімі құрылымындағы ШОБ үлесі 75 пайызға жеткен. Бұл көрсеткіш бойынша елорда өңірлер көшін бастайды. Бизнесті қолдау мақсатында несие бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау да жүзеге асырылады. Аталған механизм бойынша былтыр кәсіпкерлер жобасын қолдауға 19,5 млрд теңге бөлінген еді. Жалпы, 2022 жыл үшін 102,2 млрд теңге сомасына 1715 субсидиялау келісімшартына қол қойылған. Бұдан бөлек, несиеге ішінара кепілдік беру тетігі де жұмыс істеп тұр. Өткен жылы кәсіпкерлер рәсімдеген 1 526 кредитке кепілдік ұсынылған.
2022 жылдың соңындағы дерек бойынша жалпы өңірлік өнім көлемі 3 600,0 млрд теңгені құраған. 2021 жылмен салыстырғанда 3,1 пайызға өсім көрсеткен.
Қала кәсіпкерлік қызмет үшін қолайлы ма?
Жергілікті биліктің инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасап отырғанын айта кету қажет. Мәселен, кәсіпкер жер және мүлік салығын, бажды төлемейді, әкелінген тауарға қатысты нөлдік қосымша құн салығы (ҚҚС) қарастырылған, сондай-ақ корпоративті табыс салығы бойынша да нөлдік мөлшерлеме жұмыс істейді. Сонымен бірге дайын инженерлік инфрақұрылымы және көліктік логистикасы бар өндіріс объектілері үшін жер учаскелерін тегін қосалқы жалға алады. Мұндай мүмкіндікке ие болу үшін қажетті құжаттар мен өтінімді тіркеп, мемлекеттік органға жолдаса жетіп жатыр. Жауап 10 күн ішінде беріледі. Әрине, жолдағандардың бәрі бірдей талапқа сай келмеуі мүмкін. Кәсіпкерге қойылатын негізгі талап – өндіріске салатын инвестиция көлемі, жұмыс орындарының саны және импортты алмастыру пайызы.
Қала әкімі айтып өткендей, грант жүйесі де жұмыс істейді, оның ішінде конкурстық негізде ШОБ субъектілері үшін 5 млн теңгеге дейінгі грант ұсынылады. Бұл орайда ынталы кәсіпкерлер жаңа бизнес-идея ұсынуға тиіс. Қолдаудың тағы бір тиімді тетігі – экономиканың басым саласындағы ШОБ нысаны территориясына қажетті инфрақұрылымды жеткізіп беру жайы. Биыл бұл бағытта 3 жоба қолдау тапқан. Оларға қажетті инфрақұрылымды жеткізу үшін 1,9 млрд теңге қарастырылыпты.
Мамандар 2030 жылға таман шаһар тұрғынының саны 2 миллионға жетеді, ал 2050 жылға таман 3 миллиондық белесті бағындырады деп болжап отыр. Бұл болжам тіпті мерзімдерінен бұрын да орындалып қалуы бек мүмкін. Осы орайда Астана бірнеше бағытта қатар дамуға мәжбүр. Ол бағыттардың бірі де бірегейі – адами капитал болса, екіншісі – креативті экономика. Мемлекет басшысы атап өткендей, Астана смарт қалаға айналуға тиіс. Қазіргі даму қарқынынан ажырамаса, елорданың жақын келешекте жаһандық сауда ағынының хабына, ірі тұтынушылық нарыққа және маңызды көлік-логистикалық орталыққа айналу мүмкіндігі орасан. Аталған үш бағыттың өркен жаюы қала қазынасын қалыңдатып, түрлі жобалардың кедергісіз жүруіне жол ашады.